Бюджетке әркімнің-ақ бар таласы
Бюджетке әркімнің-ақ бар таласы
132
оқылды

Сенат «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жо­басын қарап, Мәжіліске кері қайтарды. Алдағы уақытта облыстар мен респуб­лика­лық маңызы бар қалалар бюджеттерінің жобалары Сенатқа ұсынылуы мүм­кін. Неге? Төменде баяндаймыз.

Үкімет мүшелері қатысқан па­лата отырысында сенаторлар бюд­жет жобасын талқылап, еліміздің не­­гізгі қаржы-экономикалық заңы­­на 85 түзету мен толықтыру ұсын­­­ған болатын. Оның 44-і қа­­­­был­данды. Түзетулер, бірін­ші кезекте аймақтарды дамы­ту­­ды ынталандыруға және аз­а­мат­­тардың әл-ауқатын жақсарту ша­­раларына қатысты болды. Мә­­селен, балаларға, көпбалалы от­ба­сыларға, мүгедектерге бері­летін жәрдемақыны арттыруға, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға бөлінетін әлеуметтік сала шығындары 5,7 трлн теңге немесе 45 пайызға жуық болып отыр.

Өңірлерде кезекте тұрған­дар­дың жер телімдерін алуына орай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының шараларын қаржыландыру аясында инфра­құрылым құрылысына арналған қаржыға байланысты бірқатар түзетулер ұсынылды. Сонымен қатар Жоғарғы палатаның жалпы оты­рысында шалғайдағы елді ме­кендерде сумен жабдықтау жүйе­сін салу және қайта құру, сондай-ақ Аймақтарды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы ая­сын­да тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шара­ларды жүзеге асыруға қатысты түзетулер талқыланды. Таратып айт­сақ, Түркістан және Жамбыл облыстары, сондай-ақ Шымкентті үш жылда 17,1 млрд теңгеге газ­дан­дыру; Солтүстік Қазақстан, Қы­зылорда, Ақмола және Шы­ғыс Қазақстан облыстары мен Жез­қазған қаласында 5,2 млрд тең­геге су құбырларын тарту; Нұр-Сұлтандағы Есіл мен Сары­бұ­лақ өзендерінің арнасын, сон­дай-ақ келер жылы XVII ай­ма­қаралық ынтымақтастық форумын өткізуге дайындық шеңберінде Көкшетауда жылу желісін қалпына келтіруге 1,3 млрд теңге; әл-Фарабидің 1 150 жылдық мерейтойына дайын­дық жасау мен өткізу үшін Халық шаруа­шылығы жетістіктері көр­ме­сінде «Қазақстан» павильонына экспозиция дайындауға 832 млн теңге бөлуді ұсынды. Депутаттар 2020 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында Сенат қызметін ақ­­параттық сүйемелдеуді қамта­ма­­сыз етуге қосымша 460,5 млн тен­ге бөлуді, Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі арқылы «Еу­­­разия» телеарнасына қолда­ныс­тағы бағдарламаларды жетіл­діру, мемлекеттік тілде жаңа бағ­­­дарламалар мен фильмдер цик­лын шығаруға бөлінетін қаржыны 1 млрд теңгеге ұлғайтуды ұсынды. Жал­пы алғанда, республикалық бюд­жеттің шығыстар көлемін 40,8 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға қа­тысты түзетулер енгізілді, айта ке­тейік, оның 15 млрд теңгесі 2020 жылға арналған.

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева барлық деңгейдегі бюд­жет шығындарын бақылау үшін Есеп комитетін, өңір­лер­дегі мәслихаттарды және тек­серу комиссияларын кадрмен және ұйымдастыру жұмыстарымен қамтамасыз ету қажетін атап өтті. Сонымен бірге Сенатқа облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бюджетінің жобаларын ұсыну туралы да айтылды. Бұл де­путат­тардың жергілікті бюджеттің кірісі мен шығысының жалпы кө­рі­нісімен танысу үшін қажет екен.

– Республикалық бюджет ко­миссиясы өтінімдерді өзде­рі қарай береді, ал бюджет комис­сия­сының жұмыс тобының жал­ғыз отырысына Парламент де­­путаттарының қатысуы фор­ма­ль­ды түрде қатысумен шек­те­леді. Үкіметтің назарын осы мә­селеге аудара отырып, жақын ара­да тиісті шаралар қабылдауды ұсы­намыз, – деді Д.Назарбаева.

Парламент Сенатының жалпы отырысының қорытындысы бойын­ша депутаттардың респуб­ликалық бюджет жобасына енгіз­ген түзетулері Мәжіліске жіберілді. Енді Мәжіліс Жоғарғы палатаның ұсыныстарын өзара талқылап, келісуі керек.

Сенаттың жалпы отырысында еліміздің 2020-2024 жылдарға ар­налған әлеуметтік-экономи­ка­лық даму болжамы да талқыға түсті. Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленовтің айтуын­ша, болжам мен бюджеттік пара­метрлерді қалыптастыру үшін не­гізге алынған базалық сценарий мұнай бағасы 55 доллар көлемінде болады деп болжайды. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2020 жылы – 4,1 пайыз, ал 2024 жылы 4,7 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Ор­таша жылдық өсу қарқыны 5 жыл­да 4,4 пайызды құрайды. ЖІӨ өсуі жал­пы жинақтың, ішкі тұтынудың және экспорттың өсуі есебінен қамтамасыз етілмек.

Министр мұнай өндіру көлемі келер жылы 90 миллион тоннадан 2024 жылы 100 миллион тоннаға дейін өседі дейді.

«Өндіріс Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту есебінен болады. Номиналды жал­пы ішкі өнім 2020 жылы 75 трил­лион теңгені, ал 2024 жылы 106 триллион теңгені құрайды. 2020-2021 жылдары инфляцияның жылдық нысаналы дәлізі 4,0-6,0 пайыз деңгейінде сақталады. Ал 2022-2024 жылдары 3,0-5,0 пайыз шегінде болады. Мак­роэ­кономикалық болжамның не­гізінде 2020-2022 жылдарға ар­налған бюджет параметрлерінің бол­жамы әзірленген. Соған сәй­кес, республикалық бюджеттің кі­рістері (трансферттерді қос­па­ғанда) болжам бойынша 2020 жы­лы 8,1 трлн теңгені, 2022 жылы 9,5 трлн теңгені құрайды», – деді ми­нистр. 2020 жылы бюджет тап­шылығы жалпы ішкі өнімге қара­ғанда 2,1 пайыз, 2022 жылы – 1 пайызға дейін төмендейді деген жос­пар бар. Осы параметрлер есеп­ке алынып, республикалық бюд­жеттің шығыстары 2020 жылы – 12,9 трлн теңге, 2022 жылы 13,7 трлн теңге көлемінде айқындалып отыр.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