Жақсылық Досқалиев: Операцияда 12 сағат тік тұрамыз

Жақсылық Досқалиев: Операцияда 12 сағат тік тұрамыз

Елімізде МӘМС жүйесінің толық іске қосылуына айдан астам уақыт қалды. Қазақстандағы барлық медициналық ұйымда дайындық жұмыстары аяқталып келеді. Жаңа жүйе әрбір аурухана, емхана мен орталыққа әсер етері сөзсіз. Ал МӘМС отандық трансплантация саласына қандай өзгеріс әкелмек? Мұны біз Ұлттық трансплантация орталығының директоры Жақсылық Досқалиевтен сұраған едік.

– Жақсылық Ақмырзаұлы, ка­би­нетіңізге кіріп келгеннен бай­қа­ға­ным, ұялы телефоныңызға тыным жоқ, жан-жақтан көмек сұраған адам... Әрбір өтінішке өте жауап­кер­шілікпен қарап, оларды таңғы са­ғат 8-де қабылдайды екенсіз. Бұл бұ­рыннан қалыптасқан әдет пе?

– Мен жұмысқа таңғы сағат 7.30-да келемін де, 9-ға дейін жеке қоңы­рау шалған адамдардың мә­се­лесін шешуге, қолымнан кел­ген­ше көмектесуге тырысамын. Өйт­ке­ні жұрт маған еріккеннен ха­бар­ласпайды, маман ғой деп өтініш жа­сайды. Денсаулығына қауіп төн­генде көмек сұрайды. Мысалы, бүгін де бір кісіні таңғы сағат 8-ге ша­қырдым, бірақ ол келмеді. «Ой, мен ерте бара алмаймын» деді, яғ­ни оның жаны қиналып тұрған жоқ.

– Ендеше шынымен жаны қи­на­лып жүрген науқастардың мә­се­ле­сіне көшсек, Қазақстанда қанша адам­ның ағзасына трансплантация жасау қажет?

– Қазір елімізде 2 397 адамның бүй­регін, 295 азаматтың бауырын, 102 адамның жүрегін, 6 адамның өкпесін, 1 адамның өкпесін және бауырын ауыстыру керек. Жалпы, 2 893 науқас кезекте тұр, ал жыл сайын елімізде 300-ден астам опе­рация жасалады. Мәселен, биыл 144 қазақстандықтың және 6 ше­т­елдіктің ішкі ағзасын ауыстырдық. Бізге Тәжікстан, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, тіпті Израиль, Жапония­дан да науқастар келді.

Қазақстанда донор тапшы. Не­гізі бізге қайтыс болғандардың де­не мүшесін алған тиімді. Өйткені адам­нан жан шыққан соң оған іш­кі ағзаның түкке керегі жоқ. Заң бойынша егер науқас тірі кезінде до­нор болудан бас тартпаса, дәрі­герлер оның жарамды ішкі ағза­ла­рын алуға құқылы. Бірақ біз көбіне мар­құмның туыстарынан рұқсат сұраймыз. Психолог, дәрігерлер қай­тыс болған адамның жақын­да­рымен сөйлеседі. Айтқа­нымыз­ды түсініп, келісетіндер де бар, тіпті кейбіреулер дәрігерлерді ба­ла­ғаттап, қол жұмсап, сотқа сүй­рейді. Марқұмдардың жақын­да­ры­ның 80 пайызы бас тартады. Сон­дықтан әр адам тірі жүргенінде «до­нор боламын» деп қолхат жаз­са... Мысалы, өзің қолхат жаздың ба?

– Жазған жоқпын.

– Ендеше өзің тіркелген емха­на­ға барып, «мен донор боламын» деп қолхат қалдыруыңа болады.

– Адам «өлсем, донор боламын» деп жазудан, тіпті сол ойдың өзінен қорқатын сияқты.

– Ол рас. Алайда мен 2012 жы­лы Астананың іргесіндегі өзім тұ­ратын Қараөткел ауылындағы ем­ханаға барып, «егерде мен дү­ние­ден өтсем, донор боламын» деп қол­хат жаздым. 7 жыл өтті, өлген мен жоқ (күліп). Ал 3 мыңға жуық науқас екі көзі жәутеңдеп, көмек күтіп отыр. Адам жан тапсырар алдында біреуге көмектесіп кетсе, өзгенің өмірін сақтаса, ол да үлкен сауап екенін имамдар да айтады. Бірақ мұны марқұмдардың жа­қын­дарына түсіндіру өте қиын.

