Жас көрермен театры ашылды
Жас көрермен  театры ашылды
683
оқылды

Театрдың ашылуы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында және ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов: «Бұл – қастерлі мереке қарсаңында қуанышты жаңалық. Қалада бірнеше театр бар, бірақ жас жеткіншектерге арналған театр жоқ екен. Осы орайда, мәдениет және өнер мамандарымен ақылдасып жаңа театр құруды жөн деп шештік. Театрдың ашылуы Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің тарапынан да қолдау тапты», – деді.

Жұмысын биыл 1 қазанда бастаған театрға кастинг арқылы 50-ден астам жас артист таңдап алынды. Нұр-Сұлтан қаласы музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров: «Әрине, әр театрдың өз ерекшелігі болуы керек, бұл театр өзінің музыкалық жанрымен ерекшеленеді. Біздің театрдың аналогы тек Мәскеуде ғана бар. Мақсат – жасөспірімдер мен жастарды өнерді сүюге үйрету, баулу. Олардың бойына музыкалық, эстетикалық қасиеттерді сіңіру. Алдағы уақытта жаңа театр сахнасында әлемдік және отандық туындылар қойылатын болады. Жалпы, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында қалалық деңгейде 6 және республикалық деңгейдегі 3 театр бар», – деді.

Театр шымылдығы М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашылды. Жаңа театр астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық театрының бұрынғы ғимаратына орналасты.

Н. БАҚЫТ