Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы. Сірә, осы сөйлем көшпілікке жақсы таныс. Себебі еліміздің Ата заңының алғашқы бабы осылай басталады. Соның ішінде өзін әлеуметтік мемлекет санайтын Қазақстанның әлеуметтік ахуалды жақсарту, теңестіруде жасаған қадамдарына тоқталып өткен жөн болар. Егемендік алып, ел болғалы қандай өзгерістер болды?
«Бетперде» кигізген пандемия
2020 жыл әсте оңай жыл болмады. Бүкіл әлемді торлаған коронавирус пандемиясы жағдайы төмен отбасыны ғана емес, түгел мемлекетті теңселтті. Жер жүзіндегі барлық мемлекеттің дерлік әлеуметтік қолдау жүйесіне айтарлықтай әсер етті. Тіпті, көпшілігіне кері әсер берді десек те артық болмас. Бірінші кезекте, әлемдік денсаулық сақтау саласының «шаңырағы шайқалды». Аяқасты пайда болған вирус дайындықтың төмендігін, әзірліктің жоғын көрсеткен қауқарлы сынақ болды. Алдыңғы қатарлы, дамыған талай мемлекет тайлы-тұяғы қалмай тіресті. Есесіне, осының арқасында кемшіліктердің түзелуіне, кедергілердің жойылуына жол ашылды. Мәселен, әу баста инфекционистер қаптаған қалың жұртқа қызмет көрсетіп үлгере алмай, артынша жатын орын жетіспей, жасанды желдету аппараттары тапшы болып, біраз мәселе туындады. Десек те, осының бәрі одан әрі нығаюға, қатеден сабақ алуға қарқын берген сыңайлы. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жағдай осындай болды. Мысалы, АҚШ-та медицина ЖІӨ-нің 17 пайызын құрайды. Еуропа елдеріндегі стандарт — 7-8 пайыз. Одан бөлек, бюджет не МӘМС есебінен болсын бөліп, 12 пайыз болатындары бар. Пандемия көрсеткендей, осы соңғы жүйе, яғни міндетті әлеуметтік сақтандырудың тиімдірек екені байқалды. Себебі қанша жерден америкалық жүйеде көбірек қаражат бөлінгенімен, оның бағыты дұрыс болмады. Демек, осы ретте әлеуметтік мемлекеттің артықшылығы байқалды дей аламыз.Қазақстанның қауқары
Әлеуметтік мемлекеттің мәні сол — тығырыққа тірелгенді алып шығып, ешкімнің құздан құлауына жол бермейді. Мұны қауіпсіздікті қамтамасыз ету немесе басқаша айтқанда social safety net деп айтады. Яғни, мүгедектерде, қарттарда, түрмеден бостандыққа енді шыққандарға, көпбалалылар немесе жалғызбасты аналар сынды әлеуметтік осал топтардың маргиналданбай, жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуі тиіс. Кез келген топ өкілі мемлекет тарапынан қолдау табады. Еліміздің шын мәнінде әлеуметтік мемлекет екені көрінген тағы бірнеше мысалды қарастырайық. Мысалы, посткеңестік елдердің ішінде Қазақстан ғана ұлттық валютаның девальвациясынан кейін валюталық ипотекасы барларға айырма есебін қайтарған еді. Сонымен бірге тұрғын үй бағдарламалары да қолға алынып, әлеуметтік осал топтардың баспаналы болуына жағдай жасалып отыр. Одан бөлек, кепілсіз тұтынушылық несиелерді де кешірген ел — Қазақстан. Әлбетте, мойындағы несиені «сызып тастап», жүктің жеңілдегені ел үшін елеулі көмек. Осы кредитті кешіру демекші, мұның банктер үшін де пайдалы болғанын айта кетейік. Себебі жағдайы төмен отбасы өкілдерінің ол ақшаны тіпті қайтармауы да мүмкін еді. Сөйте тұра, «дегенмен» деп бастайтын сөздің барын да ескеру қажет. Мемлекет жасаған қайырымның қазақстандықтарға кері әсері болуы да ғажап емес. Қарап отырсақ, кепілсіз несие деген – қымбат, соңғы үлгідегі ұялы телефон не плазмалық теледидар сынды заттар. Бәрі демесек те, біразы қалтасына қарамай алынған дүниелер. «Мемлекет көмектеседі» деп жаман үйренетін жатыпішер жастар тәрбиеленбесе болғаны. Әйтпесе, қол ұшын созып, қолдан келген көмекті берген мемлекеттен айналмай қайтерсіз?Баспана мәселесі – басты назарда
