Қайта жаңғырған зал
Қайта жаңғырған зал
177
оқылды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ұлттық музейдегі ХІІІ-ХХ ғасыр ара­лығындағы «Қазақстан тарихы» залы қайта жаңғырды. Ел тарихын кезең-кезеңімен баяндайтын музейге келушілер көп. Бұған өткен жолы «Нюрнберг сабақтары: ұмытылмас үшін» көрмесін тамашалауға барғанда көзіміз жетті. Әрі сол тұста «Қазақстан тарихы» залында жаңарту жұмысы жүріп жатқанын байқағанбыз.

Қайта жаңартылған залда 300-ден астам жәдігер бар. Залды қайта жаңғырту жұмы­сының басы-қасында сала мамандары жүрген. Жұмысты бастамас бұрын білікті тарих­шылармен келелі кеңес өткен. Осы­лайша, залды жаңғыртуға 1 жылға жуық уақыт кетті. Ал ашылу салтанаты азаттық күніне тұспа-тұс келіп отыр. Оның үстіне, бұл іс-шара Абайдың 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығы және Тәуел­сіздік күніне орай ұйым­дастырылған. Осы орайда, келушілерге залдың тарихын Ұлттық музейдегі «Қазақстан тарихы» бө­лімінің аға ғылыми қызметкері Сырым Ха­сенов баяндап берді. Оның айтуынша, бұл зал 2014 жылы ашылған. Араға 6 жыл салып, қайта жаңғыртудан өткен. Музейге ат басын бұрғандар осы залдан қазақтың орта, жаңа және қазіргі замандағы тарихымен таныса алады. Бұған қоса, мұнда ХІІІ-ХХ ғасыр аралығында өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен қызметі, шығарма­шылығынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған. Оның ішінде аса құнды жәдігерлер бар. Мысалы, Төле би, Қазыбек би және Абылай ханның шапаны, сол тұлғалар қолданған мөр­лердің көшірмесі, сонымен қатар қару-жарақ топ­тамасын көре аласыз. «Қазақстан тарихы» бөлімін аралай қалсаңыз, сол тұстағы мәдениет пен өнер, өмір көрінісі көз алдыңызға келеді. Мешіт құры­лысы, әшекей бұйымдар мен аспаптар елітпей қоймайды. Тұлғатану үшін де тап­тырмайтын орын. Жалпы, Ұлттық музей аурасы бөлек ғимарат. Бұл – Тәуелсіздіктің сыйы. Олай дейтініміз, қай залды араласақ та, сол ғасыр тіршілігімен танысып, үндесе аламыз. Музейдің арқасында бағзы за­маннан тәуелсіз Қазақстанға дейінгі жолмен жүріп, тарих ғажаптарына жақыннан үңілесіз. Әрі музейге келушілер арасында балаларын еріткен ата-ана мен мектеп оқушыларын көр­генде ішің жылиды. Өйткені мәдени орындағы жәді­герлердің жанында орналасқан электронды құралдар мен цифрлы жабдықтар жастардың назарын аударары анық.

Айбике ЖАНАСЫЛ