Тәуелсіздік таңында Қазақстан осындай күйге түсіп, тұйыққа тірелгенін екінің бірі білмейді. Бұл бейресми «блокададан» елді Елбасы шығарды.
Кіріптар күй, шідерленген қадам
Сарапшылар «Қазақстан – батыс пен шығысты жалғаған алтын көпір» деп еркін айтады. Алайда Еуропа мен Азияның тоғысындағы республика үш ғасыр бойы көлік-логистикалық және транзиттік әлеуетін мүлдем пайдалана алмады. Ресей империясын айтпағанның өзінде, тоталитарлық режим үстемдік еткен КСРО-дағы жоспарлы-әкімшілік экономикаға сәйкес, одақтас республикалардың әрқайсысы еңбек бөлінісінде белгілі бір орынды иеленді. Қазақстанға одақты шикізатпен, азық-түлікпен және әскери өнімдермен қамтамасыз ету рөлі тиді. Өз бетімен, заң ретімен шет мемлекеттермен сауда-саттық жүргізуге рұқсат етілген Балтық елдерін, Украина және Беларусьтен өзге республикалар «темір шымылдырық» ішінде өмір сүрді: олардың бүкіл тауар айналымы тек одақтың ішін қамтыды. Қазақстандағы бүкіл сала, әсіресе өнеркәсіп, энергетика, көлік, мұнай-газ құбырлары, байланыс пен сауда КСРО-ның қажеттілігін өтеді, соған ғана бағдарланды. Теміржолдар мен магистральді автожолдар тегіс Ресейге бағыт алды. Салдарынан Қазақстанның батысын шығысымен тікелей жалғайтын көлік қатынасы болмады. Жас ұрпаққа тосын, тіпті күлкілі көрінер, бірақ сол кезде қазақстандықтар өзіміздің бір облыстан екіншісіне жету үшін Ресейді, көршілерді айналып жүретін. Қазіргі кезде қандай кәсіпорын ашып, не шығарамын десе де кәсіпкердің өз еркі: қалтасы көтерсе болғаны. Ал Кеңес Одағында Қазақстанның не өндіріп, не жасайтынын Мәскеу шешетін. Мысалы, бізге өнеркәсіптің небәрі 7%-ын басқаруға мүмкіндік берілді, тиісінше қазақ жеріндегі өнеркәсіп пен инфрақұрылымның 93%-ы Кремльдің билігінде болды. Сыртқы саудамызда 75%-дық үлес – РКСФР, ал 15%-ы – Украина КСР еншісінде болған. Соның кесірінен біз негізінен 2 елге тәуелді болдық. Одақ күйрегенде осы байланыстың бәрі үзілді. Қазақстан бірден «жан-жағынан қамалған үйге» айналып шыға келді. Егер сол кезде ел басшылығына табанының бүрі, қимылының тегеуріні, ісінің пәрмені жоқ, қара басының ғана қамын күйттеген, сөзге бар да, іске жоқ тұлға келгенде, Қазақстанның кейінгі тағдыры қандай болатыны белгісіз еді. Мысалы, Ресей саясаткерлері 90-жылдары «Қазақстан тез-ақ банкрот болып, еңбектеп келіп, ерікті түрде өзі бодан болады» дегенді ақпарат құралдарында ашық мәлімдеп жүрді. Қазақтың жерінің асты қазынаға бай дейміз. Бірақ оны жаһандық «қара базарға» жеткізіп, пұлдай алмаса елдің жоқшылыққа ұшырайтынын әлемдік тәжірибе көрсетті. Мысалы, Венесуэла мұнай қоры жөнінен (300 миллиард баррель) әлемде 1-орынды алады. Осы ел біраз жыл бұрын банкрот болды. Оның сыртқы борышын өтеуге шамасы жоқ. Ашаршылыққа ұшыраған халқы Оңтүстік Американың өзге елдеріне босуда. БҰҰ босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының дерегінше, 2015-2019 жылдар аралығында Венесуэланы 3,4 миллион азаматы тастап, босып кеткен.Каспийіңді маған бер!
