«Ауыл» партиясы «Ауылдан – диплом алу үшін» бағдарламасын әзірлеуді ұсынды
«Ауыл» партиясы «Ауылдан – диплом алу үшін» бағдарламасын әзірлеуді ұсынды
124
оқылды

 «Ауыл» партиясынан депутаттыққа ұсынылған үміткерлер тобы Жамбыл облысының ауыл жастарымен кездесті. Сайлауалды бағдарламаны түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға  Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Қарлығаш Аралбекова мен Нұржігіт Бегалы қатысты.

Партияның сайлауалды бағдарламасында жастар мәселесі де көтерілген. Мәселен, партия өз бағдарламасында жас отбасыларға тұрғын үй алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал ауылға көшіп барғандарға тұрғын үй алуға, үй шаруашылығын қалыптастыруға және ауылда бизнес ашуға пайызсыз несие беру бағдарламасын енгізуді көздейді. Өз сөзінде Қарлығаш Аралбекова бұл бастама жүзеге асатын болса ел тірегі ауыл жастарының әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне тікелей жол ашылады деп есептейді. – Жастар мемлекеттің болашағы деп айтып жүрміз. Бұл  қала жастарына ғана қатысты емес екені түсінікті. Демек, ауылды жерлердегі жастарға да лайықты қолдау болуы тиіс. О үшін партия ауыл жастарының білім грантын алуына және жұмысқа орналасуына кепілдік беретін «Ауылдан – диплом алу үшін» бағдарламасын әзірлеуді ұсынып отыр. Сонымен қатар, жоғары және орта арнаулы аграрлық оқу орындарының түлектері үшін алғашқы жұмыс орнын міндетті квоталау тәжірибесін енгізу қажет, – деді Қарлығаш Әмірқызы. Мәжіліс депутаттығына үміткер Нұржігіт Бегалы «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы балалы отбасыларға арналған   «Бала нәсібі» жәрдемақысы туралы айтып берді. – Балалы отбасылардың балаларының барлығына 18 жасқа толғанша жәрдемақы төлеу ұсынылып отыр. Бұған мемлекетіміздің толық мүмкіндігі бар деп есептеймін. Бұл іске асатын болса ауыл тұрғындарының әлеуметтік әлеуеті жақсарып, өмір сапасын жоғарылату мақсатын жүзеге асыру жұмыстары жолға қойылады, – деді Нұржігіт Мамырұлы. Ал Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Әліби Сағындықов ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру ісімен айналысып жатқан кәсіпорындар мен фермерлерді қолдау мақсатында қосымша құн салығынан босатып, несиелерді арзандатуды көздейтін субсидия түрін бесеуге дейін қысқарту бастамасы туралы баяндады. Кездесу барысында жас кәсіпкер, «Даму Сұрат» ауылшаруашылық кооперативінің басшысы Тәуіржан Алтынбаев партияның бұл бастамасы елді мекендерде еңбек етіп жатқан шаруашылық өкілдерінің көңілінен шығатынын жеткізді. Ауыл шаруаларының мәселесін көтеріп жүрген «Ауыл» партиясына ризашылығын білдірді.

Тұмар МЫРЗА