Ерен еңбек еленген күн
Ерен еңбек еленген күн
162
оқылды

Президенттің Жарлығымен еңбек арда­герлері, жұмысшылар, педагогтер, дәрігерлер, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар­дың, ауыл шаруашылығының өкілдері және өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары атап өтілді. Республикаға сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени да­муына, достық пен ынтымақтастықты нығай­туға қосқан үлесі үшін қарағандылықтар орден­дерге, медальдарға және Құрмет грамота­ларына ие болды.

Мемлекет басшысының атынан марапат­тарды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек табыс етті. – Тәуелсіздік жылдары туралы айта оты­рып, мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына Қарағанды облысының елеулі үлес қосқанын мақтанышпен атап өткім келеді. Бұл – ерекше өлке, Сарыарқаның жүрегі, Қазақстанның өнеркәсіптік орталығы, – деді өңір басшысы. Президент Жарлығымен жоғары дәре­желі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басинге берілді. Елдің экономикалық дамуындағы және өндірістік қызметтегі үздік жетістіктері үшін оған айрық­ша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені табыс етілді. – Бұл – Қазақстан магниткасының барлық ұжымы үшін өте жоғары марапат. Қазақстан­дағы барлық тау-кен металлургия саласы қызметкерлері еңбегінің бағаланғанына бек қуаныштымыз. Біз экономиканың тұрақты дамуы мен мемлекетіміздің одан әрі жаңғыруы үшін бар күшімізді саламыз, – деді Вадим Басин. Шарада қарағандылықтарды, сондай-ақ мемлекеттік сыйлықтардың табысталуымен де құттықтады. Ақын Серік Ақсұңқарұлы Абай атындағы Әдебиет және өнер саласындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық ғалымдарға берілді. – Біздің ЖОО тарихында бұл – үшінші мемлекеттік сыйлық. Аталған  марапат – алдағы жемісті жұмыс үшін үлкен ынталандыру. Біздің бүгінгі деңгейіміз мемлекеттің ғылым мен білімге деген ықыласын білдіреді, – деді ҚарТУ ректоры Марат Ибатов. «Парасат» орденімен «Қазақмыс» корпо­рациясы» ЖШС дамыту жөніндегі директоры Бақтияр Қырықпышев марапатталды. YDD Corporation ЖШС құрылтайшысы Шмаги Кемертелидзеге ІІ дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. Жемісті еңбегі мен жоғары көрсеткіштері үшін тоғыз қарағандылық ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен мара­патталды. Қарағанды облысының тағы бес тұрғыны Құрмет марапатына ие болды. Қара­ғанды облысы сайлау комиссиясының хат­шысы Наталья Баталова, еңбек ардагерлері Қалмақан Мусин мен Петр Нефедов, «Қарттар мен жалғызіліктілерді күту және асыру жөніндегі» ҚБ басқармасының басшысы Гүлнар Түсіпбекова және «Бірлік-2006» ЖШС кеңесшісі Төлеутай Шәкіров «Құрмет» орденінің иегерлері атанды. Өнеркәсіп, қаржы, спорт, ауыл шаруашылығы саласының жиырма қызметкері, сондай-ақ ардагерлер еңбек жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы «Руханият» орталығының Бұқар жырау атындағы жыршы-жыраулар сыныбының жетекшісі Дидар Кәмиге берілді. Белсенді және жемісті қайырымдылық қызметі мен мейірімділігі үшін облыстың жеті тұрғынына «Шапағат» медалі берілді. Белсенді өмірлік ұстанымы мен ерен еңбегі үшін тағы 12 қарағандылық Қазақстанның Құрмет грамота­ларымен марапатталды. Жыл қорытындысын шығара отырып, Жеңіс Қасымбек дәрі­герлердің, кеншілер мен металлургтердің, аграрийлер мен бизнесмендердің, педагогтер мен әлеуметтік сала қызметкерлерінің, құрылысшылардың жұмысын ерекше атап өтті. – Барлық госпитальдың, емхананың, жедел жәрдем қызметінің, медициналық университет пен колледждердің студенттері мен оқытушыларының үйлесімді және батыл жұмысын атап өткім келеді. Біздің еріктілерге, қоғамға жанқиярлықпен қызмет ететіндерге жеке алғыс айтамыз, – деді облыс әкімі. Марапатталғандар басшылық пен жерлес­теріне, олардың жұмысына лайықты баға бер­гені, елдегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін алғыс білдірді.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы