Әлеуметтік желіде атыраулық балабақшада баланы тәрбиешінің қалай ұрып-соққаны туралы видео тарады.
Кадрлардан әйел баланың басын, денесін ұрғанын, құлағын тартып, аяғын басқанын көруге болады. Бала жылап тұрып тәрбиешіні құшақтайды, алайда ол қол көтеруін тоқтатпайды. Видеоны баланың әкесі Facebook-тегі парақшасында жариялады.Баланың дамуында кідіріс бары және ересектер арасында не болғанын түсіндіре алмайтыны айтылады. Баланың әкесінің айтуынша, олар түрлі ведомствоға жүгінген, бірақ нәтиже жоқ."2019 жылдың 18 қарашасында Атырауда сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған "Алтын балық" мемлекеттік мамандандырылған балабақшасында тәрбиеші ұлыма бірнеше рет дене жарақатын салды. Менің ұлыма қатысты зорлық-зомбылық, қорлау және түрлі дене жарақаттарын келтіру деректері бар. Балабақшаның бейнебақылау камераларынан 25 видео алдық. Мұғалім сол балабақшада әлі күнге дейін балалармен жұмыс істеп жүр", - деп жазған баланың әкесі.
"1 жылдан астам уақыт өтсе де, еш нәтиже жоқ. Прокуратура да, қалалық полиция бөлімі де қол қусырып қарап отыр. Бұл 13 ай біздің отбасымыз үшін қиынға соқты. Біз ата-ана ретінде әділдік орнатып, тәрбиешіні жауапқа тартуды сұраймыз", - деп қосты ол.Бұл үндеуін атыраулық азамат Қазақстанның Бас прокуратурасына, Ішкі істер, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлеріне, Атырау облысының әкімі мен балалар құқығы жөніндегі өкілетті уәкіл Аружан Саинға жолдаған. Өз кезегінде құзырлы органдар бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"№20 "Алтын балық" балабақшасында тәрбиеші баланы ұрып-соққан. Арыз бүлдіршіннің ата-анасынан түсті. Қазіргі таңда шағым білім беру саласының бақылау департаментінде тіркелді. Балабақша тәрбиешісіне айыппұл салынып, жұмыстан қуылды. Қазіргі таңда іс ІІМ-де қаралуда", - делінген ресми хабарламада.Қалалық білім бөлімі тарапынан тәрбиешіден түсініктеме талап етілген, бірақ оның адвокаты сот шешімін күтуді сұраған.