Сұранысқа ие автокөліктердің рейтингі жарияланды
Сұранысқа ие автокөліктердің рейтингі жарияланды

«ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының хабарлауынша, 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанда ресми дилерлер 79 мыңнан астам жаңа көлік сатты.

«Аталған кезеңде ресми дилерлер 79 394 көлік сатты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 25,2 пайызға жоғары. Биылғы 11 айда қазақстандықтар жаңа жеңіл көліктерді алуға 711,2 млрд теңге жұмсап, 2019 жылғы деңгейден 20,8 пайызға артық болды» деп жазылған ақпаратта. Дерек бойынша, көлік сатып алған 56 867 адам отандық зауыттардың өнімін таңдаған. Ал биыл 11айда сатылған 22 527 автомобиль импортқа тиесілі болып отыр.

Елімізде 2020 жылдың қаңтар-қараша айында сұранысқа ие брендтердің арасында Lada (16 412 көлік), Hyundai (15 622), Toyota (9 331 ), Chevrolet (7 532) және Ravon (7 057) көліктері көш бастады. Оған қоса, сатылымы жоғары болған ондықта KIA (5 566 көлік), GAZ (2 787), Renault (2 395), Volkswagen (2 300 ) және Nissan (2 126) бар.

А.Жолдас