Жүрек түкпіріндегі жаңғырық
Жүрек түкпіріндегі жаңғырық
247
оқылды

Дәл қазіргі кезде қазақ әдебиет әлемінде, оның ішінде поэзияда есімі дараланып аталатын жас ақындардың арасында Мақпал Мысаның өзіндік бағындырған биігі бар, соған сай оның аты-жөні басқалардан ерекшеленіп тұрады. Бүгінгі күннің өзекті тұстарын қозғайтын тың тақырыптарды қозғауымен және өзіне ғана тән нәзік иірімдермен адам жанын баурап алатындығымен тәнті етеді талғампаз оқырманды.

Таулы өңірде дүниеге келгендер өлеңмен өмір сүретіні дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ақбас Алатаудың айрықша табиғатынан нәр, ақбас шыңдарынан шабыт алып жетілгендердің алдыңғы толқынға қарап өскені анық. Алатаулық ақындардың үлкен шоғыры ішіндегі Мұқағалиға деген ерек ықластары тым ерекше екені түсінікті. Нәзік тұлғасында алғырлық пен шеберлік қатар өрілген Мақпалдың әу бастағы жетістігі де дәл осы Мұқағали оқуларынан басталған. Алтыншы сыныпта білім алатын балауса қыз алып ақынның «Дариға – жүрек» поэмасын оқып, залдағыларға ерекше толғаныс сыйлаған. Кейін келе елге танылған Мақпалдың: «ақындық көзімді Мұқағали ашты» деуі де содан болар. Өлеңін жата-жастанып оқыды, үлгі алды, үйренді, әдебиет әлеміне өзіндік соқпақ-сарынмен сапар шекті. Сол жолда руханиятқа адал болуға, кіршіксіз махаббатқа кір келтірмеуге серт берді. 2019 жылы «100 жаңа есім» жобасында жеңімпаздар қатарында болған ақын қыздың: «бұл жеңісім – әдебиеттің жеңісі. Кез келген жобада руханият алдыңғы қатарда жүруі керек» дегенінің өзі сол сертке берік екенін анық көрсетеді. жаңғырық – Мақпал Мыса «Ақын – халық байлығы. Ал, халық ақыннан өресі биік өлең күтеді. Менің жазып жүргендерім болашақ жазарымның жарнамасы болуы керек. Бұл дегеніңіз – үлкен жауапкершілік. Рухымыздың тазалығын, жанымыздың жарасымын жырдан ғана табамын. Өлең – Жаратқаннан қонған қасиет», – дейді Мақпал. Рас, өткенді таразылап, бүгінмен байланыстырып, келешекке мұра есебінде қалдыру ақын шеберлігін паш етеді. 2017 жылы ҚР Тұңғыш Президенті –Елбасы қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» әдеби жүлдесінің «Туған ел» аталымы бойынша бас жүлдені Мақпалдың «Шоған абыз» туралы дастаны жеңіп алды. Артынша «Шоған абыз» дастаны үш тілде (орыс, түрік, ағылшын) кітап болып жарық көрді. Әлем әдебиетіне қазақ руханиятын таныстыру оның басты мақсаттарының бірі болатын. «Ақынды уақыт таразысына салып бөлшектеуге болмас. Ақын өткеннің де, бүгін мен ертеңнің де қамын ойлап, тамырын басатын жан», – дегенді бағдаршам етіп ұстанған Мақпал Мыса сол мақсаттың биігінен көріне білді. жаңғырық – Мақпал Мыса Құс қанатындай жұмсақ жырдың иесі, нәзік иірімдердің, орайлы орамдардың шебері Мақпал өлеңдері сыршыл да, сұлу. Сондықтан да болар махаббат турасында жазылған жырларын жастар жиі оқиды, әлеуметтік желіде көп талқыға салады, қызу ойлар айтылады. «100 жаңа есім» жобасында жеңіске жетіп, «Алыстама» деп аталатын махаббат пен сезімге толы өлеңін оқығанда, қатты толқыған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жанарына жас үйірілгені де есімізде. Махаббат – мәңгі тақырып. Ал Мақпалдың өзі Елбасы алдында оқыған өлеңі турасында: - Өмірде дүниесі түгел адамның да жан-жүрегін сыздатар мұң болады. Адам жаны тазармай, дүние тазармайды. Ал, өлең осы бір сезімдерді ширықтырып, тамыршыдай дөп басып, жанарға жас әкеледі. Адамзатқа ортақ сезім. Түйіні – мейірім. Біз шөліркеп жүрген мейірім. «Алыстама!». Жүрек түбіндегі жаңғырық. Бейнебір алыс-алыс асулардан талып естілетіндей жан дауыс. Үміт. Мәңгі ажырамас байланыс. Өлең өлмес ғұмыр – махаббат екенін айтып тұр..., – дейді. жаңғырық – Мақпал Мыса Жоғарыда тізбелегеніміз Мақпалдың шығармашылықтағы біз білетін көрнекті жетістіктерінің бірқатары ғана. Ал өмірдегі ең басты жетістігі жөнінде өзі: – Жұмысым мен ақындығымнан биік жауапкершілік, ол – ана болғандығым. Аналық міндетім – ұлымды жақсы тәрбиелеп, өсіріп, елдің азаматы етіп шығару. Мен үшін басты қасиеттер – ізгілік пен шыдамдылық. Баламның мінезі маған тартпаған, алғыр болып өсіп келеді. Ойын тура білдіреді, айтқыштығы да бар. Ол менен гөрі көпшіл, ақылды, еңбекқор. Үйге келген қонақпен үлкен адамдарша сөйлеседі. Таңертең ерте тұрып күреске кетеді. Сосын сабағы бар. Аптасына бір рет ментальды арифметикаға барып дәріс алады. Төрт деңгейді үздік бітірді. Футболды қатты жақсы көреді. Алаңқайда доппен ойнағанды ұнатады. Компьютер, телефонға үңілген заманда далада ойнап өскен балалардың денсаулығы мықты, көз жанары да жақсы дамиды ғой. Театрға, кинотеатрға барып тұрамыз, – дейді. Рас, біз білетін әйел затының өмірдегі негізгі миссиясы – ана болу. жаңғырық – Мақпал Мыса Әдебиеттегі Мақпалдың бағасы туралы сауалымызға: – Әдебиет – киелі төр. Оның қай жерінен орын тиетінін ұлы мәртебелі уақыт қана анықтай алады! – деп жауап қайырды ол. Мақпал 2021 жылы Nur Otan партиясы атынан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Болат Абаған, Алматы облысы.