Кеңес кезінде Қазақстан өзі өндірген мұнайды одақтың құбыр жүйесіне тегіс тапсыратын. Әрі қарай оның қайда және қаншаға сатылатынын Мәскеу білетін. Оның үстіне, Қазақ КСР Үкіметінің отандық мұнай-газ кәсіпорындарындағы қызметі тек кен орындарындағы операторлықпен шектелді. Экономиканың мұнай жобалары, мұнай-газ экспорты мен маркетингі мәселелерін Мәскеу өз құзырында қалдырды. Одақ күйрегенде, Ресей өз жерінде бізге арналған жалғыз құбырды жауып, оған Қазақстаннан бір тамшы «қара алтын» жібермей қойды. Бейресми блокада. Сол арқылы нені көксейтіні де белгілі. Қазақстан амалсыз, мұнайды басқа елдерге теміржол цистерналарымен жеткізуге көшті. Бірақ олай іс өнбейтін еді. Мұнай өндірудің деңгейі 1994 жылы 20 миллионға дейін құлдырады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекетіміздің тәуелсіздік алуымен бірге орасан зор проблемаларға жолыққанын еске түсірді. – Алда Каспийдің шикізат байлығы үшін Мәскеумен арада ұзақ күреске төтеп беру міндеті тұрды. Кейбір күштер Борис Ельцинді Теңіз кен орнын Ресей меншігіне алуға итермелеп, қатты қысым көрсетті. Міне, осыған байланысты Ельцинмен арада көптеген қолайсыз әңгіме болды. Бірде Мәскеуде Ельцинмен болған кездесуде ол маған: «Теңізді Ресейге беріңдер!» – деді. Мен бетіне қарадым: байқаймын, қалжыңдап тұрған жоқ. «Онда Ресей бізге Орынбор облысын берсін, өйткені Орынбор Қазақстанның астанасы болды ғой!» деп сабырлы жауап қаттым. Ол тіксініп қалды: «Сіздің не, Ресейге жерге қатысты дауыңыз бар ма еді?» деді. «Ә, жоқ» дедім. Ол күліп жіберді, мен де күлдім, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев («Қазақстан жолы» кітабынан үзінді). Елбасының өз ойын оралымды әрі орайымен жеткізе білер шешендігі, айтқан пікіріне қарсыласын ұйыта алар бітімгершілігі арқасында Қазақстан ақыры Ресейдегі құбырға қайта қол жеткізді. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстаннан мұнайды «Теңіз-Новороссийск» бағытында Қара теңіздің солтүстік-шығыс жағалауына шығаратын, жалпы ұзындығы 1 510 шақырым болатын жаңа «Каспий тұрба-құбыр консорциумы» құрылды. 1992 жылы «КТК»-ның негізін салушылар Қазақстан мен Оман сұлтандығы болды, кейін Ресей қосылды. – Жаңа мұнай құбырын салғысы келмеген Ресейдің қарсылығын жеңе отырып, ортақ келісімге келуге тура 6 жыл кетті. Бірде маған Премьер-Министр Нұрлан Балғымбаев келіп: «Бітті! Жағалай бас тарту, ылғи іріткі салу! Байқаймын, мәселе шешілмейтін түрі бар» дегені. Мен оған қысқаша хат дайындап, «Ресей мұнай құбырын тартуға қатысудан бас тартса, өз жері арқылы мұнай тасымалдаудан түсетін қанша ақшадан қағылатынын» көрсетуді тапсырдым. Б.Ельцин Кремль ауруханасында емделіп жатқан еді. Мен сол ауруханаға бардым. Екі сағатқа созылған әңгімеден соң мәселе шешілді, – деп еске алады Н.Назарбаев. 2001 жылы өткізу қабілеті жылына 28 млн тонна мұнайды құрайтын «КТК» құбырының алғашқы кезегі де пайдалануға берілді. Сол кезден бастап, қазақ мұнайын әлемге жеткізу соны қарқын алды. Сонымен бірге Қазақстан отандық көмірсутегін экспорттаудың көпвекторлы стратегиясын жүзеге асыра алды. Атасу-Алашанькоу құбырын салу арқылы Қытайға да «қара алтын» өткізе бастады. Еліміз Ресейді айналып өтіп, Ақтау теңіз айлағы арқылы Баку-Тбилиси-Джейхан құбырына қосылды. Республикамыз 2019 жылы 90,4 миллион тонна мұнай өндіріп, өткізіпті. Энергетика министрлігінің дерегінше, 2020 жылғы қаңтар-қараша айларында 78,5 млн тоннасы өндірілді.Транзиттік сала – тұрақтылық пен табыс ұстыны
