Сұлбасы – сұрықсыз, жобасы – ғұрыпсыз
Сұлбасы – сұрықсыз, жобасы – ғұрыпсыз
156
оқылды

Ұлытауда көкбөріге ескерткіш қойылды. Идея авторы әрі мүсіншісі – Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі Амантай Меңдіғалиев. «Ұлытау көкбөрісі» атанған ескерткіштің биіктігі – 9, 70 метр, оның ішінде мү­сіннің биіктігі – 6 метр, ал тұғыры – 3,70 метр. Көкбөрі мүсінінің жеке салмағы 2 тонна болса, тұғырымен қоса есептегендегі салмағы 5 тонна шамасында. Ішкі құрылымы темірден әзірленіп, жалпы бітімі 60 градус суыққа да, ыстыққа да шыдас беретін ескерткіш пластик материалдан құйылып жасалған деседі. Әрине, көкбөріге ескерткіш қойғанына қарсылығымыз жоқ. Мәселе – мүсіннің орнағанында емес, мазмұнында...

«Ұлытау көкбөрісін» әлемде жоқ тең­дессіз туынды санап, Гиннестің рекордтар кітабына енгізбек. Қасқыр мүсіні Ұлытаудан 35 шақырым жерде – Жез­қазғанға апаратын жол бойында жолау­шылар тыныстайтын «Күмісбұлақ» де­малыс орны аумағында орнатылған. Жаңа нысан – Ұлытауды халықаралық этно­туризм орталығына ай­налдыру бағытында қолға алынған жоба­лардың бірі. Ескерт­кішке әкімдік тарапы­нан қаржы бөлін­беген. Көкбөрінің ескерткіші туралы сан алуан пікір бар. Бірі – мүсіннің қасқырға ұқсамай қалғанын айтып жатса, енді бірі оны «Маша мен аю» мультфильмінің кейіпкеріне ұқсатқан. Әлеуметтік желіде «Идея күшті, бірақ қасқырыңыз онша емес» деп сын айтқандар болды. Ақын Абзал Бөкен: «Мұнда көкбөрінің түркінің тұнық тілегін мойнын соза, үнін үзілдіре жеткізуші бөрі емес, бар «ықыласы» кезекті бір жемін баспалап бақылаған аласа тірліктің иесін көргендейміз. Жоғарыда ақын айтқан айбарлы көрініс, астарлы мән жоқ» деп жазады. Кейбірі ескерткіштің дұрыс қойылғанын, қазір көкбөрінің тұ­қымы құрып бара жатқанын айтады. «Бүгін біраз адам Ұлытауға «Көкбөрі ескерткіші орнатылды» деп хабарлап жатыр. Ескерт­кіштің дизайнына емес, осы қасқырдың бар-жоғына көңіл бөлген дұрыс. Бүгінде Ұлытауда қасқыр атқыштар көп. Осы ескерткіш қалай болса да, солардың сана­сына жетеді деп сенейік» деп жазды Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында. Дегенмен Ұлытауды этнотуризм орта­лығына айналдыру мақсатында қойылған дүниенің сапасы жоғары болғаны дұрыс еді...

Ағаш Мәншүк, «эротикалық» мүсін

Тұғырлы тұлғаларға ескерткіш орна­ту – әр ұлттың міндеті. Бұл тұрғыдан келгенде ұлтымыз ешбір елден кенде емес. Елдің қай түкпіріне барсаңыз да, алдыңыздан сан алуан ескерткіш шығары ақиқат. Өткен өмірінде елге, халыққа өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаларды ұмыт қалдырмаған дұрыс. Бұл біздің тарихты айрықша баға­лайтынымызды көрсетсе керек. Кейде асығыс­тық танытып алатынымыз болмаса. Расында да, кей ескерткіштер асығыс-үсігіс орнатылады. Тастұғыр үстіндегі кей­бір бейнелер атаулы тұлғаның кескін-кел­бетінен алшақ кетіп жататыны жасырын емес. Мүсін орнатуда осындай олқылықтар көбейіп кетті. Неге бұлай? Бұл, әлде көз арбау ма, әлде қабілетіміз осыған ғана жете ме? Тарих ғылымдарының кандидаты, ға­лым Өмірбай Бекмағанбетов бір пікірінде: «Тәуелсіздіктің көк байрағы қолымызға тиген­нен кейін ой мен жазу еркіндігі сал­танат құрды. Өткенімізде ізі қалған есіл ер­леріміздің есімі қайта жаңғырды. Оларға арналған ескерткіштер бой көтерді. Осы тұста, бір көзге оғаш көрінгені сап түзеген хан, би, батырларымыздың ескерткіштеріне тән нәрсе – өзара ұқсастығы. Түр-түсі, атқа мінісі, киімі, қолындағы қару-жарағы. Менің ойымша, сәулетшілеріміздің көзден таса қылғаны әр ғасырдағы бабаларымыз­дың өміріндегі ерекшеліктерді індете қарастырмауы. Жасаған дүниелерін тарих­шы, археолог, антрополог, мәдениеттанушы мамандардың тезінен өткізбегені. Тарихи тұлғалардың ішінде кешенді зерттеулер жүргізіп, антропологтер бет-бейнесін жа­са­ған Абылайды, Махамбетті атауға болар еді», – дейді. Қателік неден кетеді? Ең басты қателік – көркемдік кеңестен өтпеуінде. Келісім болмауында. Осыған дейін қаншама ескерткіш пен мүсін әлеуметтің сынына ұшырады. Мәселен, Семейдегі Мәншүк Мәметованың ағаштан жасалған мүсінін алайық. Бұл мүсін әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Қала тұрғындарының қарсы­лығынан соң ғана мүсінді алып тастады. Егер қарсылық болмаса, Мәншүктің ағаш мү­сіні сол жерде қала берер ме еді, кім біл­сін?! Мәншүктің келбетін Шығыс Қазақ­стан облысы Зырян қаласынан келген ерлі-зайыпты мүсіншілер Иван және Юлия Куртуновтар жасаған екен. Юлия Куртунова мұның Семей әкімі Ермак Сәлімовтің бастамасы екенін де айтқан. Елордадағы «эротикалық» мүсін де көп­шіліктің талқылауына түскен. Әлеу­меттік желіні дүрліктірген «Ғашықтар мүсіні» ғашықтар саябағында орналасқан. Кейбіреулер мүсінге апарып мата да жапқан-ды. Даулы ескерткішке қатысты экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Комиссияның құрметті мүшелері мүсінге мата жапқандарына қарағанда оптимистік көзқараста. Олардың пікірінше, айтарлық­тай ережебұзушылық немесе көз тоймай­тындай жалаңаштанған ештеңесі жоқ. Бар­лығы бұл туындыға жоғары баға беріп отыр» деген еді. Суретші-сәулетші Жанұзақ Мүсәпір бұл композиция туралы: «Ерболат Төлеп­байдың «Ғашықтар» ескерткіші біраз сын­ға да ұшырады. Жалаңаштанған деп жаз­ғырыл­ды да. Бірақ кәсіби суретші ретінде айтылған сындарға келіспеймін. Өнер туындысына өнер талабымен, эстетикалық талғам өлшемінде қарау керек деп ойлай­мын», – дейді.

