Азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қабылдау қажет – «Ауыл» партиясы

Азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қабылдау қажет – «Ауыл» партиясы

«Ауыл» партиясының Парламент Мәжілісі мен Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына кандидаттары «Ақсай» нан-тоқаш комбинатының еңбек ұжымымен кездесті. Партия төрағасы – Сенат депутаты Әли Бектаев партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі партияның басым бағыттарының қатарына кіреді, өйткені мемлекет тұрақтылығының басты факторы азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігімен байланысты. Соңғы бес жылда Қазақстан АӨК индустрияландыруда айтарлықтай серпіліс жасады. Әли Бектаев атап өткендей, жүзеге асырылған жобалар терең өңдеуді дамытуға бағдарсыз жасалған. Астық өндірісі мен экспортының әлемдік рейтингінде Қазақстан көшбасшылық позицияда тұр, алайда қайта өңдеу кәсіпорындары үшін отандық шикізат әлі де қолжетімді емес. «Ауыл» партиясының көшбасшысы мемлекет және Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан ауыл шаруашылығының дамуына көп көмек көрсетіліп жатыр, бірақ бұл жеткіліксіз деп санайды. «Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қосымша қаражат қажет. Экспорт саясатын  ауылшаруашылық өнімдері шетелге өңделген түрінде экспортталатындай өзгерту қажет. Ауылдық жерде шағын, орта, ірі қайта өңдеу кәсіпорындарын салу керек және сол арқылы ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мен ауылды сақтауға мүмкіндік туады» – деді ол. Кездесуде электр энергиясына жұмсалатын шығын, салық жүктемесі және арзан кредиттік ресурстың болмауы нан пісірушілерге нан бағасын  төмендетуге және оның халық үшін экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтіні туралы айтылды. «Ауыл» партиясы кандидаттарының пікірінше, қайта өңдеушілердің проблемасы сөзсіз шешілуі тиіс және ол үшін азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қабылдау қажет. Осылай ғана қаржы институттары, энергия ресурстарын жеткізушілер және фискалдық органдар қажетті шараларды қабылдап, азық-түлік қауіпсіздігін қолдауға қатысатын болады. Өз бастамасы шеңберінде "ауылдықтар" электр энергиясына арналған шығынды субсидиялау практикасын енгізуге, азық-түлік тауарларын өндірушілерді қосылған құн салығынан босатуға, сондай-ақ ГМО өнімдерін өндіруге және өткізуге тыйым салуға ниетті. Кездесу барысында партияның әлеуметтік саладағы бастамалары да түсіндірілді. «Ақсай» ЖШС қызметкерлері «Бала нәсібі» балалар капиталын енгізу және көпбалалы аналардың зейнетке шығуының шекті деңгейін 53 жасқа дейін төмендету жөніндегі ұсыныстар туралы оң пікір білдірді. Айта кетейік, «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты 1978 жылы құрылған және еліміздегі заманауи ірі нан пісіру кәсіпорындарының бірінен саналады.  Күн сайын 150 тоннадан астам өнім өндіреді, 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Тұмар МЫРЗА