Президенттік институтқа – 30 жыл
Президенттік институтқа – 30 жыл

Шығыс пен Батыс арасын жалғаған қазақ елінің болашағы жарқын. Бұл байламды Тұңғыш Президент күніне орайластырып Мәжіліс ұйымдастырған «Президенттік институт: қазақстандық үлгі» халықара­лық парламенттік конференцияда Америкадан келген сарапшы айтты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан форумға биыл Түркия, Сербия, Болгария, Әзір­байжан, Моңғолия, Қырғызстан, Татарстан депутаттары және халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин 2020 жылғы сәуірде Қазақстанда президенттік институт ресми ен­гізілгеніне тура 30 жыл тола­ты­нын хабарлады. Оның ай­туын­­ша, нарықтық қатынастар­дың жолға қойылуы, бір партия­лы жүйенің жойылуы, билік тар­мақтары­ның бір-бірінен тә­уелсіздігі қа­ғидаты Президент ла­уазымын енгізуге алғышарт түзді.

– Осы жағдайда тездетіп тү­бегейлі саяси және экономика­лық жаңғырулар жүргізу, конс­титуциялық құрылымды сақтау және нығайту, азаматтардың құқықтарын, бостандығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туындады, – деді па­лата басшысы.

Ол 30 жылда Тұңғыш Прези­дент Н.Назарбаевтың басшылы­ғы­мен барлық салада кең ауқым­ды реформалар іске асырылға­нына екпін түсірді. Нәтижесінде, экономика тұрақты өсуде, әді­лет­ті әлеуметтік саясат пен қоғам өмірін демократияландыру жүруде.

– Бүгінде заманауи Қазақ­­стан – бүкіл әлемде абырой мен беделге ие, табысты әрі орнықты дамушы мемлекет. Осының бар­лығы – Елбасы көшбасшылығы­ның, оның қоғам сұранысына сәй­­­кес іс-қимыл жасап, озық ре­­формалар жүргізе білуінің және ұлтты биік мақсаттарға же­туге топ­тастыра алуының нә­ти­жесі. Қазіргі кезде Елбасының страте­гиялық бағдарын жалғас­тырған Президент Қасым-Жомарт То­қаев елімізді ары қарай табысты да­мы­туда, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.

Ол республикамызда прези­дент­тік институттың өркен жа­юы­ның негізгі кезеңдеріне тоқ­­та­ла кетті. Қазақстанның бо­ла­шағына көз жүгірткен Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматуллин Елба­сы Н.Назарбаев жариялаған және Мемлекет басшысы Қ.То­қаев басшылығымен жүзеге асып жатқан ұзақмерзімді даму стра­тегиясын халқымыздың бірлі­гінің, болашаққа сенімінің, сон­дай-ақ алдағы жетістіктер мен жеңістерінің ұстыны деп атады.

АҚШ-тағы Атлантикалық кеңестің жетекші сарапшысы Ариэль Коэн Н.Назарбаевтың әлем­де қауіпсіздік пен ынтымақ­тастықтың ерекше ауан-атмос­ферасын қалыптастырғанын мәлімдеді.

– Назарбаев мырза Қазақ­стан­ның орасан әлеуетін іске асы­руға мүмкіндік беріп, оны Ор­талық Азия өңіріндегі жетек­ші экономикаға, өзге елдер үшін өнеге болар үлгілі мемлекетке айналдырды. Қазақстан сыртқы саяси дәстүрін жалғастырып жатқаны қуантады. Шығыс пен Батыс арасын жалғаған бұл елдің болашағы жарқын! – деді А.Коэн.