Еуропа мен Азияның бітіскен тұсында орналасқан Қазақстан зор транзиттік әлеуетке ие. Сарапшылардың байламынша, қазақтың Ұлы даласы батыс пен шығыс арасында қатынайтын жерүсті көлігіне географиялық тұрғыдан баламасыз бағдар ұсынады. Себебі осынау ұлан-байтақ аумақты айналып жүру ешбір жобаға абырой әпермейді. Сондықтан Қазақстан Көшбасшысы тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында бірнеше көлік дәлізін құру бастамасын ілгерілетіп, екіжақты және көпжақты келіссөздер жүргізді, әртүрлі халықаралық конференцияда олардың таныстырылымын өткізді. Нәтижесінде, «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» автокөлік магистралін салу жобасы дүниеге келді. Оған қатысты алғашқы құжаттарға 2009 жылы қол қойылған. Жобаға қатысты өз аумағындағы жолдарды салуды Қытай да, Қазақстан да аяқтады. Тек Ресей кешеуілдеп, біраз істі кейінге ысырумен келді. Жоба тұйыққа тірелмеуі үшін бұл іске теңіз жолы тартылды: шың елінен тасқындаған жүк легі Каспийдегі Ақтау мен Құрық порттары арқылы жөнелтілуде. Еліміз аталған теңіз айлақтарына теміржол төсеп шықты. Шетелдік жетекші мамандардың бағалауынша, алдағы 20-25 жылда Орталық Азия өңірі Батыс Қытай–Батыс Еуропа арасын байланыстыратын стратегиялық аймаққа айналады. Осының аясында Қазақстан көлік-логистикалық және транзиттік хаб рөлін атқаруға ұмтылуда. Бұл ретте, қаржылық шығындар, экономикалық пайда және жеткізу жылдамдығы тұрғысынан «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» дәлізі аса тиімді саналады. Ол бойынша ҚХР-дан аттанған жүк Алматы арқылы елге кіріп, Ресейге, одан әрі Беларусь пен Польшаға жол тартады, ақыр соңында Германия мен Францияға дейін жетеді. Нәтижесінде, шығыс пен батыс және кері бағытта тауар жеткізу мерзімі 3,5 есе кемиді. Қазақстанның транзиттік әлеуетін шығыс көрші молынан пайдалануға ниетті. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылғы қыркүйекте «Бір жол, бір белдеу» жобасын Қазақстанға сапары кезінде жариялауы бекер емес. Бұл жерде бағзы замандағы Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен өңірлердің экономикалық күшін біріктіру жайында әңгіме болып отыр. Жаңа бағыт Азия, Тынық мұхит және Еуропа аймақтарын қамтып, жалпы саны 3 миллиард адам тұрып жатқан 120 елді басып өтеді: оның ұзындығы 7 мың шақырымға созылады. 2019 жылғы 26 сәуірде ҚХР астанасы Бейжіңде өткен «Бір жол, бір белдеу» ІІ халықаралық ынтымақтастық форумында Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев саяси қарама-қайшылыққа, санкциялар мен сауда текетіресіне қарамастан, осы бастама аясында сауда көлемі артып, бүгінде 5 триллион долларға жеткенін хабарлады. – Қазақстан соңғы 10 жыл ішінде инфрақұрылымды, көлік-логистика активтерін дамытуға шамамен 30 миллиард доллар инвестиция салды. 3 мың шақырымға жуық ұлттық теміржол және 12,5 мың шақырым автожол салынды немесе қайта жөндеуден өтті. Теңіз және әуе порттары жаңғыртылды. Сөйтіп, қысқа мерзімде елімізде заманауи және бәсекеге қабілетті транзиттік хаб құрылды, – деді Елбасы. Халықаралық жолдар салу – елге инвестициялардың ағылуына жол ашу, еркін саудаға жағдай жасау, өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың сапасын жақсарту деген сөз. Осы мақсатта Қазақстан 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын қолға алды, оны Жібек жолының Экономикалық белдеуімен ұштастыру жоспары табысты іске асырылып жатыр. Батыс пен шығысты «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» құрлықаралық