Түркі ынтымақтастығының тірегі
Түркі ынтымақтастығының тірегі
269
оқылды

Елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуы бары­­сында белгілі бір деңгей­де қиын­дыққа кезігетіні бел­гілі. Осын­дай кезеңде көшбас­шы­­ның ерекше қабілеті кө­­рі­­неді. Қазақстанның Тұң­ғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ел­дің саяси бағы­тын, әлеу­мет­­тік жүйені және инсти­туцио­­нал­дық басқарудағы қары­мы анық байқалды.

Қазақстанның географиялық ерекшелігін ұтымды пайдаланып, көреген шешімдерінің арқасында Н.Назарбаев Түркі әлемінің ақ­сақалы атанды. Мәселен, Түркия-Ре­сей қарым-қатынастарын рет­­­­­­теуде үлкен рөл атқарды. 15 шіл­­­­­­де­дегі оқи­ғадан кейін Түр­кия­ға кел­­­ген ал­­ғаш­қы Мем­лекет басшысы бол­­­ды. Онда Түркі кеңе­сін құру ту­ра­­лы ұсы­ныс жасады. Өткен жылы Түр­­кі әлеміне қа­тыс­ты жүргізілген сауал­­­на­ма Н.Назарбаев­тың есімі түр­­кі­тілдес мем­лекеттер арасында үлкен та­­ны­­малдыққа ие екенін анық­та­ған еді.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті түркітілдес елдердің тарихи, мәдени, саяси өмірін қамтып көп­теген сүбелі еңбек жазғанын ай­рықша атап өтер едім. Оның кітап­тары түрік тіліне де аударылды. Түр­кі әлемінің көшбасшысы ретін­де өткен тарих пен түркі елдерінің дамуға қарқын алған жылдардың жылнамасы, оның ішінде ха­лық­а­ралық ынтымақтастық, ұлт­тық та­тулық, демократиялық рефор­малар жайында ой толғады.

Тәуелсіз Қазақстанның не­гі­зін салған Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев сол кезеңде жазған «Ға­сырлар тоғысында» атты кітабында «Біз үшін бүгін демократия ма, жоқ тоталитаризм бе деп таласудың жөні жоқ. Біз таңдауды жасағанбыз, мақсатты айқындағанбыз. Алайда біздің алдымызда демократиялық дамудың қай үлгісін алуымыз керек деген мәселе тұрғаны рас» деп жа­зады.

Назарбаев елінің демократия­лану үрдісінің кезең-кезеңімен, сатылы түрде жүзеге асырылатынын айтқан. Бұл дұрыс шешім бол­ды. Өйткені демократияны инсти­туттар арқылы дамыту, тиісті құры­лымдарды қалыптастыру және оны қалың жұртшылыққа қабылдатқызу үшін жоғарыдан төменге қағидасы нәтиже бер­месі анық. Мұстафа Кемал Ата­түрік те Түркия респуб­лика болып жария­лана сала жылдам жаңару жолын таңдап, көптеген реформаларды жүзеге асырды.

Демократияның ықпалын то­лығымен сіңіру үшін ұзақ жыл қа­жет. Әлбетте, Қазақстан басқа гео­графиялық кеңістікте және басқа өзгермелі факторларға байланысты мемлекет ретінде қалыптасқаны белгілі. Қазақ ұлты өз әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктеріне сай демократия ұғымымен бірге өмір сүре бастады. Президент Назарбаевтың айрықша мән беріп, білек сыбана кіріскен реформалау үдерісінде аталған ерекшеліктер де ескерілген. Қазақстан жергілікті дәстүрлер мен басқару әдеттерін жалпыадамзаттық құндылықтармен үйлестіріп, таңдаған бағыты бойын­ша келесі сатыға өтуді көздеді.

Жаңа мемлекетті әлем елдері танымайтын тұста АҚШ-қа сапары барысында Н.Назарбаев мынандай ұстанымда болған еді: «Мен өз елімнің абыройын, қадір-қасиетін қорғауда салғырттық танытқаным жоқ».

Сыртқы да, ішкі де дағдарыс Назарбаевтың көшбасшылығына селкеу түсірген емес. Себебі осын­дай стратегиялық маңызға ие ай­мақта өмір сүрсеңіз, екі мәсе­ле­нің өзара әсері бар екенін ескере оты­рып әрекет ету керек. Егер елде саяси дағдарыс туындаса, шетел­дік ин­весторлар теріс айналуы мүм­кін. Тіпті, бір саусағын бүгіп жүр­гендердің ел байлығына деген тәбеті ашылуы ықтимал.

Сол сияқты өңірлік немесе әлем­дік дағдарыс жағдайында ел­дегі саяси, әлеуметтік және эконо­ми­калық жүйе жетілмесе, жаһандық оқиғалардың салдары қиын тиюі мүмкін. Егер соның бәріне әзір бол­саңыз, алдағы 10 жылда дүние­жүзіндегі ең дамыған 30 елдің бірі болу қиын емес. Мұның бәрін жете түсінген Н.Назарбаев ел дамуы үшін ең маңызды шешімдер шығарғанын бүгінде көз көріп отыр.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың түркітілдес елдер арасында бейбіт­ші­лікті нығайту үшін атқарған ең­бегін ерекше атап өтер едім. Түркі әлемінде бауырлас елдердің рухани, мәдени, экономикалық ын­тымақтастығын нығайтуға барын салды. ТҮРКСОЙ, Түркі кеңесі, Түркі академиясы, ТүркПА және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры да тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған.

