Нұр-Сұлтанның «Пирамидасы» сусыз қалды, ал бас инженер жауап беруге неге қорқады?
Нұр-Сұлтанның «Пирамидасы» сусыз қалды, ал бас инженер жауап беруге неге қорқады?
5,161
оқылды

Ел «Пирамида» атап кеткен Бейбітшілік және келісім сарайында бірнеше күннен бері су жоқ. Дәретханалар кілттеулі. Мәселенің мән-жайын білу мақсатында ғимараттың бас инженеріне қоңырау шалдық. Алайда, ол бізге жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Қас қылғанда, бас инженердің өзі аты-жөнін айтып еді, диктофонға анық жазылмай қалыпты. Шаруасы басынан асып жатыр ғой, мазалай бермейік деп, қабылдау бөлмесіне қоңырау соғып, бас инженердің аты-жөнін сұрадық. Қызық осы тұста басталды, қабылдау бөлмесіндегі қыз бас инженердің аты-жөнін айтпаймын деді. Арадағы әңгіме төмендегіше өрбіді:

– Ол сізге жауап берген жоқпын деді, мен атын айта алмаймын.

– Бас инженердің аты-жөні құпия ақпаратқа жатпайды, неге жасырасыз?

– Мен сізге директорды қосайын, – деп оңай құтылды. Директордың міндетін атқарушы Ділбар Әмірова бас инженердің журналистерден қатты қорқатынын мойындады.

Директормен әңгіме:

– Бас инженер мән-жайды сұрайық десек, ешқандай ақпарат бермеймін деп жатыр.

– Қорқады. Бәрі журналистерден қорқады.

– Неге қорқады? Судың жоқ екені рас па деген бір ғана сұрақ қойылды. Ол «возможно» деді.

– Ойымды дұрыс жеткізе алмай қаламын ба деп қорқады. Екінің бәрі сауатты сөйлей алмайды ғой, түсініңіз, оның үстіне, ол – инженер. Құбыр желісінен басқаны білмейді.

– Сауатты сөйлеуге мамандықтың қатысы жоқ. Дәл қазіргі уақытта дәретханаға бара алмай отыр жұрт.

– Дәретхананың бәрі ашық, ыстық су бар, тек суық су жоқ. Түстен кейін сағат 4-5-те барлық қабатта су беріледі.

Директор осылай деді, ал «Астана су арнасының» апатты жою қызметі басқаша жауап қатты:

– Бейбітшілік және келісім сарайында бірнеше күннен бері су жоқ, неге?

– Авария болып жатыр. Аварияға байланысты су беру тоқтатылды.

–Су қашан беріледі?

– Белгісіз...