Әлеуметі мен әлеуеті мықты елдің – келешегі жарқын
Әлеуметі мен әлеуеті мықты елдің – келешегі жарқын

Әрбір Жолдаудың жариялануы – біздің қоғам үшін мемлекеттік деңгейдегі маңызды оқиға.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы тың идеяларға толы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі көтеруге арналған. Жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда атқарылатын жұмыстар кезең-кезеңімен қарастырылған. Еліміздің жарқын болашағына арналған стратегиялық құжат ел дамуының аса өзекті мәселелерін анықтайды, оларды шешудің нақты жолдары мен шараларын көрсетеді, қоғамның одан әрі үдемелі дамуының бағыттарын айқындайды. Нақты жоспар, мықты стратегиялық дамуға сүйенген Жолдау - Қазақстан дамуының жаңа көкжиектерін белгілеуімен құнды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметтің алдағы уақытта күш-жігері бағытталатын бес негізгі саланы атап өтті. Оның ішінде кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, білім, денсаулық, заң, тағы басқа салаларға жеке-жеке тоқталған. Халықтың әл-ауқатын мен тұрмысын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген бұл Жолдауда денсаулық саласы да жан-жақты қамтылды.

Әрбір жыл сайынғы жаңаша бағыттағы Жолдауы халық назарынан тыс қалмай, онда көтерілген өзекті мәселелер шешімін тауып, нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Соның бірі - денсаулық сақтау саласын цифрландыру Педиатрия орталығында Елбасы Жолдауы аясында іске асуда. Орталық қағазсыз форматқа, яғни медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшу жыл басынан бері басталып кетті. Қазіргі таңда клиника толығымен компьютерлермен қамтамасыз етіліп, дәрігерлер арнайы оқыту дәрісінен өтті. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру медицина қызметкерлерінің еңбек өнімділігін ұлғайтып, халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейін арттыруға ықпал етуде.

Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы, ең маңызды бағыттардың бірі. Бұл тарапта Жолдауда ұлт саулығын нығайтуға баста назар аудару қажеттілігі атап өтілген. Мемлекет басшысы: «Салауатты өмір салтын ұстанып, барлық жастағы топтар үшін бұқаралық спортты дамыту қажет. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымдардың толыққанды қолжетімділігін қамтамасыз етілуі тиіс. Бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді жоспарды қабылдау қажет», деп атап өтті. Бұл өз кезегінде тұрғындардың, барша қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуға ықпал етпек. Жалпы әр Жолдауда дәрігерлер мен биліктің алдына саналы ұрпақ тәрбиелеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, аурудың алдын-алу шаралары бойынша үлкен міндеттер қойылады. Азаматтың дені сау болуы салауатты өмір сүруді қалыптастырумен тікелей байланысты. Салауатты өмір салтын қалыптастыру – денсаулық кепілі. «Бірінші байлық – денсаулық» болғандықтан, әрбір адам өз денсаулығына деген жауапкершілікті қарағаны абзал. Алайда, халық ішінде бұл сөзге жете мән берілмей келе жатқаны жасырын емес.

Жолдауда сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға, ана мен бала өлім жітімін азайтуға аса маңыз берілді. Балалар денсаулығын қорғау денсаулық сақтау саласының, мемлекет пен қоғамның ең өзекті және ең маңызды мәселелерінің бірі. Ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша басымдық берілген стратегиялық шаралар 2016–2020 жылдарға арналған ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру арқылы өз шешімін тауып, соңғы жылдары балалар мен нәрестелер өлім-жітімі көрсеткішінің төмендеуіне мүмкіндік беруде.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы 2002 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бекітуімен балалар хирургиясымен бірге республиканың педиатриялық қызметі бойынша басты әдістемелік, ғылыми-практикалық және консультациялық орталығы етіп белгіленген. Орталық 2016 жылдан бері ұдайы Қазақстан Республикасында балалық шақ және босандыру қызметінің біріктірілген моделін енгізу және жұмыс тиімділігін арттыру жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру бойынша, сонымен қатар білім беру ұйымдарында оқитындарға медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру, Қазақстан республикасында балалар онкологиялық және гематологиялық қызметін жетілдіру, Қазақстан республикасындағы балалардың сирек кездесетін (орфандық) ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа стандарттарын енгізу жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жүргізеді.

