Еліміздің еркін экономикасы қалыптасты
Еліміздің еркін экономикасы қалыптасты
265
оқылды

Экономикасы дамыған мемлекеттер ғана өзін шын тәуелсіз сезінеді. Әлемдік қауымдастықта да басым дауысқа ие болады. Сол себепті тәуелсіздігін баянды еткісі келетін, болашақтан үміті мол кез келген мемлекет экономикасын дамытуға күш салады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бәлкім, бүгінгі буынға 30 жыл бұрынғы экономикалық қиындықтар ертегідей көрінер. Бірақ шыны сол азаттық алған жылдардың алғашқы кезеңі жас мемлекетіміз үшін оңай болған жоқ. Жетістігіміз көп, жеңілген тұсымыз да бар. 

Жіпсіз байланыс үзілгенде...

Тәуелсіздік алғаннан кейін алып одаққа бағынып келген республикалар арасындағы көп жылдар бойы қалыптасқан эко­номикалық байланыс үзіл­генде экономикамыз есеңгіреп қалды. Сондықтан кеңестік жүйе­дегі жоспарлы экономикадан на­рықтық экономикаға көшу процесі басталды. Бұл оңайға түскен жоқ. Өйткені қалыптасқан сауда саясаты мен тауар айна­­лымына өзгеріс енгізілді. Орта­лықтан тапсырма алып үйренген ел енді стратегиялық әріптесін өзі таңдап, экономикалық қарым-қатынасты өзі реттеуі тиіс еді. Жіпсіз байланған қатынас үзіл­генде тәуелсіздік жыл­да­рындағы алғашқы эконо­ми­калық дағдарыс деп сипат­талған қиын кезең басталды. Ақша құнсызданып кетті. 1993 жылы инфляция деңгейі 2 165 пайызға жетті. Жа­лақы мен зейнетақыны айлап-жылдап күткендер үшін тәуел­сіздіктің алғашқы 6-7 жылы аса ауыр тиді. Осындай қиын кезеңнен ел мен жер тұтастығын сақтай отырып, экономиканы қа­лыптастыруға қол жеткізілді. Мұн­дай кезеңде ішкі және сыртқы саясаттың жаңа жүйесін құру, экономиканы жұмыс істету, ли­­­бералды экономиканы қалып­­­­тастыру оңай емес еді, бағымызға қарай жұмыс нәтижелі болды. Халықтың әлеуметтік тұрмысы түзеліп, жалақысын тұрақты алып, мамыражай тіршілікке көшкендей еді. Алайды сонау АҚШ-тағы ипотека нарығынан басталған жаһандық қаржы дағдарысы келіп килікті. Құрылыс индустриясын дамыта бастаған Қазақстан үшін соққы болып тиді. Бұл дағдарыс банк-қаржы жүйесін де шай­қалтып кетті. Тоқырау жыл­да­рынан жиған тәжірибе бұл ке­зеңді де артта қалдыруға мүмкіндік берді. 2010 жылы дағдарыс сал­қынын еңсеріп, даму сатысына өту үшін Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мем­лекеттік бағдар­ламасы қабыл­данды. Сарапшылар дәл осы шешім жалпы ішкі өнімнің құл­дырауының алдын алды деп са­найды. Бұл сөзді статистикалық деректер де рас­тайды. Қазақстан 2008-2009 жылдардың дағда­рысында да ЖІӨ-нің өсімін қамтамасыз ете алды. Мысалы, 2008 жылы – 3,2 пайызға арттырса, эконо­микамызға ауыр тиген 2009 жылы 1,2 пайыздық өсімді көр­сетті. 2010 жылы еліміздің ЖІӨ 7 пайызға өсті. Өнеркәсіптік өндіріс 10,5 пайызға артты. Егер 1996 жылы жан басына шақ­қандағы ЖІӨ 1 300 доллар ша­масында болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 10 мың дол­ларға жетті. 90-жыл­дардың соңына қарай жұмыс­сыздық 13-15 пайыз болса, бүгін­де 5,8 пайызды құрады. Дағдарыстың бірнеше ке­зеңінен өткен Қазақстан коро­навирус инфекциясы туғызған қаржылық қиындықты да еңсере алды. Бір ғана мысал, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойын­ша өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қар­қыны 3,3 пайызды құрап отыр. Пандемия кезінде шағын және орта бизнестің жекелеген сек­торлары жұмысын тоқтатуға мәж­бүр болғаны белгілі. Есесіне, кәсіптің басқа түрлері дамып, жаңадан бизнес субъектілері ашыла бастады. Мысалы, соңғы 5 жылда ел эко­номикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 24-тен 32 пайызға артты.

