Алты баласын алып, Сирияға кеткен

Алты баласын алып, Сирияға кеткен

Нұрлан Қамалов бес жыл бойы Сирияда террористер құрамында соғысып, кейін тұтқынға түседі. Ол лаңкестер тобына өзімен бірге отбасын алып кеткен. Бұл туралы ол Adil ukim YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты. Тengrinews.kz тілшісі Нұрланның Сириядағы өмірі жайлы баяндаған сұхбатын ұсынады.

41 жастағы Нұрлан Қамалов – алты баланың әкесі. Оның діни нанымы интернет арқылы қалыптасыпты. Интернеттен «Ислам мемлекетінің» идеологтары жасаған бейнероликті көреді. Түркістан облысының тумасы өзінің көзқарасымен келіспейтін туыстарының бәрін де мойындамаған. Сол үшін есімін де өзгерткен – Нұрланды Абабдулаға ауыстырған. Осылайша, Қамалов 2013 жылы отбасымен бірге Сирияға аттанған.


«Араб мемлекетінде тұрғым келді. 2011 жылы Дубайға кеттім. Ол жақта қымбат болды. 2013 жылы Сирияға қоныс аудардым. Діни білімсіздікпен «Ислам мемлекетін» құрамыз дедік. Араб әмірлерінің бұйрығымен сонда болдық. Ол жаққа барған адамның бәрі қару ұстайды, соғысқа қатысады, басқа да қызметтер істейді», - дейді ол. Сол жақта ол әскери дайындықтан өткен. ДАИШ құрамында Сирия мен Ирактағы ұрыстарға қатысқан. Калашников автоматын қолданғанын айтады. «Сол жақта жүргенім дұрыс шығар деп ойладым. «Қазақ жамағатында» болдым, бірақ онда тек қазақтар болмады. Дағыстандықтар, шешендер бірге болдық», - дейді Қамалов. 2018 жылы ол күрд әскеріне тұтқынға түсіп, бірнеше айын сонда өткізген. Кейін «Жусан» арнайы операциясы аясында елге оралған. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің «Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу» бабы бойынша айып тағылған. «Өкінетін жағдайым – діни білімім жоқ. Үлкен саясатқа түстік пе деп ойлаймын. Анамнан сабыр қылсын деп сұраймын», - дейді Нұрлан Қамалов.

https://youtu.be/njGqc5dinVc