Сирия мен Ирактан оралғандар: Қазақстанда өмір сүруге бейімделе ала ма?
Сирия мен Ирактан оралғандар: Қазақстанда өмір сүруге бейімделе ала ма?
181
оқылды

Міне, былтырғы көрсеткіш осындай екен. Сол аралықта екі арнайы операция арқылы соғыс аймағынан 421 бала елге оралған. Оның 407-сі – Сириядан. Ал Ирактан 14 бала қайтарылды. 34 бала ата-анасыз оралыпты. Болжам бойынша, олардың ата-анасы терроризм құрбаны болған.

Лаңкестік әрекетке толы аймақтан өз еліне оралған қазақстандықтардың ортаға қалай үйренгені жайында «Құқық» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Рыль сөз қозғады.

Оның айтуынша, 2019 жылы Қазақстан террористік аймақтағы балалар мен әйелдерді еліне қайтаруды мойнына алған. Тіпті, осыған орай Президент Жарлығы да шықты. «Біздің басты мақсат – террорлық ортадан ең алдымен баланы шығару. Себебі  бала – біздің болашағымыз. Олар ата-анасының таңдауына, қалауына жауап бере алмайды. Алайда шырғалаң ортадан шығу да қиын. Еліне орала алмайды. «Басқа түссе –  баспақшыл» дегендей, басына түскен қиын жағдайға ыңғайланады. Сондықтан қазір мемлекет те, Үкімет те бала құқығын қорғауға баса назар аударып жатыр. Ал қыз-келіншектерді еліне қайтару – екінші орында», – дейді Ольга Рыль.

Мысалы, «Жусан 1,2» және «Русафаның» арқасында 187 адам Қазақстанға оралған. «Құқық» қоғамдық қорының хабарлауынша, кейбірі еліне өз күшімен оралып үлгерген екен.  Жалпы, оралғандардың арасында 10 ер адам мен 3 әйел террористік ұйымдармен байланысы үшін сотталыпты. Сирия, Ирактан Қазақстанға оралғандар алдымен оңалту орталығына орналастырылады. Сол жерде  «Құқық» қоғамдық қоры «Шанс» дағдарыс орталығымен бірлесе отырып, олардың құжаттарын реттеп, психологиялық көмек беріп, ағайын-туғанымен табыстырып, қолайлы жерге орналастыруға тырысады. Мәселен, әйелдер медициналық әлеуметтік көмекпен бірге, қайта даярлау курстарына қатыса алады. Теологиялық түзету жұмыстары жүргізіледі. Бастысы – балаларды мектепке даярлауға көп көңіл бөлу. Үшінші кезеңде олардың ортаға сіңуін, қоғамнан шеттеп қалмауын бақылайды.

– Бұл жұмыс бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Көбіне заңнамалық нормаларға байланысты іс-қағаздар жүргізілуі де оңайға түспеді. Қағазбастылық, оның уақытында берілмеуі, не қабылданбауы адамды әуреге салады. Мәселен, нәресте Сирияда дүниеге келген. Оның құжаттарын реттеп, осы елдің азаматтығын бергеннен кейін де мәселе бітпейді. Балаға мемлекеттен жәрдемақы алу үшін оның асыраушысы жоғы не болмаса әкесі қайтыс болғаны сот арқылы шешіледі. Сонда ғана келіншек жалғызбасты ана ретінде танылып, жәрдемақы алуы мүмкін. Бірақ көп келіншектер соттың осындай шешімінен жәрдемақыдан қағылды. Міне, осындай отбасының бірі әлі біздің орталықта тұрып жатыр, – дейді Ольга Рыль.

Сириядан алғаш келген әйелдердің арасында үшем туған келіншек те болған. Үшемді туған соң оған пәтер, массажист жалдауға қаржылай көмектесіпті.  «Соның арқасында үшем аяққа тұрып, жүре алатын болды. Келіншек тауып берген жұмысты таңдап-талғамады. Қолынан келгенше жұмыс істеді. Қазір табысы да, жұмысы да жақсы. Жалпы, бізге түрлі қыз-келіншектер келді. Арасында  хиджаб киіп алғандары да, кимей кеткендері де бар. Ең ауыры – бала мен ананың айырылуы. Бізге 2016 жылы 8-сыныпта оқитын ұл бала келді. Оны елден әкесі алып кетіпті. Ол кезде ерлі-зайыптылар ажырасып, 4 сыныптағы бала әкесінің тәрбиесінде қалады. Ал үлкен ұлы шешесінде болады. Әлгі баланың білім деңгейі төмен болып шықты. Өзі сабақ оқымаған, мектепке бармаған. Мектеп бағдарламасына ілесуі үшін арнайы мұғалім жалдадық. Ортаға сіңісіп, анасымен тіл табысуға көп уақыт керек болды. Қазір ол баланың жағдайы жақсы, анасымен бірге тұрады», – дейді Ольга Рыль. Ол оларды өмірге бейімдеу үшін Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы арасында онлайн режимде конференция өткізіп, жан-жақты талқылап, тәжірибе алмасқанын жеткізді.