Төрткүл дүние көз тіккен Қазақстан
Төрткүл дүние көз тіккен Қазақстан
329
оқылды

Қазақстан тәуелсіздігін жа­риялағаннан бері көпвек­торлы саясатқа иек артаты­нын, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты ту етіп ұстайтынын төрткүл дү­ниеге мәлімдеген еді. Со­дан бері «тоғызыншы терри­тория» әлемдік аренада осы ұстанымға берік екенін сан рет дәлелдеді. Қазақстан кө­терген бастамалар халық­а­ралық қоғамдастық тара­пы­нан жоғары бағаланып, қызу қолдауға ие болып келеді. Мұның бәрі, әлбетте Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргіз­ген сындарлы саясатқа бай­ланысты екені анық.

Ядролық қарудан азат әлем

Қазақстанның Тұңғыш Прези­ден­тінің жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қам­тамасыз ету бойынша көтер­ген, сондай-ақ іске асырған баста­малары аз емес. Соның ішіндегі бірегейі әрі елеулісі – Ядролық қа­ру­дан өз еркімен бас тарту. Бұл бас­тама сынақ алаңына айнал­ған қазақтар үшін ғана емес, шар­та­раптың түкпір-түкпірінде шешім қабылдауға әсер етті.

Елбасы 1991 жылы Қазақстан әлеуеті бойынша әлемде төртінші орында тұрған ядролық қару ар­сеналынан өз еркімен бас тартты. Бұл күтпеген қадам еді. Ха­лықаралық ұйымдар бұрын-соңды тарихта болмаған мұндай іс-әрекет тың және батыл бастама деп мойындады. Тіпті, ядролық қаруы бар алпауыт елдердің өзі бұған қайран қалғаны есімізде. Нә­тижесінде, «тоғызыншы терри­торияның» бейбітсүйгіш баста­масы халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып, ядролық арсеналы бар ірі елдер – АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Францияның ядролық сынақтарға мораторий жариялауына себеп болды.

Ядролық сынақтан бас тар­ту және жаппай қырып-жою қа­руларын таратпау бағытындағы Елбасы бастамалары мұнымен бітпек емес. БҰҰ 29 тамызды Ядро­лық сынақтарға қарсы іс-қи­мыл­дың халықаралық күні деп жа­рия­лағаны белгілі. Яғни, ай­тулы да­таның Н.Назарбаевтың Семей по­ли­гонын жабу туралы Жар­лыққа қол қоюымен тұспа-тұс ке­луі бекер емес. Мұны Қа­зақстанның ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселесіндегі маңызды рөлінің мойындалуы деп бағалаған жөн.

Сондай-ақ 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданған Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ дек­ла­ра­циясына да Қазақстан елеулі үлес қосты. 2016 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев төрткүл дүниенің төрелері жиылған яд­ро­лық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит шеңберінде «Әлем. XXI ғасыр» манифестін жариялап, ядролық қарумен қатар жаппай қырып-жоятын қарудың басқа да түрлеріне, оның ішінде БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қаруды жасау және оны жетілдіруге ар­налған ғылыми жаңалықтарды есепке алу реестрі арқылы тыйым салуды ұсынды.

2018 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткенде де жаһандық қауіпсіздіктің әлі де күн тәртібінде екенін та­ғы еске салып өтті. Нью-Йоркте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қа­тысуымен өткен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім ша­ралары» тақырыбындағы өзекті іс-шарада әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылық жан-жақты тал­қы­ланды.

 

Өңірлік даму – негізгі міндет

Еліміз халықаралық және өңір­лік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Елбасының бастамашы бо­луымен іске қосылған ұйым­дар­дың орны ерекше. Осы орайда, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру және Шан­хай ынтымақтастық ұйымын құ­руға Қазақстанның белсене қатыс­қанын айта кеткен жөн. Ал мұндай қадамның әлемдік аренадағы «тоғызыншы территория» беделін арттыратыны айтпаса да түсінікті.

