Әлеуметтің әлеуеті қандай?
Әлеуметтің әлеуеті қандай?
147
оқылды

Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы. Сірә, осы сөйлем көшпілікке жақсы таныс. Себебі еліміздің Ата заңының алғашқы бабы осылай басталады. Соның ішінде өзін әлеуметтік мемлекет санайтын Қазақ­станның әлеуметтік ахуалды жақсарту, теңестіруде жасаған қадамдарына тоқталып өткен жөн болар. Егемендік алып, ел болғалы қандай өзгерістер болды? 

«Бетперде» кигізген пандемия

2020 жыл әсте оңай жыл болмады. Бүкіл әлемді торлаған коронавирус пандемиясы жағдайы төмен отбасыны ғана емес, түгел мемлекетті теңселтті. Жер жүзіндегі бар­лық мемлекеттің дерлік әлеуметтік қолдау жүйесіне айтарлықтай әсер етті. Тіпті, көпшілігіне кері әсер берді десек те артық болмас. Бірінші кезекте, әлемдік денсаулық сақтау саласының «шаңырағы шайқалды». Аяқасты пайда болған вирус дайындықтың төмендігін, әзірліктің жоғын көрсеткен қауқарлы сынақ болды. Алдыңғы қатарлы, дамыған талай мемлекет тайлы-тұяғы қалмай тіресті. Есесіне, осы­ның арқасында кемшіліктердің түзелуіне, кедергілердің жойылуына жол ашылды. Мәселен, әу баста инфекционистер қапта­ған қалың жұртқа қызмет көрсетіп үлгере алмай, артынша жатын орын жетіспей, жасанды желдету аппараттары тапшы болып, біраз мәселе туындады. Десек те, осының бәрі одан әрі нығаюға, қатеден сабақ алуға қарқын берген сыңайлы. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жағдай осындай болды. Мысалы, АҚШ-та медицина ЖІӨ-нің 17 пайызын құрайды. Еуропа елдеріндегі стандарт — 7-8 пайыз. Одан бөлек, бюджет не МӘМС есебінен болсын бөліп, 12 пайыз болатындары бар. Пандемия көрсеткендей, осы соңғы жүйе, яғни міндетті әлеуметтік сақтандырудың тиімдірек екені байқалды. Себебі қанша жерден америкалық жүйеде көбірек қаражат бөлінгенімен, оның бағыты дұрыс болмады. Демек, осы ретте әлеуметтік мемлекеттің артықшылығы байқалды дей аламыз.

Қазақстанның қауқары

Әлеуметтік мемлекеттің мәні сол — тығырыққа тірелгенді алып шығып, ешкімнің құздан құлауына жол бермейді. Мұны қауіпсіздікті қамтамасыз ету немесе басқаша айтқанда social safety net деп айтады. Яғни, мүгедектерде, қарттарда, түрмеден бостандыққа енді шыққандарға, көпбалалылар немесе жалғызбасты аналар сынды әлеуметтік осал топтардың марги­налданбай, жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуі тиіс. Кез келген топ өкілі мемлекет тара­пынан қолдау табады. Еліміздің шын мәнінде әлеуметтік мемлекет екені көрінген тағы бірнеше мы­салды қарастырайық. Мысалы, пост­кеңестік елдердің ішінде Қазақстан ғана ұлттық валютаның девальвациясынан кейін валюталық ипотекасы барларға айыр­ма есебін қайтарған еді. Сонымен бір­ге тұрғын үй бағдарламалары да қолға алы­нып, әлеуметтік осал топтардың бас­паналы болуына жағдай жасалып отыр. Одан бөлек, кепілсіз тұтынушылық несие­лерді де кешірген ел — Қазақстан. Әлбетте, мойындағы несиені «сызып тастап», жүк­тің жеңілдегені ел үшін елеулі көмек. Осы кредитті кешіру демекші, мұның банктер үшін де пайдалы болғанын айта кетейік. Себебі жағдайы төмен отбасы өкілдерінің ол ақшаны тіпті қайтармауы да мүмкін еді. Сөй­те тұра, «дегенмен» деп бастайтын сөз­дің барын да ескеру қажет. Мемлекет жаса­ған қайырымның қазақстандықтарға кері әсері болуы да ғажап емес. Қарап отырсақ, ке­піл­сіз несие деген – қымбат, соңғы үлгі­дегі ұялы телефон не плазмалық теледидар сынды заттар. Бәрі демесек те, біразы қалтасына қарамай алынған дүниелер. «Мемлекет көмектеседі» деп жаман үй­рене­тін жатыпішер жастар тәрбиеленбесе болғаны. Әйтпесе, қол ұшын созып, қол­дан келген көмекті берген мемлекеттен айналмай қайтерсіз?