«Қонаевқа» сын айтты

Алматы облысында бой көтерген Қазақ КСР Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың жаңа ескерткіші Қазнет қолдану­шы­ларының сынына ұшыраған. Сын айт­қандардың қатарында қайраткердің туыс­тары да бар. Мемориалдың «оғаш» фор­масы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кемшіліктерді алғашқы болып қазақ мү­сіншісі Олжас Мұхамеди байқаған екен. Ол: «Мен Қазақстандағы ескерткіштер мен мүсіндер туралы мәселені көптен бері көтеріп келемін, бірақ бәрі риза сияқты. Бұл жолы кемшілікті өздері де байқайтын шығар. Өз ұсынысымды 60 адамнан тұра­тын мүсіншілер тобының атынан беруге дайынмын» деп жазды мүсінші. Көпшілік пікірінен кейін Алматы облысы Мәдениет басқармасы Дінмұхамед Қонаев ескерт­кішін орнату жұмыстарын тоқтатқан еді. 2014 жылы Өскеменде Абай мен Евгений Михаэлиске арнап ескерткіш орнатылған. Бұл ескерткіш те бірінші күннен-ақ әлеуметтің қызу талқысына түскен. Қазнет қолданушылары Абай мен Михаэлис суретте селфи жасап жатқандай көрінетінін, мүсіннің ергежейліге ұқсап қалғанын мысалға келтірген. Кейінірек Абай мен Михаэлиске қойылған даулы ес­керткіштің алып тасталғаны белгілі болды.

Қазір ондай талап жоқ

Мүсінші Дулат Үсенбаевтың айтуынша, «бірінші мүсіншілер арасында белгілі бір тақырыпқа немесе көрнекті тұлғаның ескерткішіне әкімдікте байқау жария­ланады». «Жеңімпаз жұмыс Нұр-Сұлтан қала­сында мемлекеттік комиссияда бе­кі­тіледі. Ал шағын архитектуралық формалар мемлекеттік комиссиядан өтпейді. Бірақ қойылатын орны заңмен бекітілуі керек. Менің ойымша, деңгейі төмен жұмыстар мемлекеттік комиссиядан өтпеген, өңірлік әкімдіктерде шешілген жұмыстар деп ойлаймын. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде шығармашылыққа талап жоғары болатын. Көркемдік кеңес жұмыс істеген, електен өткізген. Қазір ондай талап жоқ», – дейді. «Егер ескерткіш алып тасталса, оған мү­сінші жауап бере ме?» деген сауалымызға: «Оның бәрі заң аясында шешілуі тиіс. Жұмыс қойылмай тұрып, екі жақ келі- с­імшарт жасайды. Келісімшартта жазылған талаптарға сай жұмыс қабылданады. Ал мүсін алып тасталған жағдайда, бұл – мүсінші үшін үлкен сын», – дейді Дулат Үсенбаев.

P.S. Тұғырлы тұлғаға қойылатын ескерткіш не болмаса шағын архитектуралық формалар мемлекеттік комиссиядан өткізілгені дұрыс. Қалада не далада қойылатын кез келген мүсін, ескерткіш, бюст болсын, барлығының да көркемдік талабы жоғары болуы тиіс. Мұны Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы көркемдік кеңес ретке келтіріп, талқылап, бекіткеннен кейін ғана жоба жүзеге асырылғаны жөн. Ескерткіш бір-ақ рет тұрғызылады. Ол – елдің зердесі. Мем­лекеттік өлшем, мемлекеттік стан­дартпен бекітіліп, шығармашылық талап қойылса, мұндай олқылықтар болмас еді.

Айым БЕКТҰР