Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері: Қазақтың Туын көкке көтерген азамат
Мырзатай Жолдасбеков,  мемлекет және қоғам қайраткері: Қазақтың Туын көкке көтерген азамат

Нұрсұлтан Назарбаевтың керемет бір қасиеті – бұл кісі тұнып тұрған идеялардың бұлағы

Нұрсұлтан Назарбаевтың керемет бір қасиеті – бұл кісі тұнып тұрған идеялардың бұлағы. Қазірдің өзінде небір идеялары тынбай шығып жатады. Өзі жақын жүретін адамдармен алдымен әңгімелеседі, ой бөліседі. Бір күні табан астында «Астананы көшіруіміз керек» деді. «Қайда?». «Арқаға».

Ел тұттай жалаңаш, жалаң аяқ, жалаң бас. Үш-төрт айдан жалақы алма­ған, зейнетақы алмаған. Қаланы қайдан саласың? Қалай саласың? Жасыратыны жоқ, «Алатаудың баурайында отырмыз ғой. Алатаудай сұлу тау жоқ. Ата-бабамыздың жері ғой мынау. Асты­мыздан су шыққан жоқ. Жұмақтай жерден неге кетеміз?» деп ойладым. Нұрекеңнің тағы бір керемет қасиеті, өз пікірін айтады, оны сен қолдамасаң, әңгімені сол жерде тыяды. Сосын ұмыттырып, сәл бірнеше күннен кейін қайтадан қояды. Өзі жақын жүрген кісілермен сөйлеседі. Пікір жинайды. Сол кезде ол бұл пікірдің піспегенін білді. Бірақ бәрібір осы мәселені бейресми жағдайда күн тәртібіне қоя берді, қоя берді. Сөйтіп жүріп ақыры елдің пікірі осыған ыңғайланған кезде Кеңес отырысының күн тәртібіне шығарды. Біреу олай деді, біреу былай деді. Сонда бір депутат: «Неменеге басымызды қатырып отыр­мыз? Бәрібір ешқайда көшпейті­ні­міз анық. Бүгін – Президенттің туған күні. Оған сыйлық жасайық. Шешім қабыл­дайық. Ол бәрібір ешқайда кетпейді. Мына жағ­дайда қайда көшесіңдер?» деп қалды. 6 шілде болатын. Ал депу­тат­тар қолдап кеп жіберсін. Президент­ке керегі де осы еді. Осы шешім қабыл­данғаннан бастап күн-түн демей, астананы көшіруге кірісті. Астананы көшіру жайлауға киіз үйді жинап апарып, қоныс аудару емес қой. Ылғи ой үстінде жүретін. Осы Ақмолаға талай келіп кетті. Бірнеше қалаға да барды. Сосын бір күні кезекті іссапардан келді де: «Мен Ақмолаға барғанда, Қараөткел көпірінің үстінде тұрып ұзақ ойландым. Дүниежүзіндегі астаналардың дені, негізінен өзен жағасына салынған. Ақмола өзеннің жағасында тұр. Бұл – бір. Екіншіден, бұл – Қазақстанның қақ ортасы. Түбін­де осы қолайлы болады. Жол қатына­сына да дұрыс. Шығыс пен Батыстың да ортасында тұрмыз» деді. Сөйтіп, астанамыз Ақмолаға көшті.

Бір күні рәміздер көшетін болды. Ту көшеді, Елтаңба көшеді. Елбасымыз бәрімізді резиденцияға жинады. Сол жерде көзімізге жас алдық. Рәміздер көшіп бара жатыр. Біз жұртта қалғандай болдық. «Алматыға сыймай кетіп бара жатқан жоқпыз, Алматыны қимай кетіп барамыз. Бұл бізге керек боп тұр. Қазақстанның келешегі үшін керек» деді. Біз ол кезде мән бермедік. Сөйтсек, ол кісі тереңнен, тым тереңнен ойлаған екен.

Сонда Петропавлда, Солтүстік Қазақстан облысында қазақтың үлесі 7-ақ пайыз болатын. Ақмолада да 9 пайыздың маңайында ғана еді. Сол күйі тұра бергенде, жағдайдың қалай өзгере­тінін ашып айту қиын.