Баспана мәселесі – басты назарда

«Бар қазақ баспаналы болсын» деген танымал тег бар. Расында, бүгінде жеке пәтерінің кілтін алып, қоныстой тойлауды қалайтындар бар. Осы мақсатта мемлекет бірнеше ипотекалық бағдарлама ұсынды. Жылдан-жылға олардың саны көбейіп, шарттары да тиімді болып келе жатыр. Мысалы, 2019 жылдың қараша айында таныстырылған «5-20-25» бағдарламасы бар. Әкімдік кезегінде тұрған әскерилер, мем­ле­кеттік қызметкерлер, бюджет сала­сының қызметкерлері ипотека рәсімдей алады. Бұған дейін болмаған шарттар: жылдық мөлшерлеме 5 пайыз, бастапқы жарна 20 пайыз, 25 жылға созуға болады. Ал барша қазақстандықтарға алуға мүмкіндік беретін «7-20-25», «Баспана хит», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін­дегі» жарты сомасын жинап алатын бағдар­ламалар ел ішінде жақсы таныс. Көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар әкімдік кезегіне тұрып алатын «Бақытты отбасы» бағдарламасын да атап өтуге болады. Сонымен бірге қалалық әкімдер ұйым­дас­тырып, белгілі бір топтарға баспана мә­селе­сін шешуге көмектесіп жатыр. Мыса­лы, 35 жасқа дейінгі алматылық жастар «Ал­ма­ты жастары 3.0» тұрғын үй бағдар­ламасы аясында үйлі болды. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қа­зақ­стан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық табыстың түрлі дең­гейіне сай келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырған еді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы жылдың 1 шілдесіне қаржыландырудың барлық көзі бойынша Қазақстанда тұрғын үй құрылысына 769,8 млрд теңге инвес­тиция салынған. Бұл 2019 жылмен салыс­тырғанда 26,3%-ға артық. Республика бо­йын­ша барлығы 52 282 бірлік тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 18 996-сы – жеке тұрғын үй.  Тұрғын үй кезегі жыл сайын 50 мың адамға ұлғайып келеді. Ал әлеуметтік тұрғын үй жыл сайын 20 мың отбасына пайдалануға беріледі. Осыған байланысты, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша азаматтарды олардың мүмкіндік­тері мен мәртебесіне қарай тұрғын үймен қамтамасыз етудің градациялық жүйесін енгізу көзделіп отыр.

Жәрдемақы жайы қандай?

Осы жылдың ең талқыға көп түскен тақырыбы — жәрдемақы. Былтыр атаулы әлеуметтік көмектің кімге, қандай мөлшер­де берілетіні «жыр» болса, биыл оған 42 500 теңге қосылды. Кезекпен айтар болсақ, биыл Президенттің тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізіп, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін қайта қарастырды. АӘК алу­шылардың дені көпбалалы отбасылар болғандықтан, олар бөлек санатқа шыға­рылып, республикалық бюджеттен мемле­кеттік жәрдемақы тағайындалды. Жәрдем­ақы 4 және одан да көп көпбалалы отбасы­ларға арналған. Жәрдемақы көлемі 42 500 теңгеден басталады және бала санына қарай артып отырады. Өздеріңізге белгілі, АӘК 2002 жылдан бері көмекке мұқтаж жандарға төленіп келе жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек соңғы өзгерістерге дейін әр тоқсан сайын тағайындалып, тиісті көлемде берілетін. Біз осы жүйені қайта қолданысқа енгіздік. Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек әр тоқсан сайын қайта тағайындалады. Негізгі өзгерістердің бірі – кепілдендірілген әлеуметтік пакет. Бұл әлеуметтік топтама тек атаулы әлеу­меттік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арнал­ған. Бұл – АӘК. Пандемияға байланысты табысынан айырылған азаматтарға карантин енгізілгендіктен 42 500 теңге тағайындалған.

Зейнетақы жүйесі жайлы

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өзіндік зейнетақы жүйесін қалыптастырды. Басынан бірнеше реформа өткерген жүйе биыл қызу талқыға түсті. Себебі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы азаматтардың қаражатын тұрғын үй алу немесе емдік шаралар үшін пайдалану мүмкіндігін беретінін мәлім­деген. Енді 2021 жылы 700 мың салымшы жинағы­ның жартысын баспана алу, емделу немесе қаржы ком­пания­ларына басқаруға беру үшін пайда­лана алады. Жеткілікті шекке жеткен қазақ­стандықтар зейнет­ақы жина­ғының бір бөлігін үш жағдайда ғана шешіп алуға құқылы: тұрғын үй жағдайын жақ­сарту үшін, денсаулықты жақсарту мақ­сатында емдік шараларды төлеу үшін, сенімді жеке компанияларға қаржыны беру үшін. Бұл ретте қазақстандықтардың демо­графиялық ахуалы, көшу мәселесі де әсер ететінін айта кету керек.  Тәуелсіздік алған тұстан бергі жетістіктерді қоғамның барлық саласынан байқаймыз. Тұрақты, дамуға бағыт алған мемлекет өзге елдермен иық тіресе гүлденіп келеді.

Айша ЕРСҰЛТАН