Түркі әлемінде бірлік пен ынтымақты сақтауда Назарбаевтың маңызды рөл атқаратынын атап өткім келеді. Кейінгі 30 жыл ішінде түркітілдес елдер арасындағы қа­рым-қатынастың нығаюына қоз­ғаушы күш болды. Тәуелсіздік ал­­ған елдер үшін сындарлы кезең­дер­де көрегенділік танытты. Оның ішін­де, Түркі кеңесін құру ар­қы­лы бауыр­лас елдердегі түйт­кіл­ді мәсе­лелер оңтайлы шешімін тапты. Бар­­шамызға ортақ кеңес­тің жұ­мы­сын жүйелеу­де, жан­дандыру­да Нұрсұлтан Назарбаев­тың еңбегі зор. Оның бастамалары­мен іске асып жатқан тарихи, мәдени байланыстардың құндылығы келешек ұрпақ үшін маңызды қадам екені анық. Түркі дүниесі үшін қажымай, талмай еңбек еткенін ерекше айтып өт­кен жөн. Ол ‒ 1992 жылдан бері түр­кітілдес елдердің басшылары жи­налған барлық саммитке қатыс­қан жалғыз қайраткер. Келелі кеңес, ұтымды ұсыныстар түркі дү­ниесінің саяси, рухани, мәдени байланысының нығаюына жол нұсқады. Түрік әлеміне тың серпін берді. Оның ішінде, бауырлас Өзбекстанның Түркі кеңесіне рес­ми мүше болғаны тарихи оқиға еді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріппен жазылары анық. Меніңше, Түркияның мемлекет ретінде қалыптасу мен гүлденуінің басында Мұстафа Кемал Ататүрік тұрса, Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев деп айтар едім. Оның табандылығы мен қайраткерлігі Шарль де Голль, Ли Куан Юдің еңбегіндей жоғары бағалануы тиіс. Қазақстан егемендік алып, эко­номикасы құлдырап, халық күйзелген шақта елін дағдарыстан шығарған еңбегін ұмытпаймыз. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев­тың қайраткерлігі әлемде жоғары бағаланады. Оның озық ойы, тың бастамалары – Еуразия кеңістігінің батысы пен шығысын жалғайтын алтын көпір.

Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия өзара білім саласында қоғамның сұранысына сай білікті кадр дайындауды бірлесіп жүйелі жүзеге асырып келеді. Бірлескен тәжірибе түркітілдес елдердің білім саласына жаңашылдық екені анық. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда жаңаша бағытта білім беретін оқу орындары ашылды. Бауырлас Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін кадр даярлауға көп көңіл бөлді. Әсіресе, Қазақстан егемендік алған қиын-қыстау кезеңде шетелде жастарды оқытуды қолға алғаны ерлікпен пара-пар. Жастарды «Болашақ» бағдарламасымен әлемдегі жетекші оқу орындарында білім алуға күш салды. Білімді жастар шет тілін мең­геруге басымдық берді. 1992 жылы Түркістан қаласында Түркия мен Қазақстан бірлесіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. Бүгінде соның нәтижесінде, жаңа за­манға сай кадр даярлауда Қа­зақстан Орта Азияда көш бас­тады. Өзге елдер оның тәжіри­бе­сін үлгі етіп, өз елдерінде қолда­нысқа енгізді. Мәдени, ру­хани бай­ланыстың жүйелі дамуы нәти­же­сінде, Түркістан қа­ласы түркі әле­мінің рухани аста­насына ай­налды. Сондықтан Қа­зақстанда халық­аралық универ­си­теттің ашы­луы бүкіл түркі әлеміне үлгі.

Тамыры бір, тарихы ұқсас елдер арасында ақпараттық байланысты одан ары дамыту — қажеттілік. Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасында Қазақстанда латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерген болатын. Қазақстан латын әліп­биіне көшсе, түркітілдес елдер өзара ақпаратты жедел оқуға, тарихи жаз­баларды зерделеуге оң ықпал етері анық. Нұрсұлтан Назарбаев өркениеттің дамуында ұлттық мүд­дені, түркітілдес елдердің тарихын үнемі басты назарда ұстайды. Қазақ елінің тарихына шолу жасасақ, бұған дейін де елде латын әліпбиі қолданылған. Қазіргі әліпбидің ерекшелігі жаңа жетістіктерге қол жеткізуге бастамашы болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге септігін тигізеді. Түркітілдес ха­лық­тарға ортақ әліпбидің болуы мәдени, рухани дамуға тың серпін беретіні анық.


Арнайы «Айқын»
газеті үшін профессор
Куршад ЗОРЛУ
(Түркия)