Елбасы: Шығыс Қазақстанды бөліп, Алтай Республикасын құрмақ болды
Елбасы: Шығыс Қазақстанды бөліп, Алтай Республикасын құрмақ болды

Бұл туралы «Штрихи к портрету» деректі фильмінің екінші бөлімінде айтылады. Ондағы сұхбатта Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы күйреп жатқан кездегі ұлтаралық қақтығыстан еліміздің қалай аман қалғанын әңгімеледі. 

– Бұл өте күрделі кезең еді. Елді бейберекетсіздік жайлады. Осы тұйық пен тығырықтан шығарар жол табу күрделі іс еді. Мен сол кездегі үзеңгілестеріммен бірге елдікті сақтауға бар күшімді салдым. Құдайға шүкір, ол қолдан келді. Әйтпесе, бізде де елді бөлшектеп алғысы келгендер болды. Қай жерде қандай этнос шоғырланып тұрса, солар: «Келіңіздер, осы мекенде өз алдымызға отау тігейік!» деп шықты. Жасыратыны жоқ, мұндайлар табылды. Бұл өте қауіпті құбылыс-тын. Оралда, Шығыс Қазақстанда казактар басым болғаны мәлім. Ресейден соларға келіп: «Территориямен бірге бізге өтіңіздер!» деп үгіттеген арандатушылар кездесті, – деп сырдың бетін ашты Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрін өте күрделі жағдайда басып, тыныштандыруға, проблемаларды шешуге тура келгенін нықтады.

– Мысалы, Өскеменде бір топ адам облыс әкімдігін басып алып, Шығыс Қазақстан орнына «Алтай Республикасын» жариялауға шешім қабылдапты. Бұл шын болған оқиға. Уақытында білдік. Ол адамдар ұсталып, сотталды. Әрине, біз онда соғыс болуына жол бере алмайтын едік. Әйтпесе, елдің, жердің тұтастығын Қарулы күштер көмегімен қорғауға тура келетін еді. Әскерді тартпай-ақ ол қатерді жоя алдық, – деді Тұңғыш Президент.

Ол Қазақстанның не себепті тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялағанын түсіндіре кетті. – Біз расында, тәуелсіздігімізді барлық республикалардың ішінде соңғысы болып жария еттік. Біз оған дейін де іс жүзінде, де-факто тәуелсіз едік. Себебі, басқа республикалардың бәрі бізден тәуелсіздік алды. Тіпті Ресейдің өзі 1990 жылғы 12 шілдеде тәуелсіздігін жариялады. Кеңес Одағы 1991 жылдың соңында ғана ыдырағаны мәлім. Ал Ресей соған дейін өзін тәуелсізбін деп таныды. Кімнен тәуелсіз? Ресей КСРО-ның ең ірі мемлекеті еді, одақта барлығын сол ұстап тұрған. Ресей осындай белгі берген соң барлығы тәуелсіздігін жариялай бастады. Нәтижесінде, біз жалғыз қалдық, соның арқасында ешқандай соғыссыз, тартыс-тайталассыз азат елге айналдық. Мен осы мемлекеттің басшылық тізгінін өз қолыма алдым, – деді Н.Назарбаев. Кейін кейбір саясаткерлер: «одақтан да өз аяғымызбен кетпедік-ау, шығарып тастады» деп, бос байбаламға салынып жүрді. Елбасы бұлай қапалануға еш негіз жоғын атап өтті. – Барлық мемлекеттің ахуалы күрделі еді, бірақ ең қиын жағдайда қалғаны Қазақстан болды. Осы жағдайдан жайымен шығу қажет болды. Ал тәуелсіздікті бірінші немесе соңғы болып жариялау – басты мәселе емес. Бұл бірінші келгені жеңетін жарыс емес қой. Ең бастысы – ел тағдыры, мемлекетті сақтап қалу болатын. Тәуелсіздікті жариялау – бір, ал оны сақтап қалу – әлдеқайда күрделі, үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Елбасы мемлекеттілікті, жер тұтастығын сақтап қалу үшін КСРО-ның Орталық Азия бөлігі – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан тек түркітілдес республикалар кіретін «Түркістан одағын» құруды ұсынғанын жеткізді. Бірақ Қазақстан көшбасшысы бұған келіспеген екен: өйткені оның дәйектеуінше, бұл этникалық нышан бойынша бөлінуді білдіретін. Мұндай бетбұрыс көпэтносты, соның ішінде славян диаспоралары басым Қазақстанға жарамайтын еді. Бұл этникалық қақтығыстарға соқтыруы мүмкін еді. Осының арқасында посткеңестік республикалардың басшылары Алматыда тегіс дерлік кездесіп, ТМД-ны құрды. Деректі фильмнің бірінші бөлімі эфирде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнінде көрсетілген болатын.