«Мың бала» жобасының жеңімпаздары анықталды
«Мың бала» жобасының жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы қорытындыланып, өңірлік жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.

Аталған жоба республика бойынша биыл 5-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Мақсат – этностық топтардың мектеп жасына дейінгі балалары мен мектеп оқушыларының, жастарға мемлекеттік тілді үйрету, мемлекеттік тілді үйрету арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту,– дейді «Қоғамдық келісім» РММ Әдістемелік қамтамасыз ету секторының аға сарапшысы Нұрсұлу Мырзахметова.

«Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейін) даму тұжырымдамасын іске асырудың 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспарына, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес жүзеге асырылуда.

Жыл сайын өңірлік жеңімпаздар «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының:       

-         Шешендік өнерді меңгеруге мүмкіндік туғызған «Асыл сөз» мектебі;

-         Латын графикасы үйренуге арналған «Sende bir kirpish dúnіege...» шығармашылық байқауы;

-         Әлеуметтік желілерде #ózim týraly хештегін теріп, пост жариялау бойынша «Ózіm týraly» акциясы;

-         Сонымен қатар, әдіскерлер «Тіл мектебі» қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламалары бағыттары бойынша алғыс хаттар және дипломдармен марапатталады.

Мың бала - 2.jpg







Өңірлік жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсіміне Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Аббозұлы Пулатов, Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай, белгілі журналист Оксана Лоскутова, МСМ Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Майраш Сағынбаева қатысты. − Ұлттық саясаттың маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік тіл саясаты екені баршаңызға белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік тілдің рөліне маңыз берді. Тіл – халықтың мәңгілік халық болып қалуының айғағы. Тіл — өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің жемісі, ертеңгі күннің кепілі. Елбасының мемлекеттік тілді дамытуға негіздеген бағыттарын жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы бірқатар серпінді жобаларды іске асыруда. Соның бірі – 2015 жылдан жүзеге асырылып келе жатқан «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы. Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін жыл сайын осы сәтте еліміздің 17 өңірінен жиналған «Мың бала» жобасының жеңімпаздарымен жүздесу дәстүрге айналды. Жобаның нәтижесінде мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген этнос өкілдерінің сан қырлы, өнерпаз, белсенді жастарының аз емес екеніне көз жеткіздік, – деді ҚХА төрағасының орынбасары Шерзод Аббозұлы Пулатов.

Салтанатты іс-шара барысында жеңімпаздар әуеннің ырғағымен қазақтың қара өлеңін оқып, Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін және күйлерден попури орындап, қара жорға биін билеп, көрермендерді өнерлерімен тамсандырды.

Әдіскерлер мен жобаның жеңімпаздарына алғыс хат және дипломдармен қатар қазақтың асыл қазынасы, ұлттық музыкалық аспабы – домбыра сыйға тартылды. Мұндай сый-сияпатқа жеңімпаздар да риза болды.

«Мың бала» жобасы аясында 2019 жыл бойы қазақ тілін насихаттайтын 24870 іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 126 мың 472 этнос өкілі мемлекеттік тілді еркін меңгеруге қол жеткізді. Жобаны алғаш қолға алған уақытта мемлекеттік тілді 44 497 бала меңгерсе, қазірге таңда көрсеткіш 3 есеге көбейген.