Тарихтың сан тарау, сала тармақты сара жолы қазақ топырағында қаншама ұлыс пен ұлтты, этнос пен жұртты ұйыстырды. Олардың басым көпшілігі осыдан тура 100 жыл бұрын басталған зұлмат жылдардың жетегінде жер аударылып келген еді. Әйтсе де, қазақтың кең даладай мейірбан көңілі олардың қай-қайсысын да өгейсіткен жоқ. Қиындығын да, бір үзім нанын да бірге бөлісті. Енді бүгінде 120-дан астам этносты бір шаңырақтың астында біріктіріп отырған қазақ елі Тәуелсіздігінің 30 жылдығына қадам басқалы отыр.
Теңдік мұраты – тұрақтылық кепілі
Еліміздің 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Ата Заңы «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деп басталады. Осы бірауыз сөздің өзі мемлекеттілігіміздің заманауи болмысын сөзсіз паш етіп тұрса керек. Бұл конституциялық идея Қазақстан халқы біртұтас мемлекеттің тең құқылы, ерікті азаматтарының тарихи қауымдастығы екенін айшықтап отыр. Осылайша, елімізде мәдени-этникалық ерекшелігіне қарамастан үлкен ауызбіршілік пен қоғамдық келісімге мүдделі түрде мойынұсынатын бүгінгідей ұлттық бірліктің қалыптасуына жол ашылды. Елбасы Н.Назарбаев өзінің Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан халқының этностық және мәдени саналуандығы мен төлтумалығын сақтауға байланысты жаңа қадамдар іздеген жөн» деген ұйғарым жасаған еді. Сол себепті этносаралық қатынастарды ұдайы жетілдіре түсудің өзекті мәселелері ел дамуының күн тәртібінен түспек емес. Елімізді мекендейтін 120-дан астам этнос өкілдерін ортақ мақсатқа, бір мүдде төңірегінде біріктіретін ұстаным – ең әуелі қазақ халқына деген алғысы болса, одан кейінгі кезекте Елбасымыз ұсынатын «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы. Бүгінгідей бірлікті ту еткен күнге бастар жолдың қауіпті кезеңге толы болғаны баршамызға белгілі. Кеңес Одағының ыдырауынан кейінгі атқан Тәуелсіздіктің арайлы таңын сол алғашқы жылдардағы беймәлім белгісіздік бұлты бүркемелеген еді. Сол аралықта экономикалық қиындықтармен қоса елімізде этностық толқулар күшейді. Бұл аумалы-төкпелі уақыт туралы Елбасымыз Н.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Ең қауіптісі – олар таза ұлттық сипат ала бастады. Ұлт мәселесінің соншалықты асқындауы әуелі теориялық дәрменсіздіктен етек алды» деп жазған еді. Бұл «теориялық дәрменсіздіктің» тамыры бір ұлтты жоғары қойып, қалған этнос өкілдерін «екінші сұрыпқа» теліген кеңестік идеологияның алалау саясатында болатын. Осы ретте Елбасы мұндай алауыздыққа «тамырымен балта шауып», құқықтық-демократиялық құндылықтарды жоғары қоятын қоғам құру жолында кезекті теңдессіз қадамын жасады. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келді.Ассамблея – бірліктің байрағы
Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы мақсат – еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынас саласындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы алғаш рет 1992 жылы тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтқан еді. Осылайша, ұзақ ізденіс пен тынымсыз тәжірибенің нәтижесінде Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен жаңа ұйым құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Ассамблея формалды сипатта болмауы үшін және оның ел басқару ісіндегі рөлін арттыра түсу үшін 2007 жылғы мамыр айында Ата Заңымызға кезекті бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болды. Ал 2008 жылы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Осылайша, ҚХА еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субъектісіне айналды. Оның қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалды. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне – Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы тиесілі. ҚХА өзінің 20 жылдық белсенді жұмысында орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Бүгінгі таңда Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттықты және халық бірлігін одан әрі нығайта түсу жолында қолайлы жағдай туғызу үшін септігін тигізіп келеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көрінісіне қарсы әрекет етуде, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруда көмек көрсетуде. Жалпы алғанда, Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты. Республикада еліміздің барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселесін тиімді шешетін ел ретінде халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта 394 мүшесі бар Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге еліміздің этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.Алғыспен егіз мерекелік лебіз
Нұрлан ҚОСАЙ