Азаматтардың талап-тілектері ескеріледі
Азаматтардың  талап-тілектері ескеріледі
153
оқылды

Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Қабылдауға барлығы 6 адам жазылды. Бердібек Машбекұлы азаматтардың өтініштері мен ұсы­ныстарын мұқият тыңдап, мәсе­лелерімен танысты. Тұрғын­дардың көпшілігі тұрғын үй алуға, жұмысқа орналасуға байланысты өзекті жайттарды көтерді.

Нұр-Сұлтан қаласының тұр­ғыны Айнұр Жөнербаева орта­лыққа көпбалалы, жалғызбасты аналарды және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды жұмыспен қамту бағдарламасын құру туралы ұсынысымен келді. Бұл бастамаға партия тарапынан қолдау көрсетіліп, аталған жо­ба жүзеге асырылса, көп мүм­кіндіктерге жол ашылады деп отыр. Ал тағы бір елордалық тұр­ғын Құралай Түспекова «Қа­зақстандағы Дельфи қозғалысын дамыту» мәселесін көтерді. Қабылдаудың үшінші қонағы Назым Бектұрғанова Денсаулық сақтау министрлігімен өзара ынтымақтастық және серти­фикаттау процестерін жетілдіру секілді бірқатар өзекті мәселелер бойынша ұсынысын білдірді.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жұ­мысына шағымданған Ілияс Қайырғалиев барлық құжатты жинап, банктің шарттарын толық орындағанымен «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша бас­пана ала алмай қалғанын айтты. Шағымданушының мәсе­лесімен жіті танысқан Бердібек Сапарбаев тиісті мекеме басшылығына тапсырма бе­ріп, жағдайды бақылауда ұстай­тынын, бұл мәселе жауапсыз қалмайтынын ескертті.

Нұргүл Қадырбаева мен Алмагүл Қумашева аналар мен балалардың әлеуметтік жағдай­ларын жақсарту бойынша ұсы­ныстарын ортаға салды. Олар бұған дейін бұл ұсынысхаттарын Үкімет үйіне жолдаған екен. Сөз соңында Алмагүл Қумашева баспана мәселесі бойынша да көмекке жүгінді.

Қабылдауға II топтағы мү­гедек Бағытжан Шаяханқызы да материалдық және әлеумет­тік көмек сұрай келді. Уилли­бранд диагнозы қойылған, тром­бо­цитопениямен ауыратын ол мұндай диагнозы бар Қазақ­стан­дағы жалғыз науқас адам екенін айтты. Қазіргі кезде мүгедектігіне байланысты жұмыс істемейді, 45 мың теңге зейнетақы алады. Бірақ бұл диагноз тегін дәрі-дәрмектер берілетін аурулардың тізіміне кірмейтінін айтып ша­ғымданды. Сондықтан ол сыр­қатына қажетті қымбат дәрі-дәрмектерді ала алмай жиі қина­­­латынын жеткізді.

Қабылдауға жазылмай кел­ген тұр­­ғындар да Үкімет басшысы орын­басарымен кездесіп, мәселелерін айтты. Бердібек Сапарбаев Жаңа­өзен қаласынан жеткен 4 көп­балалы ана мен 1 азаматты қабылдап, өтініштеріне құлақ асты. Әңгіме барысында олардың елордаға жұмыс мәсе­лесін шешу мақсатында келгені белгілі болды.

Өз кезегінде осы айдың ая­ғына таман, не болмаса келесі айда Маңғыстауға осы мәселемен баратынын айтқан Бердібек Сапарбаев Маңғыстау әкімшілігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақмұнайгаздың басшылары және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі ортақ жоспар дайындап жатқанын мәлімдеді. Соның не­гізінде жұмыссыздық мәселесі де оң шешімін табатынына сендірді.

Мұнан соң Бердібек Машбекұлының қабылдауына 11 баланың анасы Зейнеш Алжимбаева кірді. Ол қабылдауға арнайы жазылмаса да уақытын бөліп қабылдаған, өтінішін бар зейінімен тыңдаған Премьер-Министрдің орынбасарына алғысын білдірді. Көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмек ала алмай отырғанын және баспана мәселесін де тілге тиек етті.

Қабылдау соңында тұрғын­дардың өтініштері бойынша тиісті басқармаларға тапсырма берілетіні, мәселелер назарға алынатыны айтылды.


Әбілмансұр ЖАСАН