Бұған дейін орталық Оңтүстік-Батыс өңірлерге жетекшілік етсе, бүгінде бүкіл республика бойынша барлық облыстарға мониторингілеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмыстар жыл бойы атқарылады. Орталықтың мамандары күрделі мәселелерді анықтау, консультациялық-практикалық көмек көрсету және балалар мен нәрестелер өлім-жітімін азайту бойынша шұғыл түрде тиімді шараларды әзірлеу мақсатында жетекшілік ететін облыстарға шығып тұрады. Жол карталарын іске асыру аясында барлық облыстарда қатерлі дертті анықтау, пульмонология, неонатология, сирек кездесетін аурулар және т.б. салалар бойынша оқыту дәрістерін, шеберлік-сыныптарын өткізеді. Дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру бойынша жұмыстар жыл бойы жоспар бойынша атқарылады. Аймақтарға арнайы оқу-әдістемелік құралдары, бейнероликтер, әдістемелік ұсынымдар, ата-аналарға арналған жаднамалар дайындалады.

Шұғыл консультациялық көмек көрсету үшін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына тасымалдауды қоса алғанда, тек 2014 жылдан бері Орталықтың реаниматолог, кардиохирург, пульмонолог, неонатолог және т.б. мамандары еліміздің түрлі аймақтарына 79 рет ұшу сапарларын жасады. Диагностикалау және емдеу тұрғысынан жағдайы ауыр науқастарға 2018 жылы — 320 телеконсультациялар өткізілді. Аталмыш Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік деңгейдегі Стратегиялық шаралар балалар мен нәрестелер денсаулығын нығайтуға ықпал етері сөзсіз деп білемін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге ерекше көңіл бөлді. Бұл жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл ретте тегін медициналық көмек әрбір қазақстандық үшін қолжетімді болады. Медициналық көмектің кепілдендірілген тегін көлеміне барлық шұғыл көмек кіреді. Алғашқы медициналық-санитарлық, жедел және паллиативтік көмек, санитарлық авиацияның барлығы кепілдендірілген пакетте қалады. Тегін пакетте, сонымен қатар әлеуметтік маңызды аурулар, жоғары мүгедектік пен өлімге әкелетін психикалық бұзылулар, жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, онкология, қант диабеті секілді 25 негізгі созылмалы жұқпалы емес аурулар кезіндегі медициналық көмектің толық тізімі қарастырылған. Бұл жағдайда консультациялық-диагностикалық, стационарды алмастыратын, жоспарлы стационарлық көмек, амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және туберкулез кезінде медициналық оңалту тегін болады. Балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көп балалы аналар секілді 15 жеңілдікті санат ақысын мемлекет төлейді. Ал, жалдамалы жұмысшылар, жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өзіне өзі төлейтін болады.

Осы қызметтердің барлығы сақтандырылғандар үшін сақтандыру пакетінде қолжетімді болады. Бұл пакеттерді одан әрі кеңейту үшін халық медициналық сақтандыру жүйесіне белсенді қатысып, жүйеге ай сайынғы жарналар мен аударымдарды жасауы өте маңызды. Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін құру, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері медицина саласына оң серпін беріп қана қоймай, халықтың денсаулығын нығайтуда және өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. МӘМС жаңа жүйесі адамдардың жеке шығындарын екі есеге азайтуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етпек. Бұл өз кезегіне медицина саласына тың серпін берері сөзсіз.

Ел жағдайын жақсартып, экономиканы дамытуға серпін беретін, жан-жақты саланы қамтыған маңызды құжат болашаққа сенім ұялатып, тың бастамаларды жүзеге асыруға жетелейді деп ойлаймын. Сондықтан, ел игілігіне арналған маңызды құжаттың жалпы қарапайым халықтың ойынан шығып, жүрегінен орын алары сөзсіз. Елдің алдағы бағыт-бағдары айқын. Ендеше, тек жоспарлы жұмыстарды біріге атқарып, табысты орындалуы үшін әр қазақстандық өз үлесін қосса, ол ел дамуына игі әсерін тигізері сөзсіз.

 

Риза Боранбаева,
Педиатрия және балалар хирургиясы
ғылыми орталығының басшысы