Қазақша айтқанда, бізді Құдай сақтады. Елбасының ақылымен, көре­ген­ділігімен Арқа төріне келдік. Дәл осы жерде астананы көшірудің тарихи да, стратегиялық та маңызы зор. Сөйтіп, қазір қарап отырсаң, ең қазағы аз, тіпті жоққа тән қала бүгінде қазағы ең көп қалаға айналды. Бұл біздің ешқайсысы­мыз­дың ойымызға келген жоқ.

1991 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентін сайлағаннан кейін бұрын-соңды болып көрмеген оқиға – инау­гура­цияны өткіздік. Инаугурация рәсімі аяқталып келе жатты. Бәрі де жиналған жұртшылықтың көкейінен шыққандай. Сөйтіп тұрғанда... Сол сәтті есіме алсам, әлі де жүрегім атқақ­тап соға жөнеледі. Иә, сөйтіп тұрғанда сахна төріндегі мем­лекеттік Ту көз алды­мызда қисайып бара жатты... Кенет, о құдірет, әлгі құлап бара жат­қан Туды Президент бір қолы­мен қа­ғып алғаны!.. Ту сыртында тұрған Ту­дың құлап бара жатқанын қалай көріп қал­ғаны, соны қалай ұстап үлгергені таң­ға­ларлық. Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл – жай адамның ісі емес. Сол оқиғаның символдық мәні бар сияқ­­ты болады да тұрады. Нұрсұлтан Назарбаев шынында да қазақтың жы­ғы­ла жаздаған Туын қайта тіктеген аза­мат.

Мемлекет басшысы ел билігінің басында 30 жыл отырды. Сол жылдар ішінде барлық қиындықтар мен ауыртпалықтарды мойымай көтерді. Көптеген жеңістерге қол жеткізді. Қашанда халқымен бірге болып, барлығын елімен бірге көріп, өткерді. Шындығында, бүгінгі тәуелсіздік үшін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына қарыздармыз. Елбасы мәңгі есте қалатын істер істеді. Қазақ елінің егемендігі, жаңадан салынған астанасы, Әнұраны мен Елтаңбасы, көк Туы, осының бәрі – Мемлекет басшысының мәңгілікке жалғастырып кететін, есімін ел есінде қалдыратын істер. Болашақта да осының бәрін Елбасының атымен тікелей байланыстыратын боламыз. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті бола жүріп, қазақ елін әлемге танытты. Жер-жаһан елі­мізді Елбасы арқылы білді. Ол – бола­шаққа жол ашқан алғашқы басшы­мыз. Биыл тарихи шешім қабыл­дап, өкілеттігінен өз еркімен бас тартты. Бұл тарихи шешім – Елбасының көрегендігі, даналығы. Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты сақтап қалуды мақсат тұтты. Ұзақ ойлана келе, осындай шешім қабылдады. Өкілеттігін тоқтата отырып, қызметін Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсырғаны көңілімізді орнықтырғандай болды. Сондықтан барша­мыздың осы кезеңде ел бірлігі мен тәуелсіздікті сақтау сынды мін­детіміз һәм мақсатымыз бар. Елбасымыз бізге Мәңгілік ел идеясын аманаттағандай болды. Сол аманатқа қиянат қылмай, адал болуымыз қажет. Нұрсұлтан Әбішұлымен 1998 жылы Көкшетау өңі­ріндегі Айыртау баурайында, Қара­сай батыр жерленген төбеге бірге барып, сапарлас болған едік. Сол жерде жүрек тебірентіп, көңіл толқытатын талай әңгіме айтылған болатын. Былтыр 14 шілдеде Абылай хан алаңында Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын ашық аспан астында тамашаладық. Елбасының жанында Асанәлі Әшімов бар. Бәріміз бір қатарда отырған едік. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының кішіпейілдігі, қарапайымдылығы қайран қалдырған. Менің не істеп жүр­ге­німді, Көкшетауға кетіп қалға­нымды біліп отыр екен. Таңғалдым. Елбасына бүкіл қазақ халқы риза. Амандығын тілейміз. Ел бірлігін сақтау, халықтар арасындағы достықты нығай­туға баса мән беретін. Енді сол ізін әрмен қарай жалғауымыз керек.