Әлемдегі бар қазақ – бір қазақ
Әлемдегі бар қазақ – бір қазақ
330
оқылды

Қазақстан үшін көші-қон мәселе­сінің маңызы айрықша болғаны рас. Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасының тікелей қолға алуымен сыртта жүрген қандастарымызды атажұртқа көшіріп әкелуге ерекше көңіл бөлініп, көптеген игі істер жүзеге асты. Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы «Көшіп келу туралы», 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заң­ға қол қойды. Бұл заң шетелде жүр­ген қандастарымыздың елге оралуы­на жаңа серпін берді.

Алғаш рет Қазақстанның Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі, сондай-ақ Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы сияқты мекемелер құрылды. Атамекеніне оралған қандастарымызға жыл сайын квота белгіленіп, белгілі бір аймақтарға қоныстануы үшін мемлекет пен жергілікті қазынадан қаржы бөлінді. Осы арқылы  дүниежүзінде тарыдай шашылып жүрген қазақтардың атажұртқа оралуына жағдай жасады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары болған Талғат Мамашев бір естелігінде: «Тәуел­сіздік алғанымызға екі апта өтер-өтпес уақыт­та Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қа­зақ радиосы» арқылы шетелдегі қазақтарға ар­нап, сөз сөйледі. Бұл сөзі 1992 жылы 2 қаң­тарда «Егемен Қазақстан» газетінде жа­рық көрді. Сөйтіп, дүниежүзінде тары­дай шашылып жүрген қандас бауыр­ларымызды атамекенге оралуға шақырды. Мемлекет басшысының бұл сөзі әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтарды дүр сілкіндіріп, ұлы көштің атажұртқа қарай бет бұруына серпін берді. Қазақ елі оларды құшақ жая қарсы алды. Үкімет қолдан келген көмегін аянып қалған жоқ. Үй-жай, жер-мал берді, қаржымен қарасты, жұмысқа орналастырды, қысқасы барымен бө­лісті. Бұл ұлы көш туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Әлемнің әр қиырын­да өмір сүріп жатқан бауырларымызды атажұртқа оралту бағытында көптен ойымда жүрген арманымды орындаған сәтімді менің өз өмірімдегі ең бақытты кезеңім деп есептеймін. Бұл бір жүрек­жарды қуаныш, сезімге толы салтанат, азаматтық парыздың салмағын сезінудің шынайы көрінісі болды», – дейді «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінде» деп жазады. Ұлы көш басталған сәттен бастап атамекенге 1 миллионға жуық қандасымыз көшіп келді. Бұл көш  әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтың басын қосуға себепкер болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз елге ел, басқа бас қосып, Қазақстан халқының саны мен сапасын арттыру арқылы ұлттық  демографиялық саясаттың ең маңызды бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Халық санын өсірудің тарихи жо­лын қалыптастыру тұрғысында біз жасаған қадамның жемісі де, жеңісі де көріне бас­тады. Бұл –жалғаса берер жарқын жол.  Осы­нау жылдарда елімізге 1 миллионға жуық бауырымыз оралды. Қазақ елінің шаңырағы биіктеп, керегесі кеңейе түсті. Көш әлі тоқтаған жоқ. Тоқтамайды да» деп айтқаны әлі есімізде. Көші-қон заңы аясында еліміздегі көші-қон саласы бір жүйеге келтірілді. «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданып, Көші-қон және демография жөніндегі агенттік құрылып, облыстарда көші-қон басқармалары құрылды. Квота­лардың саны артып, алыс және жақын шет­елдерден қандастарымыздың елге оралуына мүмкіндік берді. Бұл заң әрі олардың азаматтық алуына, баспана мен білім алуына жағдай жасады. Жазушы Сұлтанәлі Балғабаев: «Көші-қонның жүруіне Қазақстанның тәуелсіздік алуы ерекше әсер еткені рас. Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанның сыртқы ел­дер­мен байланысы күшті болмаған еді. Тіпті, сыртта  жүрген қандастарымызбен байланысымыз болған жоқ. Олардың атамекенін аңсап, атажұртына жете алмай, аңсары ауып жүрген кездері еді. Қазақстан тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес мем­ле­кет атанған соң, шетелдегі қазақтардың да «атажұртқа оралсақ, туған жерде өмір сүрсек, осында өсіп-өнсек» деген арманы орындалды. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көші-қон саясатының қалыптасуына тікелей бастамашы болды. Елбасының атамекенге оралуға шақырған сөзі шеттегі қандастарымызға да үлкен серпін берді. Үшіншіден, сыртта жүрген қандаста-рын жинап, атамекеніне оралуға мүмкін-дік жа­са­ған елдің бірі әрі бірегейі – Қазақ-стан», ­­– дейді. Көші-қон жұмыстарымен дүниежүзінің біраз мемлекеттері де айналысады. Олар­дың арасында бұл жөнінен бізге ең жақыны – Германия, Израиль және Польша мем­лекеттері. Олар көші-қонды сырт жердегі өз қандастарын атажұртқа көбірек әкелу үшін пайдаланады. Мұның бәрі ол мемле­кеттерде нақты әрі қатаң ереже-тәртіпке сүйеніп, жүзеге асырады. Сол секілді Қа­зақ­станның да ұстанған көші-қон сая­сатының жөні бөлек.

