Бүгінгі күнге дейін аумағы 19,5 мың шаршы метрді құрайтын 228 коттеджге халық қоныстанды. Мұнымен өңір халқын баспанамен қамту ісі толастап қалмады. Еліміздің басты мерекесіне орай, ауданы 12,3 мың шаршы метр болатын 120 үй қолданысқа берілді. Аталған нысанды салуға 887,0 млн теңге қаржы жұмсалған. Ел игілігіне берілген бұл үйлер 12 бөлікке бөлінген, әр бөлімде 4 үй жапсарласа салынған.
«Құрметті талдықорғандықтар, қымбатты қонақтар, ұлы мерекеміз Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын. Елбасының бастамасымен, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен іске асырылған «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы халық баспаналы болып жатыр. Бұл соның нәтижесі. Екі жылда облыста көп өзгеріс болып, тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Екі жыл алды салынған үйлердің ауданы 79 мың шаршы метр болса, биыл ол көрсеткіш 131 мыңға жетіп отыр. Келер жылы 211 мың шаршы метрден асады деген мақсатымыз бар. Үйлеріңіз жанға толсын, қуаныштарыңыз ұзағынан болсын», – деді құттықтау сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ляззат Тұрлашев.
Жаңа қонысқа табиғи газ кіргізілген. Сондай-ақ, су құбыры орнатылып, кәріз жүйесі тартылған. Көпшілікке пайдалануға берілген баспананың құрылысын «Техноснаб 2002» ЖШС жүргізген. Дәл осы күні құтты шаңырағына қол жеткізгендердің қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларға қараушы азаматтар, медицина қызметкерлері, зейнеткерлер мен тұрғын үй құрлыс жинақ банкі салымшылары және толық емес отбасылар да бар. «Мен облыстық онкологиялық диспансерінде қызмет етемін. Мамандығым дәрігер-хирург. Семей қаласынан жұмыс бабымен наурыз айында ауысып келдім. Бүгін біз үшін өте ерекше күн. Тәуелсіздік күніне орай үйлі болып жатырмын. Пандемия өршіп тұрған сәтте күн-түн демей жұмыс жасадық. Сол кездегі еңбек ақталды деген осы шығар. Осындай жағдай жасап отырған Елбасына, Президентімізге, облыс басшысына мың алғыс. Еңбегімізді елеп шаңырағымыздың кілтін табыстап жатыр. Өзімнің 4 балам бар. Соны ескеріп мемлекет тарапынан тегін үй беріп отыр. Біздің ұжымнан 5 адамға коттедж қалашығында тұру бұйырыпты, солардың бірі өзім болғаныма қуаныштымын», – дейді дәрігер-хирург Елдос Смайылов. Алдағы уақытта да жаңа қоныстың кілті табысталады. 30 желтоқсанда жалпы ауданы 12,2 мың шаршы метр 133 үйді пайдалануға беру жоспарланған. Биыл аумағы 24,8 мың шаршы метр болатын 253 коттедждің құрылысы жүргізілуде.