Аласармайтын Отарбаев биігі
Аласармайтын Отарбаев биігі

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ республикалық театр фестивалі Атырау қаласында өтті. Атырау облысы әкімдігі, Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры, Рахымжан Отарбаевтың руханият қоры ұйымдастырған өнер мерекесінің ашылу салтанаты Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында басталды.

Фестивальдің ашылу салта­на­тында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөз сөйлеп, қаламгер шығарма­шы­лығына кеңінен тоқталып, фестиваль жұмысына сәттілік тіледі. «Рахымжан Қасымғалиұлы проза мен драматургияда өз орнын тапқан адам. Әлеуметтік проблемаларға ешқашан бейжай қарамай, ұлтжанды азамат бол­ған ол – тек біздің өңіріміз емес, бүкіл қазақтың мақтаны­шы. Рахымжан Отарбаев – Әбіш Кекіл­баевтың, Әбу Сәр­сен­баев­тың, Хамит Ерғалиев­тің, Фариза Оңғарсынованың асыл қазына­сы­ның мұрагері. Ұлттық мәде­ние­тіміз пен өнеріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан оның талантын басқа жұрт та танып, шығармалары әлем тілдеріне аударылды. Уақыт бөліп, фестивальге арнайы келіп, қатысып отырған Рахымжан ағамыздың ағайындарына, дос-жолдастарына ризашылығымды білдіремін. Осы фестивальге келген театр ұжымдарына, бас­шы­ларына алғысымды айтамын. Сіздердің өнерлеріңіз көрермен­ге қуат береді», – деді өңір бас­шы­сы. Қазақстанның Еңбек Ері, фестивальдің қазылар алқасы­ның төрағасы Асанәлі Әшімов Рахымжан Отарбаевтың мәде­ниет саласындағы, соның ішінде, театр өнеріндегі еңбегін атап өтті. Қаламгердің ұлы Ермерей Рахымжанұлы фестиваль қонақ­та­ры мен атыраулықтардың ыс­тық ықыласына ризашылығын біл­дірді. «Осы шара басталғалы халық­тың отансүйгіш қалпын, әкеме, оның шығармашылығына деген құрмет сезімін байқап отыр­мыз. Сондай-ақ осы фести­ва­льге келген барлық артиске әке­ме деген сый-құрметтеріңіз үшін алғысымды айтамын», – деді Е.Отарбаев.

Айта кетейік, фестивальге қа­тыс­қан театр ұжымының өне­рін Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық артисі, Мемлекет­тік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов (төраға), Қазақстанның Халық артисі, профессор, «Пара­сат» орденінің иегері, режиссер Есмұхан Обаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан­ның еңбек сіңірген артисі, ре­жис­сер Сердеш Қажымұратұ­лы, Қа­зақстанның Халық артисі, про­фессор, режиссер Талғат Теме­нов, жазушы, әдебиет­тану­шы, Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінің оқытушысы Ұларбек Нұрғалымұлы, театр сыншысы Айзат Қадыралиева және журна­лист, «Шабыт» сыйлы­ғының лау­реаты, қаламгердің қызы Қа­ракөз Рахымжанқызынан құ­рал­ған қазылар алқасы бағала­ды.

Сонымен фествальдің шы­мыл­дығын Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік ака­де­миялық музыкалық драма театры Р.Отарбаевтың «Әміре» драмасымен ашты. Түркістан қалалық Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры Р.Отарбаев­тың «Мұстафа Шоқай» (қоюшы режиссері – Айдар Наурызбаев, қоюшы суретші – Қанат Шериев) драмасын сахналаса, Рахым­жан Отарбаевтың «Наша­қор жайлы новелла» шығармасын Жетісай қалалық Қ.Жандарбеков атындағы драма театры («Түнек торы») қойды. Н.Жантөрин атын­­дағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры және С.Сейфуллин атындағы Қара­ған­ды облыстық қазақ драма театры Р.Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» лирикалық дра­ма­сын сахналады. Қос театр ұжы­мы қойған спектакльдің ор­тақ режиссері – Н.Жұма­ниязов. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры қойған «Темір Нарком» драмасы да көп­шіліктің көңілінен шықты. Р.Отар­баевтың «Бас» қойылы­мын Ж.Ша­нин атындағы акаде­мия­лық қазақ драма театрының ұжы­­мы (қоюшы режиссері – Қ.Қа­сымов, қоюшы суретшісі – Қ.Жұмақұлов, балетмейстері – К.Шишкалов) ұсынды. Ақмо­ла облыстық орыс драма театры Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» дра­ма­сын қойды. Көпшіліктің бә­ріне бірдей үлкен әсер сый­лаған «Жалғыздық» драмасын М.Өте­міс­­­ұлы атындағы академия­лық қазақ драма театры сах­на­ла­ды. Режиссері – М.Томанов, сцено­граф – Т.Мұхтаров.

Театр фестивалі аясында бір­қатар іс-шара да өтті. Мәсе­лен, Р.Отарбаевтың «Бас» романы, «И я был подобием твоим…», «Плач Чин­гизхана» кітаптары және Ұлт­тық академиялық кі­тап­­­­ха­надан шыққан библио­гра­­фия­лық көрсеткіші оқырманға жол тарт­ты. Оған қоса «Рахым­жан Отар­баев­тың руханият қоры­­­ның» тұсауы кесілді. Ақын­ның жары Сәуле Отарбаева бұл қор қалам­гер шығармашылы­ғын көпке таныстырумен қатар, шы­ғар­ма­шыл жастарға да қам­қор­лық танытатынын айтты.


«Әдебиет пен мәдениетке тең­дей үлес қосқан Рахымжан­дай перзентін елі ұмытпауы керек. Ол Қазақстанды ғана емес, алыс-жа­қын шет мемлекеттерді мо­йын­датқан санаулы сурет­кер­дің бірі. Оның шығармашылығын насихаттау ісі қаламгердің елінде үлкен шараға ұласып жатыр. Ұмытпай, елеп-ескерген үлкен-кішіге алғысым шексіз» деген Асанәлі Әшімов фестиваль қо­ры­­тындысында сөйлеген сөз­інде алдағы уақытта да Отар­баев биігі аласармайтынын айтты. 


Аптаға созылған фестиваль сахнасы жазушының шығарма­шы­лығын дәріптеген сахналық қойылыммен аяқталды.

Фестиваль қорытындысы бойынша «Үздік сценограция» жүлдесін Қ.Жандарбеков атын­дағы Жетісай драма театрының ұжымы иеленсе, «Үздік режис­сер» номинация­сымен Ақмола об­лыс­тық орыс драма театры сах­налаған «Бейбарыс» драмасы­ның режиссері Ольга Луциева алды. Т.Ахтанов атындағы Ақтө­бе облыстық драма театры­ның ак­тері Нұрболат Өтеғұлов Р.Отар­баевтың «Темір Наркомын­дағы» басты рөл – Т.Жүргеновтің бей­несі үшін «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясын иеленді. С.Сей­фуллин атындағы Қара­ғанды облыстық қазақ драма театрының актрисасы Дина Заитова «Фариза мен Мұқағали» лирикалық драмасындағы Фариза рөлі үшін «Ең үздік әйел адам рөлі» но­минациясын алды. «Көрермен көзайымы» номина­циясын Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры­ның актері, «Бас» драма­сында Құрақ қартты сомдаған Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Мәжит Ілияс­қа­ров алды. Дастан Әлімов «Әміре» спектакліндегі эпизод­тық рөлі үшін марапатталды. «Рахымжан Отарбаевтың Руха­ният қоры» тағайындаған «Ра­хым­­жан Отарбаев атындағы жүл­де» «үздік ре­жиссура» жүлдесін Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры қойған «Бас» драмасының режиссері Қуандық Қасымов алды.

Екі үшінші орынды Ж.Ша­нин атындағы академиялық қазақ драма театры («Бас») және Түркістан қалалық Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры («Мұстафа Шоқай») алды. Қос екін­ші орынға Н.Жантөрин атын­­дағы Маңғыстау облыстық музы­калық драма театры («Фа­ри­за мен Мұқағали» поэтикалық драмасы) және Т.Ахтанов атын­дағы Ақтөбе облыстық драма театры («Темір Нарком» драма­сы) ие болды. Бірінші орынды «Әмірені» қойған Қаллеки теа­тры алды. Бас жүлдені М.Өтеміс­ұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры («Жалғыз­дық» драмасы үшін) иеленді.