– Науқастардың қатарында бүй­рекке мұқтаж жандар көп екен, мұның себебі неде?

– Себебі адамдар зиянды су­сын­дар, спирттік ішімдік ішеді. Бұл денсаулыққа өте зиян. Бүйрек – адам ағзасындағы негізгі сүзгі, бауыр­дың күші жетпеген заттарды бүй­рек тазалайды. Бұл – адамның өзі­не өзі тілеп алған ауру ғой. Бүй­ре­гі жарамсыз науқастардың 80 пайызы денсаулығына немқұрайлы қа­раған, 10 пайызы туа біткен, 10 пайы­зы түрлі қабыну салдарынан пай­да болған.

– Қай ішкі ағзаны ауыстыру қиын?

– Бауырға трансплантация жа­сағанда 12 сағат аяқтан тік тұра­мыз. Демалуға, операцияны бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Қазір Үкімет бауырды ауыстыру үшін әр нау­қасқа 5 млн-ға жуық теңге бө­леді. Жылына 120 адамның бауы­ры­на трансплантация жасаймыз.

– Шәкірттеріңіз бар ма?

– Мен зейнеткерлік жасқа жет­кен адаммын. Бірақ қазіргі басты мін­детім жас мамандарды үйрету, олар­ды скальпельді қалтырамай ұстай­тындай деңгейге жеткізу. Шә­кірт­терім бар, әрине. Мәселен, Ал­матыдағы Сызғанов атындағы хи­рургия институтының басшысы Болат Баймаханов – шәкіртім. Ол – Қазақстандағы нөмірі бірінші хи­рург, менің мақтанышым. Аста­на­да­ғы №2 қалалық аурухананың бас дә­рігерінің орынбасары Нұр­бол Тұр­сынбаев та менің шә­кір­тім, ол да шебер хирург. Туған жиенім Мар­лен Досқалиев Жапониядан ар­найы шақырту алып, сол жақта үл­кен медицина­лық орталықта бе­делді хирург. Не­гізі, Жапония тек дамыған ел­дер­ден, көбіне Аме­ри­кадан ма­ман­дар алдырады. Ал Мар­лен – Жапо­ния­ға шақырту ал­ған алғашқы қа­зақ, бірінші хи­рург. Ол – елі­міз­дің әлемдік дең­гей­дегі мақтанышы.

– Жақсылық Ақмырзаұлы, қаң­тардан бастап Қазақстанның ден­сау­лық сақтау саласы жаңа жүйеге көшкелі отыр. МӘМС трансплан­тация­ға қалай әсер етуі мүмкін?

– Трансплантация қазір де те­гін жасалады. Ал МӘМС іске қо­сылған соң, бұл салаға бөлінетін қар­жы көбейеді. 1 қаңтардан бас­тап шетелдерде әлемдік стандартқа сәйкес қандай дәрі-дәрмек пайда­ланса, соның бәрі біздің елімізде де қолданылады.

Әлем бойынша денсаулыққа үш жақ жауапты: адамның өзі, жұмыс беруші және мемлекет. Осы үш міндет біріккенде, денсаулық сақтаудың нәтижесі өте жоғары болады, дамыған елдерде осы жүйе қалыптасқан. Сондықтан МӘМС Қа­зақстанға да аса қажет, дұрыс қабылданған шешім деп есептей­мін. Біріншіден, елімізде халық саны өсіп келеді. Екіншіден, ауру­лар­дың қатары артуда. Бұрын есті­меген түрлі сырқат көбеюде. Үшін­шіден, жаңа медициналық тех­но­логия, дәрі-дәрмек шығуда. Оны игеру үшін қаржы керек, ал мем­лекет ақшасы бәріне бірдей жет­пейді. Сондықтан азаматтар­дың өзі, жұмыс беруші, Үкімет үш жақ­тап күш біріктіруі тиіс. Осы жүйе іске қосылғаннан кейін 2020 жылы қаражат 1,5 есеге, 2021 жы­лы 2 есеге көбейеді де, кезең-ке­зеңі­мен 5 жылдың ішінде денсау­лық сақтау саласына жұмсалатын шы­ғын ЖІӨ-нің 5 пайызына жетеді. Нәтижесінде, науқастарға қым­бат диагностика, медици­на­лық аппараттар, дәрі-дәрмек қол­жетімді болады. Ауырмайтын адам жоқ, мен кездестірмедім. Кем де­г­енде әркімнің созылмалы сыр­қа­ты бар. Ендеше МӘМС-тің тиімді тұсы көп.

 

Әңгімелескен
Ғазиза ИСМАН