Қызмет сапасын көтеру де жетістіктікке бастайды

Күні кеше отандық бизнес өкілдері алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында отандық бизнестің жаңа легі қалыптасып, ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналғанын мәлімдеді. Ал одан бергіде қолға алынған ин­дустрияландыру кезеңінде елі­мізде 1 300-ден астам жаңа өндіріс іске қосылды. Бұрын өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады. Мұ­ның бәрі халықтың әл-ауқаты мен бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл – Президент айтқан деректер. Ал сарапшылар не дейді? Экономист Асхат Наметшаның айтуынша, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның еркін эко­номикасы қалыптасты, жалпы ішкі өнім өсті. «Біз бүгінгі таңда ТМД елдері арасында ЖІӨ бойынша 2-орынға жеттік. 1-орында Ресей тұр. 90-жыл­­дары 4-5-орында едік. Адам басына шаққанда ЖІӨ 12 мың долларды құрайды. Бұл – үлкен жетістік. Біздің жалпы эко­­номикамыз Өзбекстаннан 15 есе артық. Ал осыдан 20 жыл бұрын бірдей еді. Келесі жетістігіміз – нарықтық экономиканы қалып­тастырдық. Көптеген реформа жүргізілді. Энергетика саласын алсақ, бұл саладағы компаниялар тауарын сыртқы нарыққа шығара бастады. Бір ғана уран өндірісі бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық ком­паниясы әлемдегі көш­­басшы компанияға ай­нал­ды», – дейді. Сарапшы, сонымен бірге көп­теген халықаралық ұйымдарда белсенді рөл атқара баста­ғаны­мызды да зор жетістікке балайды. Табыстың көбеюі азаматтардың қажеттілігін де арттырды. «Халықтың тұрмысы жақ­сар­ды, баспаналы болып жат­қандар көп. Тұрғын үй қоры ұл­ғайды, ол – үлкен жетістік. Тұтыну көлемі өсті. Пандемияда халық әуежай қыз­метін көбірек тұтына бастады. Бұрын 1 ұшақ қана ұша­тын өңірлерге бүгіндері 4 ұшақ ұшады. Себебі билет бағасын арзандатты, жұрт енді пойызбен емес, ұшақпен жеткісі келеді. Бұл әуеқатынасы саласын, соның ішінде ішкі әуе­тасымалын дамы­тып жатыр. Яғ­ни, халық сұра­нысына сай қызмет ұсыныла бастады, енді сол қыз­меттің сапа­сын көтеру, әлем­дік нарыққа шы­ғару, әлемдік на­рықтан өз орнын табу деген мә­селеге назар ауда­руымыз ке­рек», – дейді Асхат Наметша.

