Конфессияаралық диалогты нығайтудағы Елбасының игі бастамалары
Конфессияаралық диалогты нығайтудағы Елбасының игі бастамалары
169
оқылды

ХХ ғасыр соғыс пен қақтығыстарға толы болды. Олай дейтініміз өткен ғасырдың алғашқы жартысында екі дүниежүзілік соғыс тарихтан орын алған болса, екінші жартысы аймақтық болмаса мемлекет ішіндегі қақтығыстар жиіледі.

Бұл қақтығыстар барлық құрлықты шарпып өтті. Мәселен, Африкада Ливия мен Чад, Мали мен Буркина фасо, Марокко мен Алжир мемлекеттері арасында, Латын Америкасында Никарагуа мен Гондурас, Гондурас пен Сальвадор, Эквадор мен Перу арасында, Азияда Үндістан мен Пәкістан, Қытай мен Үндістан, Ирак пен Кувейт, Иран мен Ирак мемлекеттері арасында болып өтті. Аталған қақтығыстардың біршамасы бүгінгі күнге дейін шешілмей келе жатқаны өкінішті. Жаңа ғасыр да терроризммен байланысты соғыстар мен Ауғаныстан, Сирия, Украина сынды аймақтық қатығыстар мен толқуларға толы басталды.


Центр Назарбаева_2.jpg

Соғыс пен қақтығыстарға толы өткен ғасырдың тәжірибесі қайталанбас үшін адамзат қандай да бір қақтығыстардың алдын алып, оларды болдырмау мақсатында, халықтар арасындағы келісімді сақтау шараларын қарастыруда. Бұл шараны іске асырудағы алғашқы шара ретінде Елбасымыз Н.Назарбаев көршілес жатқан мемлекеттермен шекараны делимитациялау және демаркациялауды қолға алған болатын. Шекара мәселесін ретке келтіруде қазіргі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының да қосқан үлесі зор еді. Шекара мәселесінің нәтижелі нүктесі ретінде, 2018 жылы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен бесінші Каспий саммиті барысында Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түркіменстан басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қоюын жеке атап өткен жөн. Бұл үлкен тарихи оқиға.

Елбасы сыртқы татулыққа қол жеткізгеннен кейін ішкі тұтастық мәселесіне ден қойды. Осылай, Қазақстан халқының татулығын нығайту мақсатында, 1995 ж 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Қазақстан Ассамблеясы туралы ҚР 2008 ж 20 қазанындағы №70 IV заңында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылдарының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесін, оны қалыптастыру мен жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды деп жазылған. Аталған заңдағы Ассамблеяның негізгі міндеттерін айқындайтын 4-баптың 1-тармақшасында қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау; 6-тармақшасында Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады деген жолдар бар.


Центр Назарбаева_4.jpg

Одан өзге Ассамблея қызметінің негізгі бағыттарын көрсететін 6-баптың 14-тараушасында этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау деп жазылған.

1995ж. Қазақстан этностарының мәдениеті мен дәстүрі дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, этномәдени орталықтар мен этнос тілдерінде жарық көретін бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық белсенділігі артқан жыл болды. Келесі жылы ҚР «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Заңына сәйкес, 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланған болатын. Одан өзге, 1999 жыл – Бірлік және ұрпақтар сабақтастығы жылы деп жарияланды. Одан кейінгі, 2000 ж Қазақстан халқы Достығының бірінші фестивалі өткізілді. 2001ж. Рим Папасы Иоан Павел ІІ Қазақстанға арнайы сапармен келген болатын, сол сапарында ол кісі Қазақстандағы этносаралық қатынастардың дамуына жоғары баға берген болатын. 2002 ж 26 сәуірде Елбасының Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ұзақ мерзімді кезеңге арналған Стратегиясы бекітілді. Бұл Стратегия Қазақстандағы этносаралық келісіммен қатар, конфессияаралық келісімді нығайтуға да бағытталды.


Центр Назарбаева_3.jpg

2003 ж Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің ұсынысымен Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері І съезі болып өтті. Бұл діни лидерлердің саммиті де Елбасының халықаралық деңгейдегі дінаралық диалогты тұғырландыру мақсатындағы теңдессіз бастамаларының бірі. Бүгінгі күнге дейін үш жыл сайын үздіксіз бас қосып өзекті дінге қатысты мәселелерді талқылау үшін 6 мәрте шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі географииялық, конфессиялық тұрғыдан кеңейін сапалық және сандық жағынан жоғарылап келеді. Бүгінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 25 сәуірдегі №225 Қаулысымен құрылған Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы   Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының халықаралық деңгейде дінаралық және өркениетаралық үнқатысуды сақтау және қамтамасыз ету, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін насихаттау жөніндегі бастамаларын ілгерілету бағытында жұмыс жасап келеді.

Дін лидерлердің алғашқы съездерін өткізуде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің үлесі де зор болды. 2006 ж Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдірудің 2006-2008 жылдарға арналған арнайы бағдарламасы қабылданды. 2007ж. Елдің басты заңнамалық құжатына конституциялық реформа жүргізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болды. Бүгінгі таңда сайланған депутаттар аталған институттың нағыз жұмыстың нәтижесін көрсетіп, қоғамның әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне тығыз араласып, елдегі тұрақтылыққа сақтауға атсалысып келе жатқанын көреміз.

Ассамблея Кеңесінің мүшелері жетекшілік ететін республикалық, аймақтық және қалалық Ұлттық мәдени орталықтар жұмыс істейді. Әзербайжан, ассирия, грек, ингуш, неміс, шешен, поляк, т.б. халықтардың ұлттық мәдени орталықтарының жексенбілік мектептері бар. ҚХА Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының құрылымдарымен тығыз іскерлік байланыстар орнатқан. Осы ұйымның қолдауымен Ассамблея ұлтаралық қатынастар мәселелерін зерттейтін талдау орталығын құрды.

Н.Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласының Бейбітшілік пен Келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде Ассамблея қызметіне төмендегідей баға берген болатын: «Ассамблея – еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы. Оның әрбір сессиясында мемлекет өміріндегі өзекті мәселелер талқыланып, келелі шешімдер қабылданып келеді.

Біздің үлгімізді шетелдік мәртебелі меймандар да өнеге тұтуда. Олар сессия жұмысына арнайы қатысып, Ассамблея қызметінің жаңа қырларын үйренуде, бағыт-бағдарынан тәлім алуда».

Тәуелсіздік алған жылдардан бері біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасты. Осы бір бағалы құндылықты мирас етіп ұрпақтан ұрпаққа табыстау әрбір Қазақстан азаматының борышы. Қазақстан отыз жылға жуық заманда қиыннан қиыстырып, ретімен қалыптастырған сара жол, бүгінде оң нәтижелерімен бөлісіп, халықаралық деңгейде насихаттауға тұрарлық әлем мойындаған Қазақ елінің ең бағалы байлығы.  

«Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