Әуезов театры ұлттық мәртебе алды
Әуезов театры ұлттық мәртебе алды
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан сүйінші хабар жетті.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жарлығымен Әуезов театрына «Ұлттық» мәртебесі берілді. Театр ұжымына ақжолтай хабарды Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жеткізді. Бұл өнер ордасының тарихы тереңде жатыр. 1925 жылы сол кездегі астанамыз Қызылордада ұйымдастырылды. 1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын көрерменге ұсынып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Театр труппасы 1929 жылы Алматыға қоныс аударды. 1937 жылы академиялық атағын алды. Ал 1961 жылы театрға жазушы-драматург М.Әуезовтің есімі берілді. Ғасырға жуық тарихында бұл театрда көптеген спектакль қойылды. Өнер иелерінің тұтас мектебі қалыптасты. Қазақ өнерінде ерекше қолтаңбасымен көпшіліктің жүрегінен орын алған талай талант иесі осы жерде шыңдалды.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек таяуда ғана театр ұжымы өнер ордасына ұлттық мәртебе беру туралы жағымды жаңалықты тағатсыздана күтіп отырғанын айтқан болатын. Жаңа мәртебе ұжымға үлкен жауапкершілік те жүктейтіні анық. Жылдар бойы жиналған тәжірибе мен ауызбірлігі жарасқан ұжым бұл үдеден шығатынына сенімдіміз.
М.Әуезов атындағы театрмен қатар М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне де ұлттық мәртебе берілді. Бұл ұжымның әрқайсысы мәртебелі құрметке әбден лайық.