Адал еңбектің әділ бағасы
Адал еңбектің әділ бағасы
157
оқылды
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шарада Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңір тұрғындарын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен  құттықтап, бірқатар азаматтарға мерекелік марапаттар  табыс етті.
- Биыл біз жұртпен жұмыла көп тірлікті атқара алдық. Халықтың сенімі күш-жігер берді. Егер осы бағыттан таймай бірлесе жұмыс атқаратын болсақ, жамбылдықтардың әл-ауқаты арта түседі. Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін!, -деген облыс әкімі өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға наградалар табыс етті.
ІІ дәрежелі «Достық»  орденімен Қордай ауданы Сортөбе ауылдық округінің әкімі Ілияс Буларов пен  М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Мұхабат Тұрдыева марапатталса, «Құрмет» ореніне «Мерке ірімшік зауыты» ЖШС директоры Дастан Айтөленов, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, «Агрофирма Түрікпен»  ЖШС Бас директоры Бауыржан Әбілдаев, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртісі Анна Вундер, «Altais Group»  ЖШС президенті Әлімбек Жұмабаев, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Мейірханова, Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы Ерғали Тілеубеков және еңбек ардагері Щорс Шарафутдинов ие болды. Ал  «Жамбыл облысының Құрметті азаматы»  атағын табыстар кезде  мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» және «Құрмет»  ордендерінің иегері, Жамбыл облысының бұрынғы әкімі  Асқар Мырзахметовтің есімі аталған кезде көпшіліктің қошеметінен  құлақ тұнды. Жамбыл облысында аз уақыт қызмет етсе де, өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Асқар Исабекұлын жамбылдықтар осылайша құрмет құшағына бөледі. Марапатты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тапсырып, талай жылғы әріптесіне ілтипат көрсетті. Өз кезегінде Асқар Мырзахметов «Жамбыл облысының Құрметті азаматы»  атағына ұсынған азаматтарға және қолдау көрсеткен барша жамбылдықтарға алғысын білдірді. Осылайша адал еңбектің әділ бағасы көрініс тапты.  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы