Түркістанда аумағы 40 мың шаршы метр студенттер үйінің іргетасы қаланды
Түркістанда аумағы 40 мың шаршы метр студенттер үйінің іргетасы қаланды
Бүгін Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттеріне арналған 500 орындық 3 жатақхана құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті. Арнайы капсулада 2050 жылға, болашақ ұрпаққа арналған тілектер мен үндеу жазылған тарихи жазба қалдырылған. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында университетте шетел мен еліміздің алыс аймақтарынан келіп оқитын білім алушылардың көбеюіне байланысты  500 орындық, 5 қабатты 3 жатақхана салу ісі жоспарлы түрде жүзеге асатын болады. Жатақхананың жалпы аумағы – 40 мың ш.м.  width=Бүгінгі жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, университет ректоры Болатбек Абдрасилов пен университеттің I вице-президенті Женгиз Томар бастаған профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Қазір оқу орнында 10 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Қазір қашықтықтан білім алып жатқан студенттер келер жылы заманауи үлгідегі жайлы жатақханаға орналасатын болады.
«Еліміздің ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнімен баршаңызды құттықтаймын. Бүгінгі заманауи үлгіде салынатын 500 орындық 3 жатақхананың жобасымен таныстық. Жатақхана құрылысы жоспарланған уақытта аяқталып, студенттер жаңа қоныстарына жайғасатын болады. Облыс басшылығы тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі», – деді іс-шарада сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов.
Жатақханада студенттердің жайлы тұруы, оқуы, демалуы үшін барлық жағдай жасалады. Жатақханада студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін демалыс алаңдарымен, Workout спорт алаңымен, автокөлік және велосипед тұрақтарымен жабдықталатын болады. Жатақханада тренажер залы, соның ішінде балалар залы, кафе, Жастар орталығы, сауда үй-жайы, асхана және сұлулық салоны, 140 орындық қонақ үй, супермаркет, стоматология, сауда орындары орналасатын болады. Студенттік тұрғын үй кешенінде студенттерге, отбасылық жұптарға және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарға арналған аймақ салу жоспарда бар.  width=
«Кейінгі екі жылдың ішінде еліміздің барлық аймағында жатақханалар салу ісі қолға алынып жатыр. Бүгін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында Ахмет Ясауи университетінің жастарына арналған еңселі, 1 500 орындық жатақхананың іргетасы қаланды. Елбасымыз Н.Назарбаевқа, Президентіміз Қ.Тоқаевқа, облыс басшылығына алғысымыз шексіз. Заманауи үлгіде бой көтеретін жаңа жатақхананың салынуы университетіміз үшін тарихи сәт», – деді университет ректоры Болатбек Абдрасилов.
Инвестор, Alem Trust Construction ЖШС директоры Асқар Құрбанов жаңа жатақхананың еліміздегі ең үлкен жатақханалардың бірі болатынын айтып, құрылысымен таныстырды.  

Тельман БЕЙСЕНОВ,

Түркістан облысы