«Қазақстан Қытаймен ше­караға қатысты аумақтық мәсе­лелерін шешіп жатқан бес респуб­ли­каның қатарында ұйымды құру­­дың бастамашыларының бірі ретінде оның бастауында тұрды. Қазіргі басым бағытының бірі экономикалық ынтымақтастықты дамыту болып саналатын біздің ұйым экономикалық және саяси жағынан маңызды әлемдік ойыншыға айналды» деп еске алған-ды Елбасы Н.Назарбаев 2016 жылы Ташкентте өткен ШЫҰ саммитінде.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы кейінгі кезде аймақтық дең­гейде ғана емес, дүниежүзілік ауқымда серпінді түрде дамы­ған көп салалы, жетекші ынтымақ­тас­тық ұйымдардың біріне ай­нал­ды. Қазіргі таңда ШЫҰ саяси дипломатиялық сипатына сәйкес, тұрақты түрде нығайып келеді.

Мәселен, ұйымға мүше мем­лекеттер арасындағы тауар ай­на­лымы жылдан жылға артып келеді. Қытай сауда министрлігінің мә­ліметіне сүйенсек, 2017 жылы Қытай мен ШЫҰ-ға мүше мем­лекеттермен сауда айналымы 214,6 миллиард долларды құраған. Ал 2001 жылы бұл небәрі 12 мил­лиард долларға әрең жететін. Қыр­ғыз елінің сыртқы сауда-эконо­микалық байланысының 71 пайызы дәл осы ұйымға мүше мемлекеттерге тиесілі.

Сондай-ақ ұйымның геогра­фиялық ауқымы кеңейіп, ШЫҰ-ға мүшелікке өтуге ынта білдіргендер саны да артып отыр. Екі жыл бұрын елордада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Үндістан мен Пәкістан ресми түрде ұйымға кірді. Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия байқаушы мемлекеттер болса, ал Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Беларусь, Шри-Ланка және Түркия диалог бойынша әріп­тес елдер ретінде ШЫҰ сам­митіне қатысады.

Елбасы Н.Назарбаевтың та­ғы бір жаһандық бастамасы ретінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру ұсынысын атап өт­кен абзал. Бұл маңызды әрі дер ке­зінде жасалған қадам еді. Н.Назарбаев осы ұйымды құру туралы ұсынысын 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сес­сиясында көтерген-тұғын. Бастама Азия өңіріндегі қауіпсіздік сала­сындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын қалыптастыруға соны серпін берді.

Тұңғыш Президент кеңестің ма­ңызын атап көрсетіп, оны биполярлы жүйенің құлауынан кейінгі күштер теңгерімінің өз­геруі­мен, жаңа елдер мен жаңа саяси субөңір – Орталық Азияның пайда болып, сондай-ақ жалғасып жатқан өңіраралық және жергілікті шиеленістер аясындағы дәстүрлі емес қауіптер мен қатерлердің күшеюімен түсіндірді.

Уақыт АӨСШК процесінің өзектілігін көрсетті. Оның аясында саяси диалогті институттандыру және азиялық мемлекеттерді жаңа саяси жағдайға бейімдеу жүр­гізіледі. Қазақстан және АӨСШК процесін қолдаған мемлекеттер осындай тетік құрудың күрделілігін айқын түсінді. Елбасы атап өт­кендей, бүгінгі күні АӨСШК – тың­ға түрен салған, түрлі жағдайға дайын бірегей форум.

Қазақстан өңірде жалпыазия­лық ортақ қауіпсіздік құрылымын құру бойынша өзінің мақсатты жұмысын жүргізіп келеді. Тұңғыш Президенттің басшылығымен көп­теген жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде, АӨСШК идеядан практикалық және нақ­ты жұмыс істейтін құрылымға ай­налды.

Ұйымның негізін салған мем­лекет ретінде Қазақстан алдағы уақытта «сары құрлықтағы» қауіп­сіздік пен тұрақты даму жо­лында АӨСШК-нің барлық негіз­гі ба­ғыт­тары бойынша ынты­мақ­тастықты дамыта бермек. Себебі мұның бәрі Елбасы ай­қын­дап берген сыртқы саяси басым­дық­тарды қамтиды.

 

Ынтымақтастың жаңа көк­жиегі

Көршілес елдер интегра­ция­лық құрылымдар ұйымдас­тыр­ғанда ғана экономика өрістейтіні белгілі. Бұл өзара ықпалдастықты дамытып қана қоймай, елдің әлеу­етін арттыруға зор үлес қо­сады. Мәселен, Еуропалық одақ секілді ұйымдар осы мақ­сат­та құрылғаны белгілі. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін Елбасы Н.Назарбаев Еура­зия құрлығын қамтитын алпауыт ұйым құру қажетін жете түсінді.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылғы 29 наурызда М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты тең құқылы ынтымақтастығы форматында еуразиялық инте­г­рация идеясын жария етті.

