Қордай ауданына 70 жыл күткен көгілдір отын кірді
Қордай ауданына 70 жыл күткен көгілдір отын кірді
132
оқылды

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай Жамбыл облысы Қордай ауданында қарқынды инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Соның бір бағыты елді мекендерді газбен қамту болатын.

ҚазТрансГаз» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Ис­майлов­тың айтуынша, бұл жоба өте тез іске ас­қанымен ерекше.

– Президенттің тапсырмасына орай «Қаз­ТрансГаз» АҚ Жамбыл облысы әкім­дігімен бірлесе отырып, Қордай ауда­нындағы Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасу, Өтеген, Қызылсай, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 елді мекендеріне газ құбырларын тарту жұмысын аяқтады. Құрылыс жұмыс­тары биылғы маусым-қазан айларын қамтып, небәрі 5 айда бітіп отыр. Бұл өте тез әрі сапалы салынған газ құбыры саналады.

Барлық жүргізілген газ құбырының ұзын­дығы 392 шақырым болса, бұл 7 000-нан астам отбасы мен 274 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды табиғи газға қосуға мүмкіндік берді. 42 шақырым болатын құрылыстың бірінші кезеңінде жоғары қысымды газ құбыры инвестициялық бағдарлама есе­бінен «ҚазТрансГаз» АҚ күшімен са­лынды. 31 шақырымдық екінші кезең жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілді. Ел-жұрт көптен күткен көгілдір отын қазан айында Қарасу және Өтеген ауыл­дарының тұрғындарына берілсе, Тәуел­сіздік күні қарсаңында 57 мыңнан астам тұрғыны бар 8 елді мекенге құбыр тар­тылып, үйлер табиғи газға қосыла бастады.

– Мемлекетіміздің басты ұстанымы – халықтың жағдайын жақсарту. 70 жылдан астам уақыт бойы Қордайды газбен қамту мәселесі шешімін таппай келді. Осы жылды тарихи деп атауға болады. Ел Президенті қолдауының арқасында 100 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның 22 ауылын газдандыруға 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде, қордайлықтарды көгілдір отынмен қамту деңгейі 47 пайыздан 95-ке дейін көбейеді. Мұндай ауқымды жұ­мыстар бұл аймақта бұрын-соңды жүр­гізілген жоқ, – деді өңір басшысы Бер­дібек Сапарбаев.

Негізі, ауданға газ құбырын тарту жұмыстары «Қордай» автоматты газ тарату стансасын жаңарту жұмыстарымен қатар жүргізілді. Газ өткізу мүмкіндігі арт­қан станса тағы 7 елді мекенді газ­дандыруға мүмкіндік береді. Биыл Қордай ауданы елді мекендерін жаңғырту жұмыстарына қазынадан 35 миллиард теңге бөлінген. 400-ге жуық жоба жүзеге асырылып, 4 500 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, Өтеген, Қарасу ауыл­дарының ауызсу мәселесі шешілер күн алыс емес. 360 пәтерлік 5 үйдің құрылысы қолға алынып, Қаракемер ауылындағы 20 үйдің құрылысы аяқталды. Келер жылы Қордай ауылынан 880 пәтерлік 6 тұрғын үй, 20 жер үй тұрғызыл­мақшы. Олардың кілті ең бірінші көп­балалы, аз қамтылған отбасылармен қатар, жас мамандарға, медицина, полиция, білім саласының қызметкер­леріне тапсырылады. Өңір тұрғындарының атынан сөз алған «Қоғамдық келісім Кеңесінің» төрағасы Әбдібек Сейілханов болса, мұның бәрі ең бірінші бірлігіміз бен егемендігіміздің арқасы екенін айта келе, ауылдағы ағайынның мұңына құлақ түрген Пре­зидент­ке және облыс әкіміне алғысын білдірді. Салтанатты шарада газ құбырының ал­ғашқы алауы тұтанып, одан кейін қа­тысушылар Алтын Орда көшесі бойында орналасқан Мадина Молдажанованың газбен маздаған отбасы тіршілігімен танысып шықты.

– Көптен күткен көгілдір отынды маз­датып, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Осындай игі іске тек қуанамыз. Көмір азабын ұмытсақ деген арманымыз орын­далып тұр. Әсіресе, бала-шағасы көп мен­дей аналардың қуанышында шек жоқ. Сортөбе ауылына газ кіргізген барша азамат­қа алғыстан басқа айтарым жоқ. Жа­саған жақсылық­тарыңыз өздеріңізге еселеніп қайтсын, – дейді көпбалалы ана.

Аяз түсіп, қара суық басталған шақта әр үйге жылу мен шаттық сыйлаған газ мамандарының еселі еңбегін атап өткен абзал. Ауыл тұрғындарын қуанышымен құт­тықтаған газ саласының мамандары өз кезегінде қа­уіп­сіздік ережелері жазылған жады­намалар таратты. «Газ тұтыну – ыңғайлы, бірақ оны пайдалану кезінде қауіпсіздік шаралары бірінші кезекте тұруы керек», – дейді мамандар.

Жамбыл облысы,

Саятхан САТЫЛҒАН