«Бар қазақ баспаналы болсын» деген танымал тег бар. Расында, бүгінде жеке пәтерінің кілтін алып, қоныстой тойлауды қалайтындар бар. Осы мақсатта мемлекет бірнеше ипотекалық бағдарлама ұсынды. Жылдан-жылға олардың саны көбейіп, шарттары да тиімді болып келе жатыр. Мысалы, 2019 жылдың қараша айында таныстырылған «5-20-25» бағдарламасы бар. Әкімдік кезегінде тұрған әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының қызметкерлері ипотека рәсімдей алады. Бұған дейін болмаған шарттар: жылдық мөлшерлеме 5 пайыз, бастапқы жарна 20 пайыз, 25 жылға созуға болады. Ал барша қазақстандықтарға алуға мүмкіндік беретін «7-20-25», «Баспана хит», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» жарты сомасын жинап алатын бағдарламалар ел ішінде жақсы таныс. Көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар әкімдік кезегіне тұрып алатын «Бақытты отбасы» бағдарламасын да атап өтуге болады. Сонымен бірге қалалық әкімдер ұйымдастырып, белгілі бір топтарға баспана мәселесін шешуге көмектесіп жатыр. Мысалы, 35 жасқа дейінгі алматылық жастар «Алматы жастары 3.0» тұрғын үй бағдарламасы аясында үйлі болды. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық табыстың түрлі деңгейіне сай келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырған еді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы жылдың 1 шілдесіне қаржыландырудың барлық көзі бойынша Қазақстанда тұрғын үй құрылысына 769,8 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 26,3%-ға артық. Республика бойынша барлығы 52 282 бірлік тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 18 996-сы – жеке тұрғын үй. Тұрғын үй кезегі жыл сайын 50 мың адамға ұлғайып келеді. Ал әлеуметтік тұрғын үй жыл сайын 20 мың отбасына пайдалануға беріледі. Осыған байланысты, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша азаматтарды олардың мүмкіндіктері мен мәртебесіне қарай тұрғын үймен қамтамасыз етудің градациялық жүйесін енгізу көзделіп отыр.Жәрдемақы жайы қандай?
Осы жылдың ең талқыға көп түскен тақырыбы — жәрдемақы. Былтыр атаулы әлеуметтік көмектің кімге, қандай мөлшерде берілетіні «жыр» болса, биыл оған 42 500 теңге қосылды. Кезекпен айтар болсақ, биыл Президенттің тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізіп, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін қайта қарастырды. АӘК алушылардың дені көпбалалы отбасылар болғандықтан, олар бөлек санатқа шығарылып, республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Жәрдемақы 4 және одан да көп көпбалалы отбасыларға арналған. Жәрдемақы көлемі 42 500 теңгеден басталады және бала санына қарай артып отырады. Өздеріңізге белгілі, АӘК 2002 жылдан бері көмекке мұқтаж жандарға төленіп келе жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек соңғы өзгерістерге дейін әр тоқсан сайын тағайындалып, тиісті көлемде берілетін. Біз осы жүйені қайта қолданысқа енгіздік. Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек әр тоқсан сайын қайта тағайындалады. Негізгі өзгерістердің бірі – кепілдендірілген әлеуметтік пакет. Бұл әлеуметтік топтама тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Бұл – АӘК. Пандемияға байланысты табысынан айырылған азаматтарға карантин енгізілгендіктен 42 500 теңге тағайындалған.Зейнетақы жүйесі жайлы
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өзіндік зейнетақы жүйесін қалыптастырды. Басынан бірнеше реформа өткерген жүйе биыл қызу талқыға түсті. Себебі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы азаматтардың қаражатын тұрғын үй алу немесе емдік шаралар үшін пайдалану мүмкіндігін беретінін мәлімдеген. Енді 2021 жылы 700 мың салымшы жинағының жартысын баспана алу, емделу немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалана алады. Жеткілікті шекке жеткен қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін үш жағдайда ғана шешіп алуға құқылы: тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін, денсаулықты жақсарту мақсатында емдік шараларды төлеу үшін, сенімді жеке компанияларға қаржыны беру үшін. Бұл ретте қазақстандықтардың демографиялық ахуалы, көшу мәселесі де әсер ететінін айта кету керек. Тәуелсіздік алған тұстан бергі жетістіктерді қоғамның барлық саласынан байқаймыз. Тұрақты, дамуға бағыт алған мемлекет өзге елдермен иық тіресе гүлденіп келеді.Айша ЕРСҰЛТАН