Тоқаевтың тапсырмасы: Жаңа жылға дейін тағы да 57 мыңдай адамның кредиті кешірілмек
Тоқаевтың тапсырмасы: Жаңа жылға дейін тағы да 57 мыңдай адамның кредиті кешірілмек
203
оқылды

«Қазақпараттың» жазуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов биыл жылдың соңына дейін Қазақстанда кредитін төлей алмай отырған 57 мыңға жуық адамның несиесі кешірілуі мүмкін екенін айтты.

Министрдің айтуынша, бұған дейін жеңілдік жасалған кезде кейбір азаматтардың құжаттары ресми дерек қорында болмағандықтан, жауапты орындар олардың құжаттарын толық әзірлеп үлгермегендіктен, жеңілдікке ілінбей қалған.

«Екі ай бойы осы жұмысты істедік. Осылайша 1 қарашаға дейін соның бәрін жасап, қосымша 57 мыңға жуық азаматты осы жеңілдік алуға құқығы бар адам ретінде белгіледік. Үкіметке ұсыныс жасап, тиісті қаражат бөлу (9,4 миллиард теңге – министр) үшін әрекет еттік. Жылдың аяғына дейін қаржылық мәселе шешілсе, осы 57 мың адамның несиесі мемлекет есебінен өтеледі», – деді Біржан Нұрымбетов.

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 маусымдағы Жарлығымен 500 мыңнан астам адамның 300 мың теңгеге дейін несиесі кешірілді. Оған бюджеттен 106 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұл акция ресми түрде 5 қыркүйекте аяқталған. Осыдан соң тұрғындар несиесі кешірілуі тиіс азаматтар санатына жатса да, кредиті кешірілмегеніне наразы болған еді.

Айта кетейік, Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, маусымның 1-іне дейінгі жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын көпбалалы, асыраушысынан айырылған және мүгедек баласы бар отбасылар, ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі жастардың 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешірілген болатын.