Тәуелсіздік күні 140 сәби дүниеге келді
Тәуелсіздік күні 140 сәби дүниеге келді
151
оқылды
Алматы облысында Тәуелсіздік күні 140 сәби дүниеге келді. Оларға ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы логотипі жазылған  көрпе берілді. Дәл осы айтулы күні облыста барлығы дүниеге 140 сәби келді. ҚазАқпараттың жазуынша, оның 10-ы Талдықорған қаласында туған.
«Жаңа туылған нәрестелердің ең көбі  Қарасай және Іле аудандарында тіркеледі. Жоспар бойынша айы-күні жетіп отырған аналар 30 және 25 жас аралығындағылар. Жыл сайын өңірде бала туу көрсеткіші артып келеді. Жалпы, жылына 50 мыңға жуық сәби дүние есігін ашады», –  дейді облыстық перинаталдық орталық басшысы Қанат Жұмашев.
Мереке  күні Ескелді ауданында 3, Кербұлақ ауданында 4, Сарқан ауданында 10 әйел ана атанып отыр. Олардың сөзінше, бұл жәй сәйкестік емес. Отбасы үшін маңызы зор қуаныш. Енді олар қос мерекені қатар тойлайтын болады.
«Тәуелсіздік күн жыл сайын біздің шаңырақ үшін қастерлі мереке саналатын. Бүгіннен бастап тағы қуанышымыз еселеніп жатыр. Қатарымыз толығуда. Барлық қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын. Осындай алаңсыз күндеріміз көп болсын. Осы ретте облыс басшылығына алғыс білдіргім келеді. Өңірдегі демографияға көп көңіл бөліп, қолдау танытып жағдайымызды жасап беріп жатқан. Ақ халаттыларға да рахмет!»,- деп бөлісті жас ана Ақбота Солтанбек.
Ал Сарқандық көпбалалы ана Назгүл Ерғалива осы күні 7-сәбиін босанды.
«Күтпеген жағдай болды. Тұп тура 16-сы күні босанам деп ойламаппын. Өзім осы орталыққа порталмен келгем. Айы күнім жетіп осы мейрамға бұйыртыпты. Қуаныштымда шек жоқ. Шүкір, қазір 4 қыз, екі ұлым бар. Әкесі де бауырлары да қатты қуанды. Енді біздің отбасы қос мерекені бірге атап өтетін болады», – деп бөлісті жас ана.
Жалпы, жыл басынан бері  Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталықта 6 050-ден аса сәби дүниеге келген. Орталық директорының айтуынша, биыл бала туу көрсеткіші жоғары. Өткен жылдың 12 айында 6 600 ана босанса, жыл соңына дейін 7 000-ға жетеді деген жоспар бар.