Алматыда Қазақстан Халық партиясының өкілдері қаладағы орта мектептердің, сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарының педагогтерімен және оқытушыларымен «Тәуелсіздік. Мемлекет. Әлеует.» тақырыбында кездесу өткізді. Дөңгелек үстелге қатысушылар сапалы жоғары білім болмаса, елдің болашағы бұлыңғыр екеніне көз жеткізді.
ҚХП өкілдерінің пікірінше, Қазақстандағы білім берудің негізгі проблемасы – оның қолжетімсіздігі. Теориялық тұрғыдан алғанда біздің елде барлығына тегін орта білімге кепілдік берілген. Алайда кей жерлерде сапалы білім тек элита өкілдеріне ғана арналғандай.
– Мейлі ол қалада немесе ауылда тұрсын, әр бала, мектептің әр түлегі өздері қалаған білімге қол жеткізуі керек, – деді ҚХП Алматы қалалық филиалының жетекшісі Әлібек Шапенов.
Өкінішке қарай, қазір Қазақстандағы білім ең дарынды балаларға емес, дайындығы жоғары балаларға бағытталған. Яғни, ата-аналары репетиторларға ақша аямаған балаларға ғана арналғандай. Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларға дәл осындай қағидат бойынша таңдау жасайды.
– НЗМ-да білім алу дарынды балалардың бәріне қолжетімді болуы керек. Ондағы білім де салық төлеушілер есебінен жүзеге асырылуда. Мұндай мектептерге қабылдау басқа критерийлер бойынша жүргізілуі керек! – деді ҚХП өкілі.