жаңа автомагистраль байланыстырды. Біздің еліміз Қытайдың Ляньюньгань портында логистикалық терминал салды. Тұңғыш Президент бастамасымен «Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Парсы шығанағы» бағытындағы теміржол іске қосылды. Қытайдан Оңтүстік Кавказға, Түркияға, одан әрі Еуропаға Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арқылы жөнелтілетін жүктердің көлемі артып келеді. Қорыта айтқанда, қазақ елі даңқты бабаларымыз тұсындағыдай қайтадан шығыс пен батыс арасындағы «алтын көпірге» айналды. Пандемия заманында, яғни әр ел шекарасын тарс бекітіп, оқшауланған шақта да легі тоқтамаған транзиттік жүк тасымалы ел экономикасына сүйеу болды. Қазақстан транзиттен 3-4 миллиард доллар (немесе шамамен 1,5 триллион теңге) табыс табады. Келесі жылдары оны 5 миллиард доллардан асыру жоспарлануда. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанға мұнай сатудан 2018 жылы – 37,8 миллиард, 2019 жылы – 33,6 млрд, ал 2020 жылғы 6 айда 15,1 млрд доллар табыс түскен екен. Ендеше болашақта Қазақстан «қара алтыннан» тауып келген бар табысын транзиттен-ақ алатын жағдайға жетуі мүмкін. Осылайша, Елбасының сарабдал саясаты арқасында Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде нағыз «алтын көпірді» тұрғызып, сол арқылы елдің ырыс-берекесін еселеуде.Саяси жүйені жетілдіру керек
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы біздің еліміздегі саяси модернизацияның екінші деңгейіне аяқ басатынымызды айтып өтті. Өздеріңіз білесіздер, қазір еліміз эволюциялық түрде дамып келе жатыр. Саяси жүйені жетілдіру керек. Өмірдің өзі модернизациядан тұрады, сондықтан бұл – заңдылық әрі уақытында, дер кезінде атқарылған шара болады деп ойлаймын. Дүниежүзіне орасан зор шығын алып келген пандемияның жалғасып жатқанына да бір жылға жуық уақыт болды. Әлем экономикасына айтарлықтай шығын әкелді, біздің елімізге де оңай тиген жоқ. Дегенмен де мемлекет халқымызға барынша көмектесіп жатыр, тікелей көмек пакеттері болды, бизнеске қолдау көрсетіліп жатыр. Енді қазір бүкіл әлем ғалымдары дерттің емі – вакцинаны жасау үшін жұмыла жұмыс істеп жатыр. Вакцина да жақын арада табылып қалуы мүмкін. Бұл пандемияны халық, қоғам, мемлекет біріге отырып еңсереміз деп ойлаймын. Пандемия кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа материалдық, моральдық тұрғыдан өте көп көмек көрсетілуіне жағдай жасады. Бұл да елімізде әлеуметтік, рухани тепе-теңдіктің сақталуына себеп болып отыр.Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басамыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылға жоспарланған реформалар жайлы мәлімдегенін білеміз. Президенттің бірқатар маңызды дүниелерге тоқталғанын аңғардық. Әуелі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына дайындық мәселесі сөз болды. Бірақ концерт арқылы атап өтіп, мереке күйінде қалдырмау керегін қадап айтты. Демек, ел азаматтары тәуелсіздікті өз ішкі түйсігімен ұғып, іргелі ел болғанымызды нақты іс-әрекетпен дәлелдеуі тиіс. Одан кейін Қазақстан Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басады. Бірақ негізгі мәнді адам капиталына беруіміз қажет. Сонымен қатар ол кезең білім мен медицинаға баса назар аударатын шақ. Бұдан бөлек, елде бірқатар саяси рформалар болғаны белгілі, дегенмен оны жүйелі түрде жалғастыру – маңызды мәселе. Мұнымен тоқтап қалар ниет жоқ, келесі жылы саяси реформалардың жаңа топтамасын ұсынғанымыз абзал.