Тәуелсіздік алған алғашқы 10-15 жыл­дың өзінде елімізге сырт­тан миллионнан ас­там қазақ көшіп келді. Олардың көп­шілігі көпбалалы еді. Нәтижесінде, олар­дың саны 2 мил­лионнан асты. Қазақстан халқының 18 миллионнан асуының бір себебі – осында.

Жазушы Сұлтанәлі Балғабаевтың ай­туынша, алғашқы кездері құрылған Көші-қон және демография жөніндегі агенттіктің атқарған қызметі өте жоғары болды. «Бұл агент­тік­тің атқарған қызметі министр­лікпен бірдей еді. Агенттік «шетелден қандастарымыз қалай көшіп келеді, келген соң қайда барады, қайда орналасады, немен айналысады?» деген сауалдардың бәріне жауап беретін. Сол арқылы көші-қон саласының жұмысы нақты әрі тиімді жүргізіле бастады», – дейді. 2015 жылдың қараша айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Бұл заң шетелдегі қандас­тарымыздың елге оралып, Қазақстан азамат­тығын алуына жол ашты, көптеген жеңілдіктер жасады. Осы заңға сәйкес, Үкімет қаулысымен оралмандардың қо­ныс­тану өңірлері айқындалып, көшіп келу квотасы белгіленді. Жеті аймаққа қандас­тарымыз бен ішкі көшіп келушілерге квота берілді. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары көшіп келушілерді «Жұмыспен қамту –2020 жол картасы» бағдарламасы аясында қабыл­даған. Көшіп келушілердің дені – Моңғолия, Қытай мен ТМД мемле­кет­терінен атажұртқа қоныс аударғандар. «Тәуелсіздік алған алғашқы 10-15 жыл­дың өзінде елімізге сырттан миллионнан ас­там қазақ көшіп келді. Олардың көп­шілігі  көпбалалы еді. Нәтижесінде, олар­дың саны 2 миллионнан асты. Қазақстан халқының 18 миллионнан асуының бір себебі – осында», – дейді жазушы Сұлтан­әлі Балғабаев. Көші-қон саласында тиімді пайда­ланған жобаның бірі – шетелден келген қа­зақ жастарына бөлінген квота. Білім шартымен келген этникалық қазақ жас­тары 1991 жылдан бастап ЖОО-ның қа­был­дау бөлімінде даярлық курсын оқи бас­тады. Жыл сайын қандастарға арнайы 2 пайыз квота бөлінді. 2011 жылдан бастап, 4 пайызға артты. Бұл бастаманың тиімді тұсы – шетелде тұратын қазақтардың тілін сақтап қалуына және жоғары білім алуына мүмкіндік жасау. Диплом алған баланың жұмыс табуы да оңай. Одан бөлек, шетел­дегі қазақтарды елге тартудың тиімді жолы – осы. Әуелі жастар келіп, диплом алып, жұ­мысқа тұрған соң, сыртта қалған ата-анасын атажұртқа әкелуге тырысады. Осы жақта білім алып, тілін, менталитетін мең­гер­ген жасқа ата-анасын көшіріп әкелгенде көп қиындық туа бермейді. 2019 жылдың қараша айында «Отандас­тар қоры» ұйымдастырған этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шара жоспары аясында арнайы басқосу өткен. Жиында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Қандастарымызды баспанамен және жұмыспен қамту мәселесі 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» бағдарламасы ая­сында өз шешімін тауып отыр. Сонымен бір­ге қазіргі уақытта шетелден келген ағайын­дарға құжатты рәсімдеуде көрсе­тілетін қызметтерді оңтайландыру, шетел­дегі қандастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау туралы заңнамалық тетіктерді ен­гізу жөнінде маңызды шаралар қолға алынады» деген еді. Бұл да қандастарымыздың баспанамен қамтылуына берілген зор мүмкіндік. Келем деген ағайынға қазақтың құшағы ашық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайының бірінде: «Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жерімен байланысын нығай­тып отырғаны дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да, әрдайым Қазақстанды жүрегіңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан» деген еді.  Тәуелсіздік алғалы бері тарихи Отанына 1 миллионнан астам қазақ қайтып оралды. Соның арқасында ұлтымыздың демо­графиялық жағдайы да қандастарымыздың үлесі есебінен жақсарғаны анық. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев:  «Тәуелсіз мемлекеттің тізгінін қолымызға ұстаған алғашқы күннен бастап халқымыздың ежелгі асыл мұрасын, қадір-қасиетін қайта жаңғыртып, ұлт ретінде түлетіп, жаңа деңгейге көтеруге бар күшті салумен қатар, шетелдердегі бауыр­ларымыз­дың өнерін, әдеби мұрасын, ха­лық­тық қолөнерін, атакәсібін дамытуда ар­найы жұмыстар жүргізіп келемін. Бұл – адами капиталды Отанға оралтудың оң қадамының бірі. Бұл қадам жаңылмайды, шекара жабылмайды. Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені әлемдегі бар қазақ – бір қазақ», – дейді. Расында да, «әлемдегі бар қазақ – бір қа­зақ».  Қазақтың тарихи Отаны – Қазақ­стан. Әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қандастарымыздың бәрі түбінде тарихи Отанына оралары хақ. Көшіміз көлікті, ісіміз өнікті болсын!

Гүл ТҰРҒАНБАЙ