Экономикада ескеретін мәселе бар

Экономист Бауыржан Иса­бековтің пікірінше, егемен­ді­гімізге қол жеткізгеннен кейін біздің елдің пайдасына шешілетін қолайлы кезең болды. Тиімді экономикалық орта, сыртқы және ішкі мә­селелердің болмауы және шикізат бағасының әлемдік коньюктурасы біздің пайдамызда еді. Тұрақты экономика, заманауи ауыл шаруа­шылығы, дамыған инфра­құрылым құру, білім беруді жаңа деңгейге көтеру және білікті кадр­лар даяр­лайтын мүмкіндіктер болды. Бірақ біз қолдағы бар қар­жылық-экономикалық әлеует­ті тиімді жұмсамай, имидж­дік жо­баларға, бағдарламаларға, жиын­дарға, кон­грестер мен форумдарға жаратып жібердік. «Тәуелсіздіктің барлық ке­зеңінде минералдар шикізатының экспорты, оның ішінде, әсіресе мұнайдың едәуір үлесіне иек арт­тық. Мұнай саласын ғана дамыту және шикізат экспортын ұлғайту индустрияландыру әрекетін сәт­сіздікке душар етеді. Бүгінгі таңда еліміз өндірілген мұнайдың ша­­­мамен 80%-ын экспорттайды, бұл ЖІӨ-нің төрттен үші және сыртқы сатудан түскен түсімнің 2/3 бө­лігін құрайды. Экспорттың осын­дай құрылымы және бюд­жетке негі­зінен мұнайдан түсетін кі­рістің жоғары бөлігі макро­эко­номикалық теріс көрсет­кіш­терге алып келеді. Мұндай жағдай мұ­най бағасының құл­дырауы кезінде Қазақстан эко­номикасын әлсіре­тіп тастайды», – дейді Б.Исабеков. Сондықтан экономиканы тұ­рақты даму рельсіне түсіру үшін, қолға алатын негізгі шаралардың бірі ретінде шағын және орта кәсіпкерліктің ірі бизнеспен үй­лесімділігін (кооперациясын) ны­ғайту қажет деп санайды. Сонда шағын және орта кәсіп­керліктің жалпы ішкі өнімдегі және жұмыс­бастылықтың үлесі 45 пайызға жетіп, Қазақстан тұрақты даму рельсіне көше алады. Экономист Асхат Наметша мұнайдың уақыты кетіп бара жатқанымен келіседі және алдағы 20 жылдықта жаңа технологиядан, жаңа қызмет түрінен, жаңа идея­лардан өз орнымызды табуымыз керек екенін айтады. «90-жылдары Түркия түгілі ауылдан қалаға баруға қиналушы едік. Ал қазір Түркияға, Дубайға барып демалушылар көбейді. Бірақ байқайсыз ба, соңғы жыл­дары шетелге барып-келу сиреді. Мәселе пандемияда емес, ақша құнсыздана бастады. Біз дамудың өтпелі кезеңінде тұрмыз. Бұл біз­дің дамыған, қалыптасқан эко­­но­микамыздан туындап жатқан проблема. Көп мемлекет ол проб­леманы әлі білмейді. Сондықтан экономиканы басқаша қалып­тастыруымыз керек. Әлемдік эко­номиканың белсенді мүшесі болу үшін Қазақстан дегенде еске түсетін тауар өндіру керек-ақ», – дейді ол. Сарапшылар тәуелсіздік жыл­дардағы экономикалық жетіс­тіктерімізбен бірге, алдағы уа­қыт­та неге мән беруіміз керек екенін де айтуға бейіл. Себебі олар бәрін алдын ала сараптап, ба­­жайлап отыр. Басым бөлігі ша­ғын және орта бизнесті дамыту туралы кеңес айтады. Бұл бағытта пан­демия кезінде бизнес не­си­елерді қайтару мерзімін ше­геруге мүм­кіндік алды, салықтан боса­тылды, басқа да жеңілдіктер мен артық­­шы­лық­тарға ие болды. Бүгінге дейін көр­сетілген қол­даудың жалпы көлемі 1,5 трил­лион тең­геден асты. Дү­ние­жүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық эко­но­микалық одаққа мүше бо­луы­мыз, интернет сауда­сының дамуы жаңа мүм­кіндіктер мен тауар өт­кізу нарық­тарына жол ашады. Бірақ мұның бәрі шетел­дік өнім өн­дірушілермен арадағы бәсекені күшейтеді. Демек, отан­дық бизнес өнім са­пасы мен еңбек өнімділігін жақсартып, озық тех­нологияны меңгеруі қа­жет-ақ. Сонда эко­номи­ка­­­мызд­ың тағы бір жетіс­­тігіне қуа­натын боламыз.

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