Тәуелсіздік – қазаққа бұйырған ең үлкен бақыт. Бұдан артық бақыт та, құндылық та, қазына да жоқ! Алайда осынау бақытты, баға жетпес құндылықты әрбір қазақ өз жүрегімен сезініп, жоғары бағалай алып жүр ме?
Дүниежүзінде қазақтан саны көп, тарихы терең қаншама халық бар, бірақ олар өз алдына жеке, тәуелсіз ел бола алмай отыр. Осы тұрғыдан қарасақ, тәуелсіздік қазақтың ең үлкен бақыты екенін сезінеміз. Қаншама ғасыр бойы тәуелсіздік пен азаттықты ата-бабаларымыз аңсады, зарығып күтті, соның жолында құрбан болды. Сонау қазақтың кемеңгер үш биінен, үш жүздің басын қосқан ұлы хан Абылайдан бастап Алаш көсемдері, Желтоқсан қаһармандарына дейінгі батырларымыз елінің бостандығын армандап кетті. Сол аяулы арманға 1991 жылы 16 желтоқсанда қол жеткіздік. Қасиетті де қастерлі ата-баба жолынан таймаған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тарихи таңдауымызды жасап, тәуелсіз Қазақстан көш түзеді. Ұлттық бірлік пен ынтымақты ту етіп ұстаған Елбасымыздың кемеңгерлігі мен көшбасшылығының арқасында көк байрағымызды биікке желбіретіп, азат ел болдық. Тәуелсіздік жылдары бұрын-соңды болмаған үлкен табыстарға жеттік. Шекарамызды шегендеп, алыс-жақын шетелдермен ынтымақтастық орнаттық. Төл теңгеміз айналымға енгізілді. 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституциямызды қабылдадық. Жаңа астана салып, оны күллі елімізді дамытудың күретамырына айналдырдық. Қазір қалаларымыз бен ауылдарымыз күннен-күнге көркейіп келеді. Елбасының жетекшілігімен әуелі әлеуметтік мәселелерді шештік. Соңғы онжылдықта рухани-мәдени мәселелерді қолға алып, жан-жақты бәсекеге қабілетті, интеллектуал ұлт болуды бағдар еттік. 29 жылда әлем елдері санасатын, сыйлайтын ерікті елге айналдық. Осылардың бәріне шүкір деуге тиіспіз. Ендігі мұрат-мақсатымыз – тәуелсіздігімізді сақтап, қорғап, нығайтып, ежелде түркі бабаларымыз армандаған мәңгілік азат ел болу. Ата заңымызды қорғап, туған тілімізді ортақ игілігімізге айналдыру. Себебі Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның келешегі – қазақ тілінде». «Қағаны батыр, ақылгөйі кемеңгер елдің бағы жанады» деген Тоныкөк бабамыз. Тәуелсіздігіміздің баянды болып, көсегеміз көгерсін десек, 29 жылда жеткен жетістіктерімізді, бағындырған белестерімізді бағалай білейік! Тәуелсіздік деген ұлы ұғым Жер, Ел, Халық, Рух, Тағдыр, Күрес, Тұлға, Алаш, Желтоқсан, Бірлік, Ынтымақ деген ұғымдармен біте қайнасып жатыр. Бұл ұғымдарды бір-бірінен бөлек алып қарай алмаймыз! Қазақ сонау Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада, Алаштың заманында, 37-нің қырғынында, 86-ның Желтоқсанында мың өліп, мың тірілді. Бірақ рухымыз өлмеді. Қақаған аяздан, арыстандай ақырған азулы империяның айбарынан сескенбеген Желтоқсан қаһармандарының рухы дүниежүзін дүр сілкіндірді. Біз азаттық, бостандық, еркіндік үшін, ең алдымен Желтоқсан қаһармандары рухының алдында қарыздармыз! Ұлттық рухымызды көтеріп, шын тәуелсіз ел болуымызға серпін берген бұл ұлт-азаттық көтерілістің тарихи мәнін жоғары бағалауымыз керек. Демек, 16 желтоқсан – Қаһармандар күні! Бұл күні баршамыз нағыз батырлардың рухына тағзым етіп, өшпес ерлігіне басымызды июге тиіспіз. Тәуелсіздік таңын атырған, азаттық асуына жеткізген Желтоқсаншыларды жас ұрпаққа үлгі етейік! Тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, әрқайсымыз құр сөзбен емес, нақты іспен қарыштаған Қазақстанның бүгіні мен ертеңі үшін еңбек етейік! Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық!Әлімжан ҚҰРТАЕВ, Сенат депутаты