Нұрсұлтан Назарбаев профес­сорлық-оқытушылар құра­мы мен студенттер алдында оқы­ған дәрісінде «Еуразиялық эконо­ми­калық одақ – құлаған Кеңес Ода­ғын көксеу емес, бұл – Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің нақты ұстанымы. Саяси тәуелсіздік сақталады және оған ешкім қол сұқпайды» деген болатын.

Осылайша, қазіргі Еуразиялық экономикалық одақтың іргетасы қалана бастады. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін 2000 жыл­­ғы 10 қазанда елордада өткен сам­митте Қазақстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан мем­лекеттерінің басшылары Еу­р­а­зиялық экономикалық қо­ғам­дастық (ЕурАзЭҚ) құру жөнін­дегі келісімге қол қойған-тұғын. Атал­ған құжатта сауда-эконо­ми­калық ынтымақтастықты ты­ғыз әрі тиімді жүргізудің тұжырым­да­масы бекітілді.

2006 жылы Минскіде болған саммитте мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ-тың базасында Бір­тұтас экономикалық кеңістік жо­ба­сының шеңберінде Кеден ода­ғын құру туралы келісім жа­сады. Оған ЕурАзЭҚ-қа енетін бес мем­лекеттің үшеуі, яғни Қа­зақстан, Беларусь және Ресей кі­руге келісім берді. Соған сәйкес, болашақ интеграцияның жол картасы қамтылып, Еуразиялық экономикалық комиссияның және 2012 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастаған Еуразиялық экономикалық кеңістік негізі қаланды.

Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ 184 миллион тұрғыны бар алып аумақты қам­титын, өмірлік маңызы бар сауда-экономикалық дәлізге айналды. Ұйымға мүше мемлекеттердің сырт­қы сауда айналымы 750 млрд АҚШ долларынан асқан, кірік­тірілген ішкі жалпы өнім бағасы 2 млрд долларды еңсерген. Бұл – Елбасы ұсынған бастамадан түсе бастаған көл-көсір қаржының көзі, бастауы.

 

Беделді ұйымдарға төрелік ету

Әлемде қауіпсіздік пен тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етудің бір­ден-бір жолы – татулық пен өза­ра ке­лісім орнату. Бұл бағыт­та­ғы Қа­зақ­станның дінаралық және өр­ке­ниетаралық диалог өрбітудегі маңыз­ды бастамасы – 2003 жыл­дан бері шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дерлерінің съезі. Өз жерінде түрлі этностар мен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан Нұр-Сұлтанда бір үстелдің басында мұ­сылман, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің қайраткерлерін жинап, өзекті халықаралық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүм­кіндік жасады.

Бұдан бөлек, Қазақстанның жа­һандық ұйымдарға төрелік етуі де Елбасы есімімен тығыз байла­нысты. Мысалы, 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі де «кәрі құрлықтағы» бірқатар мәсе­ленің шешімін тауып берді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұ­рақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі Қазақстанның жер-жаһан­ның қауіпсіздігі мен тұрақ­ты­лы­ғына ерекше көңіл бөлетінін айғақ­тай­ды. Сондай-ақ Сириядағы жағдай бойынша «Астана келіс­сөздері» Шам еліндегі ахуалды жақ­сартуға септесті.

2010 жылдың желтоқсан айын­да Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті бірегей саяси оқиғаға айналды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мем­ле­кеттердің басшылары 1999 жыл­ғы Ыстамбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет ұйым­ның күн тәртібіндегі өзекті мәсе­лелерді талқылауға және ал­да­ғы жылдарға арналған жұмыс бағыт­тарын айқындауға мүмкіндік алды. Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша «Болашақтың энергиясы» деген тақырыпта елор­дада өткен EXPO – 2017 көрмесі энергияның экологиялық таза және жаңартылатын көздерін да­мыту жөніндегі әлем ғалым­да­рының күш-жігерін біріктіруге күш салды.

Қысқасын айтқанда, Елбасы Н.Назарбаевтың жаһандық дең­гейдегі бастамалары халықаралық қо­ғамдастық тарапынан қолдау тауып, әлемдік аренада еліміздің абы­ройын асқақтатты. Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің нәти­жесінде Қазақстан төрткүл дүние мойындайтын мемлекетке айналып, тәуелсіздік тұғыры берік, керегесі кең, болашағы жарқын елге айналды.


Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