Қазақтың ұлттық мұрасы
Қазақтың  ұлттық мұрасы
426
оқылды

Нұр-Сұлтандағы Достық үйінде «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру аясында «Қа­зақ­тың ұлттық мұрасы» атты бай­қау өтті. Нұр-Сұл­тан қа­ла­лық Қазақстан халқы Ассам­­блея­сының ұйымдас­ты­руымен өткен шараның мақ­саты — төл мәдениетімізді наси­хаттау, этномәдени бірлес­тік­терді салт-дәстүр, әдет-ғұ­рып­пен етене жақын та­­­ныс­­­тыру.

Байқауға елорда этномәдени бірлестіктері, ҚХА жастары, Нұр-Сұлтан қаласының Аналар кеңесі қатысты. Олар байқаудың үш шарты бойынша қазақ халқының салт-дәстүрлерін көпшілікке та­ныстырды. Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарында шебер ойнады. Қазақ ақын-жазу­­­шыларының туындыларын мүдірмей оқып берді.

«Қазақтың ұлттық мұрасы» байқауына қалалық мәслихат депутаты Зейнулла Шибкенов, актриса Бақыт Исабекова, өнер­танушы Нелли Шиврина, ақын Гаухар Мухамед-Салимова және Нұр-Сұлтан қаласы Қа­зақстан халқы Ассамблеясы хатшы­лығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова төрелік етті.

Байқау шартына сәйкес, ең бірінші қазақ халқының салт-дәстүрлері көпшілікке наси­хатталды. Ол бойынша «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы көрер­менге қазақтың ертеден келе жатқан «Сырға салу» дәстүрін таныс­тырды. Дәстүр бойынша дастар­қан жайылып, болашақ құда­лар­ды күтті. Ұзатылатын қыз­ды ортаға екі жеңгесі алып шық­ты. «Құлағы жамандықты есті­месін» деп жігіттің жеңгелері алтын сырғасын тақты. «Көрімдік беру» дәстүрін де ұмыт қалдырмай, қыздың екі жеңгесіне ақшалай сый-сияпат жасады.

«Вайнах» шешен-ингуш этно­мәдени орталығы ұлттық дәстүрі­міздің құндылықтарының бірі – «Қыз ұзатуды» көпшілікке та­ныс­тырды. Осыған байланысты той­дың негізгі қонақтары – құда-құда­ғи­ларды қарсы алып, шашу шаш­ты. Бұл бойынша негізгі дәстүрлер жасалып, шынайы «Ақ жол» тілеген төсеніш арқылы қа­лың­дықты өз босағасынан ұзат­ты. «Вайнах» шешен-ингуш этно­мәдени орталығының өнерпаздары сахналаған жөн-жоралғыларға көп­шілік тәнті болды.

«Радима» белорус этномәдени орталығының қатысушылары кө­рер­менге «Беташар» дәстүрін таныс­тырды. Беташар рәсімін өт­кізу­ге сөзге шебер, суырып салма ақын­дығы бар жыршы жігіт шақы­ры­лып, келіннің бетін ашу үшін «Бета­шар» жырын айтты. Жыр ар­қылы от­ба­сы құндылығын дәріптеді.

Көпшілікке «Қыз жасауы» дәс­түрін Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесі таныстырды. Олар жасауға берілетін киімдердің маңы­зын және ежелден келе жат­қан «6 жастан жинасаң артылады, 7 жастан жинасаң же­теді» деген нақыл сөз түп-төркінін түсіндірді.

Шындығын айту керек, бұл байқаудың ерекше бір шарты — ұмыт болып бара жатқан «Мойын тастар» дәстүрін сахнада қайта жаң­ғыртуы. Мұны «Акбузат» этно­мәдени орталығы ұсынды.

Қазақстан ұйғырлары респуб­ликалық мәдени орталығы астана­лық филиалының қатысушылары жаңа қонысқа көшіп келгендерді үйге шақыру дәстүрі «Ерулікпен» жалғастырды. Ортаға бауырсақ пен қазы-қартаға толы ақ дастарқан жайып, келген қонақтарды құ­шақ жая қарсы алды. Үй иесі аты­нан сый-сыяпат берді. Ән мен күйге жалғасқан әдемі көрініс көрер­меннің ыстық ықыласына бөленді.

«Жайхун» қарақалпақ этно­мә­дени орталығы «Бесікке бөлеу» дәстүрін сахналады. Аналар мен әжелер нәрестені бесікке бөлеудің қыр-сырын таныстырды. Барша жиналған қауым бесік жырын тыңдап, шашу дәстүрінің мағынасын түсіндірді.

«Нәрестені қырқынан шы­ғару» дәстүрін елордалық өзбек этномәдени орталығы мен «Лад» республикалық славян қозға­лы­сының астаналық филиалы көрсетті. Нәрестені 40 қасық суға шомылдырып, тырнағы мен ша­шын алды. Дүниеге дені сау сәби әкелгені үшін баланың анасына алғыс білдіріп, сый-құрмет жа­сады. Ал «Таң» татар-башқұрт этно­мәдени орталығы «Тұсау кесу» дәстүрін сахналап берді. Ол бойынша сәби жолына төсеніш төселіп, оның үстіне домбыра, қам­шы және кітап қойылды. Тәй-тәй басқан бала қамшыны таңдады.

Сонымен, байқаудың алғаш­қы кезеңін «Жаңғыру жолы» рес­публикалық жастар қозғалысының елордалық тобы қорытындылады. Жастар көрерменге «Аластау» және «Қонақ кәдені» шебер сахналады.

Байқаудың екінші кезеңінде жыр-терме айтудан жарысты. Қа­тысушылар домбыра, қобыз, шаңқобыз, сыбызғыда ха­лық ән­дерін орындады. Ал қазақ­тың ақын-жазушыларының туын­ды­ларын мүдірмей оқудан Әмірхан Евлаев, Светлана Тарасова, Закир Бикмухамбетов, Анастасия Тарасова, Айша Аимбетова, Зухра Саяпова, Юлия Лагуткина алдына жан салмады. Байқау соңында жеңімпаздар марапатталды.

 

М.БАҚЫТ