Түркістандық балаларға орталық тарту етті
Түркістандық балаларға орталық тарту етті
127
оқылды

Бұрнағы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастама­лары форумында Нұр-Сұлтан қаласы, Ал­ма­ты, Атырау, Ба­тыс Қазақ­стан, Жамбыл, Қос­танай, Шығыс Қазақстан облыс­тары­мен бірге Түркіс­тан облысында да оңалту орта­­лығының  ашылу салта­наты болды.  

Онлайн режимдегі форумға қатысушылар ал­дында сөз алған Елбасы мемлекет тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарынан бастап   бәсе­кеге қабілетті жастарды тәр­бие­­леуге ерекше назар аударып келе жатқанын айтты. – Жастар жылы аясында да­рын­ды балаларды қолдау мақ­сатында мен «Ел үміті» бастамасын ұсындым. Сонымен қатар біз маңызды жоба – «Қамқорлықты» бастадық. Бүгін біз осы бас­тама­лардың нәтижелерімен та­ныс­тық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Онлайн жүйеде өткен шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев сауықтыру орталығының тұсауын кесіп, Ел­басының еліміздің дарынды жас­тарын анықтау және қолдау бо­йынша «Ел үміті» бастамасының жеңім­паздарын марапаттады. «Елбасы медалі» бойынша бес бағытта көш бастаған Сарыағаш ауданының оқушысы Марғұлан Әділбек, «Мың бала» ұлттық олим­­пиадасының жүлдегері, Жеті­сай ауданының  «Дарын» мек­теп-интернатының оқушысы Өтел­бай Дәуірхан, Шымкент қа­ла­сындағы ер балаларға арнал­ған лицей-интернатының оқу­шысы Шерхан Жамбеков арнайы ме­дальға ие болды. Түркістан Нұрсұлтан Назарбаев қоры­ның «Қамқор­лық» оңалту орта­лығы Түркістан облыстық балалар ауруханасының тұсынан ашылды. АҚШ, Италия, Германия, Аустрия және Ресей мемлекеттерінен әкелінген 100-ге жуық жаңа құ­рал-жабдықпен қамтылған. Бас серіктес – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ. Орталық Түр­кістан облысы мен Шымкент қаласының бала­ларын қабылдайды. Тиімді емдеу тәсілінің бірі – ғарышкерлерге арналған сен­сорлы киім. Сауықтыру орта­лығында «Тіркеуге арналған аудио­метриялық модуль» орна­тылған. Түркістан облысындағы алғашқы құрылғының көмегімен жаңа туған нәрестелерден бастап гиперкинетикалық сал ауруы және аутизммен ауыратын нау­қастарды зерттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бейне-элек­троэнцефалография кабинеті жұ­мыс істейтін болады. Бұл – ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар үшін таптырмайтын мүм­кіндік. Жалпы ааумағы 500 шаршы метрді қамтитын орта­лықта меха­нотерапияға арналған жабдықтар, иппотерапияға арналған s-rider Sky тренажері, «Атлант» нейро-ортопедиялық пневмо­костюмі, «Мультистенедер Дженкс» тре­нажері, жүруге және аяқ-қолдарға арналған тренажер, позициялық жүйелер, монтессори дамытушы тренажерлар жиынтығы мен қол­дың ұсақ моторикасын дамытуға арналған ойын тера­пиясы жиын­тықтарымен жасақталған. Орталықта білікті мамандар соңғы емдік әдіс­терді пайдалана отырып нейро-орто­педиялық ақауы бар балалар мен жасөспірім­дерге кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көр­сетіп, сауықтыру шараларын жүргізеді. 17 ма­ман, оның ішінде реа­билитолог, физио­терапевт, 5 ЛФК нұсқаушысы, неонатолог, нев­ролог, логопед, дефектолог, пси­холог дәрігерлері жұмыс істейді. Мамандардың барлығы арнайы даярлықтан өткен. Оңалту курсы 21 күнді құрай­ды. Мұнда жылына 360 баланы сауықтыру жоспарлануда. Ерте даму орталығындағы кешенді ем мүм­кіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік және ақыл, дене жағынан дамып, жетілуін қалып­тастыруға септігін тигізеді. Атап айтқанда, қозғалыс пен сөйлеудегі көрсеткіштерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. «Қамқорлық» бастамасы – ерекше қажет­тілігі бар балаларға арналған қам-қарекет. Инклю­зивті қоғамды дамыту – мемлекет пен қоғам алдында тұрған аса маңызды міндеттің бірі. Қазақ­станда ерекше білім алу қажеттілігі бар 153 000 бала бар.

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы