GGG рекордтық 21-титулын қорғай ала ма?
GGG рекордтық 21-титулын қорғай ала ма?
124
оқылды

АҚШ-тағы айқаста отан­дасымыз польшалық бокс­шы Камил Шереметамен жұдырықтасады. «Тойдың бо­ларынан боладысы қызық» демекші, бұл кездесу әртүрлі жағдайға байланысты жос­пар­ланған уақыттан бірнеше рет кейінге шегеріліп келді. Түрлі әңгіме өрбіді. Тіпті, осы жылы да өтпеуі мүмкін деген сыбыстар тарады. Бірақ DAZN бәрібір өз дегеніне жетті.

Көптен күткен Головкин мен Шеремета жекпе-жегі 18 жел­тоқсан күні Голливудта (АҚШ, Флорида) өтеді. Отандасымыз GGG орта салмақтағы IBF және IBO чемпиондық белбеулерін сарапқа салады. Осы орайда, қос боксшының жеңіске жету мүмкін­дігіне аз-кем талдау жүргізіп көре­лік.

Бастапқыда «Головкин неге әл­сіз қарсыласты таңдады» деп Генаны сынағандар болды. Алайда Шеремета осал қарсыластардың қатарынан емес екенін айтқымыз келеді. Әрі жарыста үнемі үздіктер жеңе бермейтініне тарихтағы ай­тулы жекпе-жектер дәлел. 21 кез­десудің барлығында жеңіске жет­кен ол алдағы айқасында даңқты боксшыны жеңіп, айды аспанға бір-ақ шығарамын деп журналис­терге бірнеше рет сұхбат берді. Оның үстіне, алдыңғы айқасында Головкин Деревянченконы айқын басымдықпен жеңе алмағаны тағы бар. Сондықтан кейбір мамандар бәсеке алдында «бұл GGG бұрын­ғыдай мықты емес» деп те болжам жасады. Дей тұрғанмен, спорт мамандары мен сарапшылардың ба­сым бөлігі Генаның Шереме­таны жеңетініне бек сенімді.

Бокстан КСРО чемпионы, танымал қазақстандық жаттық­тырушы Эдуард Матросовтың да алдағы жекпе-жек туралы пікірін білдік.

– Мен әдеттегідей Геннадий Головкиннің жеңісін күтемін. Жекпе-жекте бәрі де болуы мүмкін, бірақ оның әлеуеті мен мүмкіндігі жоғары. GGG жеңуі керек, өйткені көпшілігі оған үміт артады және оның жеңгенін қалайды, – дейді бокс маманы.

Қазақстандық боксшы Серік Сәпиев те отандасының оңай жеңіске жететінін айтып отыр. Ол алдағы жекпе-жекті Головкиннің уақытынан бұрын аяқтайтынына сенімді.

– Шеремета GGG үшін қа­рымды қарсылас емес. Егер поляк боксшысы орта қашықтықта агрессивті жекпе-жекті өткізсе, онда алғашқы раундтың бірінде нокаутпен жеңілуі мүмкін. Мен Геннадий 4-5-ші раундта полякты нокаутқа жібереді деп ойлаймын, – деді Сәпиев.

Букмекерлік кеңселер де қа­зақстандық боксшыға айқын басым­дық берді. Мысал ретінде айтар болсақ, бұл айқас үшін Parimatch букмекерлік кеңсесі Головкиннің жеңісіне – 1,03, Шереметаның жеңісіне – 10, тең ойын есепке 29 коэффициент ұсынған. Алайда бұл болжаммен келіс­пейтін мамандар да бар. «PRO-box Вадим Гринихпен бірге» Youtube арнасының жүргізушісі Вадим Гриних польшалық боксшы Голов­кинді жеңеді деп бәс тіккен.

– Бұған дейінгі 21 кездесуінің бәрінде жеңіске жеткен, шаршы алаңда тек бірінші нөмірмен жұ­мыс істеуге дағдыланған Шере­мета бұл жолы да қарсыласын кері шегінуге мәжбүрлеп, алға ұм­тылады. Сонымен қатар мен оның қиын жағдайда өзін-өзі қанша­лықты басқара алатынын жақсы білемін. Сондықтан алдын ала жеңісті Головкинге бермеңіздер. Керісінше, польшалық боксшы бұл кездесуін нокаутпен аяқтайды, – деп сенімді сөйледі пікір иесі.

Көпшіліктің пікірін жоққа шығаруға бел буған Камил Шеремета да қарсыласының атақ-даңқынан қаймықпайтынын, мықтылығын алаңда дәлел­дей­тінін жеткізіп бағуда.

– Тағатсыздана күткен жекпе-жек уақыты да таяды. Кездесуге то­лықтай дайынмын деп айта аламын. Рингке шығар сәтті асыға күтудемін. Кездесу осы жылы өт­пей қала ма деген де қорқыныш бол­ды. Өйткені менің жаттық­тырушымнан таяуда коронавирус анықталды. Ем алып, ауруынан жазылып шықты. Айта кетейін, бұл жекпе-жекке бір жыл дайын­далдым. Сенсация жасауға бар күшімді саламын. Чемпиондық белбеуді Польшаға алып кету үшін шаршы алаңда мықтылығымды дәлелдеймін. Маған сеніңіздер, жанкүйер болыңыздар, – деді Шеремета RingPolska.pl сайтына берген сұхбатында.

Ал Головкиннің кездесу ал­дын­да қарсыласы туралы көп сөз айт­пай­тыны о бастан белгілі. Отан­дасымыздың бар күшті шар­шы алаңда салатынына талай мәр­те көз жеткіздік. Бір байқа­ғанымыз, екі боксшы да жекпе-жекке тыңғылықты дайындалып, жаттығу жұмыстарын қарқынды түрде жүргізді. Әне-міне дегенше АҚШ-тағы айтулы аренада атой салады. Шашасына шаң жұқ­тырмаған жүйріктердің текетіресін көруге біз де асықпыз. Орта сал­мақтағы IBF және IBO World ти­тулдары кімге тиесілі екенін осы жекпе-жек анықтап береді. Тақым қысар сәт жақын. Қапы қал­маңыздар!

Абылайхан ЖҰМАШ