«Әдебиет пен мәдениетке тең­дей үлес қосқан Рахымжандай перзентін елі ұмытпауы керек. Ол Қазақстанды ғана емес, алыс-жа­қын шет мемлекеттерді мо­йын­датқан санаулы сурет­кер­дің бірі. Оның шығармашылығын насихаттау ісі қаламгердің елінде үлкен шараға ұласып жатыр. Ұмытпай, елеп-ескерген үлкен-кішіге алғысым шексіз» деген Асанәлі Әшімов фестиваль қо­ры­­тындысында сөйлеген сөз­інде алдағы уақытта да Отар­баев биігі аласармайтынын айтты.

 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, 
сыншы:

– Рахымжан Отарбаевтың есімі, шығармашылығы бүгінгі жастардың жүрегіне жетуі керек. Рахымжан ағаны жазушы, қа­лам­гер ретінде жақсы білетін едім, осы фестивальде жаңа қырын аштым. Оның ең алғаш жазған «Соғыстың соңғы бом­басы» ең үлкен құбылыс болды. Жалпы шығармашылық адамы әдебиетке қалай алапат құбылыс болып келсе, дәл солай құбылыс болып кететін сияқты. Ол шы­ғар­машылыққа бірден өз биігін алып келді де, содан төмендеген жоқ. Өз топырақта­ры­ңыздан шық­қан ірі сурет­кер­леріңізбен мақ­тануларыңыз, оны жан-жақты зерттеулеріңіз керек.

Отарбаевтың әр шығармасын оқыған сайын өзім үшін үлкен жаңалық ашамын. Қазақ проза­сында жазушылар көп, талантты жазушылар да аз емес. Бірақ юмор, сарказм арқылы қоғамның шындығын айтқан суреткерлер сирек. Міне, сол сирек сурет­кер­дің бірі – Рахаң болатын.

 

Серік ЕЛІКБАЙ
әдебиеттанушы, сыншы, профессор:

– Рахымжан Отарбаевта ұлт­тық идеологияда жоғалтып алған дүниеміз – талантқа деген бауыр­мал­дық, өзгені жақсы көру, қатар­ға қосу, жақсының жақсы екенін, жаманның жаман екенін айту мінезі бар еді. Әдебиет деген ғажап әлемдегі биігі ұмытылмай­ды. Бұл кешегі ұлыларымыздың жолы еді. Кейінгі толқынды өзімен қатар алып жүрген үлкен­дер­дің ғажап үлгісі бола­тын. Ұлттың негізгі бір ұстындарына апа­ратын даңғайыр даңғылды жалғастырған қаламгер Рахаң еді.

Ал оның жазушылығы жүрек­тің бұлқынысы ғой. Оның кейіп­кер­лері өлмейтін, өшпейтін бей­не­­лер. Сахнада жүрген Әміре. Фран­циядан бас жүлдені алып кел­ген Әміре қайтадан қазақ да­ла­сына келгенде ешкім емес бо­лып қалуы үлкен трагедия. Ол қа­­зақтың жыртылмайтын байра­ғы еді, оның жан азабы жүректі қа­­лай ауыртады. «Фариза мен Мұ­­қа­ғалиды» алып қараңыз. Кү­шен­шекті ойнаған актер па­рық­­сыз­дықтың, әлсіздіктің белең алға­нын қалай шебер көр­сетеді. Отар­баев драматургия­да кесек-ке­сек дүниені алып келген қалам­гер.

 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМ,
жазушы, Отарбаев фестивалінің қазылар алқасының мүшесі:

– Қандай да бір еңбектің қайтарымы болады ғой. Бірақ руханиятқа еңбек еткен адамның еңбегінің бәсі не екен деп ойлай­мын. Қазақ руханиятына жаны­мен де, тәнімен де, жүрек қаны­мен де, керек десеңіз қалам­гер жастарға қолдауы арқы­лы малы­мен де қызмет еткен кім дейтін болсақ, тәуелсіздіктен кейінгі тарихта ең алдымен Рахымжан аға еске түседі.

Р.Отарбаев – ұлтқа ұлы тұлға­ла­рынан образ жасап берген сирек жазушыларымыздың бірі. Бүгінгі күні қазақ сахнасында Отарбаев жазған Бейбарыс сұл­тан, Жәңгір хан, Әміре, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов сын­ды тұлғаларымыз қалың жұрты­мен қайта қауышуда. Бұл да қаламгердің ұлт тәуелсіз­ді­гіне қосқан зор үлесі деп білемін.

 

Атырау облысы