Қайта оралған Смартфон
Қайта оралған Смартфон
121
оқылды

Шенеуніктердің көп жылғы арманы орында­ла­тынға ұқсайды. Оларға қайтадан жұмыс орын­да­рына смартфонмен кіруге рұқсат етілмек. 2016 жыл­дың наурызында мемлекеттік органдардың ғи­маратында смартфондарды, планшеттерді және смарт-сағат­тар­ды пайдалануға қатаң тыйым са­лын­ған болатын.

Бұл шектеу тек жылдам хабар таратуға ұмтылатын журналистерге ғана таралмады. Содан шенділер зеріктірер жиын үстінде ұялы телефондарын шұқылап отыратын ақпарат құралдары өкілдеріне қызыға қарайтын.

Сенсорлы экраны бар девайстарды жұмыс уақытында қолдануға бекер тыйым салынған жоқ. Құзырлы органдар анықтағанындай, құпия ақпараттармен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер талаптарды елемей, қызмет мақсаттарына ұялы телефондарды белсенді пайдалана бастаған. Мысалы, меморгандардың интернетке шығуының бірыңғай шлюзімен қорғалған электронды пошта орнына маңызды құжатты телефонмен жолдай салуы жаман әдетке айналыпты. Сондай-ақ WhatsApp мессенджері арқылы қызметтік «жабық» ақпараттың сыртқа кетіп қалу деректері көбейген.

Бұл ретте жоғары технология­лы заманда мүлдем байланыссыз қалмауы үшін оларға интернет модулімен, фото және видеока­мерамен жабдықталмаған, тек «қоңырау/жауап/смс» функция­ла­ры ғана бар қарапайым ұялы те­лефон­дармен кіруге рұқсат етілді.

Енді мемқызметшілерге жұ­мысқа смартфондарымен келу тәжірибесін қайтаруға шешім қа­былданды. Цифрлық даму, ин­новациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұма­ғалиевтің айтуынша, оның енгізілу мерзімі құқық қорғау органдары мен ғимарат әкімшілерінің рұқсат беретін нұсқаулыққа қаншалықты жылдам қол қоятынына тәуелді болмақ. Алда әр меморган бұл мәсе­лені өз бетінше бір ай ішінде келісуден өткізеді.

– Ғимарат иелері мен сол ны­санды күзететін полиция таяу арада тиісті құжатқа қол қояды. Содан кейін мемлекеттік қызметшілер смартфондарын еркін пайдалана бастайды. Яғни, оның мерзімі меморгандар басшыларына, ғи­марат иелеріне байланысты. Біз аталған нұсқаулыққа қол қоюға тежеу болып келген барлық мә­се­­ле­лерді шештік. Осы мақсатта бү­гін Үкімет қау­лысы қабылданды, – деді министр.

Әрине, құжат заңмен қорға­латын ақпаратты жариялау­ға қойыл­ған тыйымды жоймай­ды. Ендеше, ірілі-ұсақты шенеунік­тер­дің смартфон көмегімен оны қасақана не аңдаусыз жұртқа жайып жіберу қаупі сақталмақ. Ол тәуекелмен құзырлы құрылымдар енді басқа тәсілдермен күресетін болады.

– Ақпараттық қауіпсіздіктен ешкім де бас тартқан жоқ. Ол үшін мемлекеттік қызметшілер мен ведомство басшылары жауап­кершілік арқалайды. Смартфонды жұмыс уақытында пайдаланудың, азаматтарға ұялы құрылғыларын мекеме ғимараттарына алып кі­руінің шарттары тиісті нұсқау­лық­пен реттеледі, – деді Асқар Жұмағалиев.

Осы тыйымды сылтауратқан биік лауазымды тұлғалар тек өз ба­ғыныштыларына ғана емес, соны­мен қатар қарапайым халық­қа да мемлекеттік ұйымдар ғимара­тына ұялы телефонмен кіруге шек­теу қойды. Салдарынан, бизнес­мен­дерден, инвесторлардан қабылдау бөлмесінде күткен бірнеше са­ғат ішінде сыртқы әлеммен байла­ныссыз қалатынына, интернет-банкинг, такси шақыру секілді мүмкіндіктерден айырылатынына қатысты шағымдар жиіледі.

Демек, алда қазақстандық­тарды гаджеттерін кіреберісте қалдырып кетуге ешкім мәжбүрлей алмайды.

Девайстарға тыйым салудың баламасы қандай? Бұдан бұрын, мемқызметшілердің ішке алып өтетін смартфонындағы кейбір функцияларды бұғаттаудың тәсіл­дері елордадағы Министрлік­тер үйінің 14-кіреберісінде тесті­леуден өтіп жатқаны хабарланды. Оған сәйкес, мекеме аумағында смартфонын алып жүргісі келетін тұлға арнайы мобильді қосымшаны орнатуы тиіс. Таңертең ол кіре­берісте смартфонын турникетке қояды, сол мезетте әлгі қосымша ұялы телефондағы фото және бей­нежазба функцияларына, бас­қаша айтқанда, камерасына тос­­қауыл қойып тастайды. Жұмыс­­тан кеткенде кері үрдіс іске асы­рылады. Бұл бұғаттау смартфон­ның басқа қызметіне еш кедергі кел­тірмейтін көрінеді.