ШҚО мейрамханаларына Жаңа жыл түні жұмыс істеуге рұқсат берілді
ШҚО мейрамханаларына Жаңа жыл түні жұмыс істеуге рұқсат берілді

Шығыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері жаңа қаулы жариялаған болатын. Соған сәйкес облыста карантиндік шаралар 4 қаңтарға дейін ұзартылды.

Бірақ соған қарамастан мейрамханаларға Жаңа жыл қарсаңында жұмыс істеуге рұқсат етілді. «Көпшілік, жаңа жылдық, ұжымдық (корпоративтік) іс-шаралар, конкурстар (интерактивті іс-шаралардан басқа), би кешін өткізбей (өз үстелінен шықпай) бір үстелге 4-6 адамнан аспайтын мөлшерде отырғызып, көршілес үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, адам саны 50%-дан аспауы тиіс. Сонда ғана 2020 жылғы 31 желтоқсаннан 2021 жылғы 01 қаңтарға қараған түні қоғамдық тамақтандыру объектілеріне сағат 07.00-ден 04.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілсін. 2021 жылғы 02 қаңтарда қоғамдық тамақтандыру объектілері үшін бұрын белгіленген жұмыс режимі сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін сақталады, 2021 жылғы 03 қаңтарда көрсетілген объектілердің жұмысы тоқтатылады», – делінген қаулыда. Сонымен бірге, жексенбіні қоспағанда, басқа күндері қоғамдық тамақтандыру мекемелеріне сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.