«Пирамида» сусыз қалмауы үшін резерв желі тартылады
«Пирамида» сусыз қалмауы үшін резерв желі тартылады
Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайының сусыз қалғаны туралы жазған ақпаратымызға («Нұр-Сұлтанның «Пирамидасы» сусыз қалды, ал бас инженер жауап беруге неге қорқады?») «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Табиғат Зейнұлқабден жауап берді.

– 24 қарашаға қараған түні Бейбітшілік және келісім сарайының меншігіндегі су құбырынан аз мөлшерде судың ағуы байқалды деген хабар түсті. Тәуелсіздік көшесімен өтетін үлкен магистралды желіден   Бейбітшілік және келісім сарайына тартылған құбыр желісі осы мекеменің меншігінде. Біз Бейбітшілік және келісім сарайының әкімшілігіне   апаттың қай жерде болғанын айтып, апат орны жөнделгенше су уақытша өшірілді, – дейді Табиғат Зейнұлқабденұлы.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік көшесімен өтетін үлкен магистрал «Астана су арнасының» балансында болғанымен, одан Бейбітшілік және келісім сарайына су жеткізетін құбыр желісі аталған сарай әкімшілігінің меншігіне тиесілі. Мұндай жағдайда «Астана су арнасы» апатты жою қызметін көрсету үшін Бейбітшілік және келісім сарайы тарапынан өтініш хат түсуі керек. Ал «Пирамида» әкімшілігі су құбырындағы жапқыш пен фланецті ауыстырып беру туралы өтінішті 24-қараша күні берген.

– Өтініш бойынша апат орнына мамандар жіберілді, 26 қараша күні таңғы уақытта жұмысты бастап, түскі сағат 13.30 аяқтады және су берілді. Біз енді аталған құбыр желісіне резерв желі тартып бермекшіміз, яғни негізгі құбыр желісінде апат болғанда, одан су жіберу тоқтатылады да, резерв желі арқылы су жіберіледі. Осылайша негізгі құбыр жөнделіп біткенше Бейбітшілік және келісім сарайы сумен қамтамасыз етіліп тұрады, – дейді «Астана су арнасы» МКК бас директоры.