Қазіргі дағдарыс ұзаққа созылады - Тоқаев
Қазіргі дағдарыс ұзаққа созылады  - Тоқаев
Видео конференция режимінде өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "бизнес пен экономикалық байланысты сауықтыру" қажеттілігі туралы айтты.
– Қазіргі дағдарыс алдыңғыларына қарағанда ұзаққа созылады және ауыр болады. Қазіргі жағдайда біздің негізгі басымдығымыз – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың табыс деңгейін және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Бірақ бұған сауда-экономикалық қатынастардың барлық кешенін қайта жаңғыртпай, қол жеткізу мүмкін емес. Өзара сауда-саттықты одан әрі ырықтандыру, кедергілер мен шектеулерді реттеу жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет. Инвестиция тартуға, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалануға, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге, өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға баса мән беру керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қызмет көрсетудің еркін саудасы туралы келісімді және оның әр мемлекетке нақты пайда әкелетін инвестициялар жөніндегі негізгі бөлімін келісуді аяқтаудың маңыздылығына назар аударды.