16 желтоқсан – Қаһармандар күні
16 желтоқсан – Қаһармандар күні
360
оқылды

Тәуелсіздік – қазаққа бұйырған ең үлкен бақыт. Бұдан артық бақыт та, құндылық та, қазына да жоқ! Алайда осынау бақытты, баға жетпес құндылықты әрбір қазақ өз жүрегімен сезініп, жоғары бағалай алып жүр ме?

Дүниежүзінде қазақтан саны көп, тарихы терең қаншама халық бар, бірақ олар өз алдына жеке, тәуелсіз ел бола алмай отыр. Осы тұрғыдан қарасақ, тә­уел­сіздік қазақтың ең үлкен ба­қыты екенін сезінеміз. Қаншама ғасыр бойы тәуел­сіздік пен азаттықты ата-баба­ларымыз аңсады, зарығып күтті, соның жолында құрбан болды. Сонау қазақтың кемеңгер үш биінен, үш жүздің басын қосқан ұлы хан Абылайдан бастап Алаш көсемдері, Желтоқсан қаһарман­дарына дейінгі батыр­ларымыз елінің бостандығын армандап кетті. Сол аяулы арманға 1991 жылы 16 желтоқ­санда қол жет­кіздік. Қасиетті де қастерлі ата-баба жолынан тай­маған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың басшы­лығымен тарихи таң­дауымызды жасап, тәуелсіз Қа­зақстан көш түзеді. Ұлттық бірлік пен ынты­мақты ту етіп ұстаған Елбасы­мыздың кемең­герлігі мен көш­басшы­лығының арқасында көк байрағымызды биікке желбіретіп, азат ел бол­дық. Тәуелсіздік жылдары бұрын-соңды болмаған үлкен табыс­тарға жеттік. Шекарамызды шегендеп, алыс-жақын шетел­дермен ынты­мақтастық орнат­тық. Төл тең­геміз айналымға енгізілді. 1995 жылы 30 тамызда жаңа Консти­туциямызды қабылдадық. Жаңа астана салып, оны күллі елімізді дамы­тудың күретамырына айнал­дырдық. Қазір қалаларымыз бен ауылдарымыз күннен-күнге көр­кейіп келеді. Елбасының жетек­шілігімен әуелі әлеуметтік мәсе­ле­лерді шештік. Соңғы онжыл­дықта рухани-мәдени мәселе­лерді қолға алып, жан-жақты бәсе­кеге қабілетті, интеллектуал ұлт болуды бағдар еттік. 29 жылда әлем елдері санасатын, сыйлай­тын ерікті елге айналдық. Осы­лар­дың бәріне шүкір деуге тиіс­піз. Ендігі мұрат-мақсатымыз – тәуелсіздігімізді сақтап, қорғап, нығайтып, ежелде түркі баба­ларымыз армандаған мәңгілік азат ел болу. Ата заңымызды қорғап, туған тілімізді ортақ игілігімізге айналдыру. Себебі Елбасымыз айтқандай, «Қа­зақстанның келешегі – қазақ тілінде». «Қағаны батыр, ақылгөйі кемеңгер елдің бағы жанады» деген Тоныкөк бабамыз. Тәуел­сіздігіміздің баянды болып, кө­сегеміз көгерсін десек, 29 жылда жеткен жетістіктерімізді, бағын­дырған белестерімізді бағалай білейік! Тәуелсіздік деген ұлы ұғым Жер, Ел, Халық, Рух, Тағдыр, Күрес, Тұлға, Алаш, Желтоқсан, Бірлік, Ынтымақ деген ұғым­дармен біте қайнасып жатыр. Бұл ұғымдарды бір-бірінен бөлек алып қарай алмаймыз! Қазақ сонау Ақтабан шұ­бырынды, ал­қакөл сұламада, Алаштың заманында, 37-нің қырғынында, 86-ның Желтоқ­санында мың өліп, мың тірілді. Бірақ рухымыз өл­меді. Қақаған аяздан, арыс­тан­дай ақырған азулы империяның айбарынан сескенбеген Жел­тоқсан қаһар­мандарының рухы дүниежүзін дүр сілкіндірді. Біз азаттық, бостандық, еркіндік үшін, ең алдымен Желтоқсан қаһар­мандары рухының алдында қарыздармыз! Ұлттық ру­хымызды көтеріп, шын тәуелсіз ел болуымызға серпін берген бұл ұлт-азаттық көтерілістің тарихи мәнін жоғары бағалауымыз керек. Демек, 16 желтоқсан – Қа­һар­мандар күні! Бұл күні бар­шамыз нағыз батырлардың рухына тағзым етіп, өшпес ерлігіне басымызды июге тиіспіз. Тәуелсіздік таңын атыр­ған, азат­тық асуына жеткізген Желтоқ­саншыларды жас ұр­паққа үлгі етейік! Тәуелсіздігіміз баянды бол­сын десек, әрқайсымыз құр сөз­­бен емес, нақты іспен қа­рыш­таған Қазақстанның бүгіні мен ертеңі үшін еңбек етейік! Тәуелсіз­дігімізді көзіміздің қара­шығындай сақтайық!

Әлімжан ҚҰРТАЕВ, Сенат депутаты