Облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер – Сұлупан Шынтасова мен Еламан Итеғұлов Жаңақоныс ауылының тұрғындарымен кездесіп, партияның облыстық сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Басқосуда тұрғындар елді мекенде Мәдениет үйі мен спорт кешенін салу, жол жөндеу, сондай-ақ қоғамдық көлік қозғалысы мәселелерін көтерді.
Басқосуда алдымен Сұлупан Шынтасова партияның облыс бойынша сайлауалды бағдарламасында айтылған бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.
– Nur Otan партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында 7 негізгі басым бағытты назарға алады. Сайлауалды бағдарламаның басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту. Nur Otan азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жан-жақты арттыруды, тұрғындардың таза ауызсуға және сапалы инфрақұрылымға қол жеткізуіне жағдай жасайды. Өздеріңіз білесіздер, партия жол және көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғыртуға, сондай-ақ қолайлы экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» жобаларын іске асыруға өз үлесін қосып келеді. Мәселен, осы Жаңақоныс ауылын алсақ, бұған дейін осы елді мекендегі бірқатар көше жолдары жөнделіп, асфальт төселді. Биыл осы ауылдағы 6 көшеге тротуар салынса, келер жылы тағы 5 көшеге тротуар салу жоспарлануда. Ал ауылдағы әлеуметтік нысандар санын көбейту бүгінде күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болып отыр, – деді С.Шынтасова.
Бұдан кейін басқосуда Еламан Итеғұлов партияның сайлауалды бағдарламасында айтылған басым бағыттардың бірі – өңірде кәсіпкерлікті дамыту саласы бойынша келер жылдары жүзеге асырылатын жобалар туралы айтып берді.
– Nur Otan партиясы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында алдағы бес жылда облыста көптеген жаңа жобаларды жүзеге асырмақ. Атап айтсақ, қазіргі таңда пандемия кезінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын дамыту үшін өңірде жергілікті бағдарламаны қабылдау қолға алынуда. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде жыл сайын кемінде 200 жаңа жобаға қаржылық қолдау көрсету, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жыл сайын кемінде бір мың жобаға шағын несие беру, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жыл сайын кемінде 60 жобаға жеңілдетілген несие қарастыру, жеке бизнесін құру үшін жыл сайын кемінде 2 мың адамға кәсіпкерлік негіздерін оқыту жоспарланып отыр. Нәтижесінде бұл шаралар 2025 жылға қарай өңірде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 62 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Кездесуде ауыл тұрғындары үміткерлерге өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, ауыл ақсақалы Жолдыбай Айтқұлов елді мекенде әлі күнге дейін Мәдениет үйі мен спорт кешені жоқ екенін айтып, кандидаттарға осы мәселені алдағы уақытта қолға алуды сұрады. Ақсақалдың бұл сауалына Сұлупан Шынтасова:
– Жыл сайын осы ауылға тұрғындармен кездесуге келгенде, біз елді мекенде мәдениет үйінің жоқ екенін көріп жүрміз. Бұл мәселе біздің үнемі назарымызда. Партияның Ақтөбе қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасында 2021-2022 жылдарда Жаңақоныс тұрғын үй массивіне мәдениет үйінің құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ Жаңақоныс ауылына спорт кешені керек. Бұқаралық спортпен айналысуға жағдай жасау партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген. Мысалы, бағдарламаға сәйкес өңірдегі барлық аудандар мен елді мекендерде шағын спорт алаңдарын, стрит-воркауттар мен хоккей корттарын салу жоспарланып отыр, – деді.
Қаржы Nur Otan партиясы
Ақтөбе облыстық сайлау қорынан төленді.