Вице-министрлерді тағы жаза күтеді
Вице-министрлерді тағы жаза күтеді
163
оқылды

Қазақстанда электронды жүйелер істен шыққан сайын жауапты басшылардың орынба­сарлары жазалануы мүмкін. Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин ақпараттық жүйеде ақау болдырмау үшін жауапты органдар бірінші басшысының салаға жетекшілік ететін орынбасарының дербес жауапкершілігін бекітуді жүктеді.

Үкімет жетекшісінің мә­лі­метінше, биыл «Электронды Үкімет» порталында меморгандар шамамен 130 рет жүйенің істен шығуына жол беріпті.

– Бұл азаматтардың әділетті сынын және көңіл толмастығын туғызды. Ақаулардың негізгі үлесі Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті еншісінде. Ведомстволық жүйелердің тұ­рақты жұмыс істеуін бақылау мен мониторингтеуді күшейту мақ­сатында әр уәкілетті орган дең­гейінде бірінші басшының осы мәселеге жетекшілік ететін орынбасарын дербес жауапты етіп белгілеуді тапсырамын, – деді А.Мамин.

Заманауи технологияларды тиімді енгізу мақсатында 2018 жылы 5 министрлікте, яғни денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік-еңбек саласы, цифрлық даму мен са­лық-ке­дендік қызметінде «ци­фр­лы» вице-ми­нистрлер та­ға­йын­дал­ды. Енді Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму, Энергетика және Ішкі істер министрліктерінде де «цифрлы» вице-министрді тағайындау жоспарлануда.

Негізі арнайы жоспарға сәйкес, 2020 жылы барлық министрліктің бүкіл базалары өзара кірігуге тиіс. Яғни, келесі жылы өзара ин­тегра­циялау үдерісі аяқталуы керек. Бірақ қағаз жүзіндегі міндетке шенеуніктердің іс жүзіндегі іс-қимылы сай емес.

– Ақпараттық жүйелерді ин­те­грациялау жоспары барлық мем­лекеттік органдарға қатысты. Алайда биылға жоспарланған жұ­мыстардың тек жартысы ғана орын­далған. Ал кіріктіру жұ­мыс­тарының қалған 50%-ы бюд­жет­тің сапасыз жоспарлануы ке­сі­рінен ұзаққа созылып кетті. Қаржы, Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму, Энергетика, Экология, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктері жұмысты жан­дандырып, жыл соңына дейін жоспардың 100% орындалуын қам­тамасыз етуі қажет, – деді Үкімет жетекшісі.

Бұған қоса, ол барлық орталық меморгандарға жыл соңына дейін интернет ресурстарын Бірыңғай платформаға көшіруді аяқтауды жүктеді.

– Ақпараттық жүйелерді инте­грациялау және бизнес-процестерді автоматтандыру арқасында кез келген халыққа қызмет көрсету орталығы қызметтердің барлық түрін бір жерден әрі кешенді түрде көрсете бастауы тиіс. Сондықтан Цифрлық даму және Ішкі істер министрліктеріне цифрлы және миграциялық ХҚКО-лардың жұ­мыс форматын қолданыстағы бас­қа барлық ХҚКО-ларға тарату жұмысын пысықтауды тап­сы­рамын, – деді ол.

«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясына ци­фрлы технологияларды қол­дана отырып, шағын қалалар мен ауылдардағы азаматтарды қа­шықтан оқытудың құралдарын және тәсілдерін пысықтау жүк­тел­ді. Себебі мамандар қияндағы ауылға барғысы келмейді. Тұрғыны шамалы елді мекенде жеке ХҚКО ашу орынсыз делінді. Осыған орай, ондай ауыл-қалашықтағы жұртшылықтың жаппай компью­терлік сауатын ашу, содан кейін ма­маны жоқ, тек кеңесшісі ғана бар цифрлы ХҚКО құрып, мем­лекеттік қызметті сол орталық арқылы ұсыну жөн деп танылды.

– Жалпы, бұл шаралар сұра­нысқа ие қызметтердің қол­же­тім­ділігі мен сапасын және элек­трондық сервистің тиімділігін жо­ғарылатуға мүмкіндік бермек, – деп түйді Асқар Мамин.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Асқар Жұмағалиевтің мә­ліметінше, 2020 жылы қазақ­стан­­дықтардың цифрлы сауат­тылы­ғы­ның көрсеткіші 80%-ға дейін жетпек.

Қызметтерді электронды фор­матқа ауыстыру қазірдің өзінде құжат айналымын 70 млн құжатқа қысқартты. Жалпы алғанда, мұ­ның 8 млрд теңгеден аса жанама экономикалық әсері бар екен.

– Жыл соңына дейін элек­трон­дық қызметтердің үлесі 80%-ға дейін (723 қызметтің 580-і) жеткізіледі. 2020 жылы мем­ле­кеттік қызметтердің 90%-ы авто­мат­тандырылады, – деді министр.


Елдос СЕНБАЙ