Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламент Сенатының депутаты: Елбасы. Ел тәуелсіздігі. Ел ертеңі!
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламент Сенатының депутаты: Елбасы. Ел тәуелсіздігі. Ел ертеңі!
153
оқылды

Әрбір мерекенің өзіндік қоғамдық-саяси және дәстүрлік-рәсімдік маңызы бар. Соның ішінде, жалпы халық болып тойлайтын, ел тари­хында маңызды рөл атқарған, бұл күнді асыға күтетін, алдын ала дайындалатын, ерекше маңызы бар оқиғаға арналған мемлекеттік мерекенің орны ерекше. Сондай мерекенің бірі – 2011 жылы Парламент депутаттарының бастамасы бойынша қабылдан­ған «1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні» мерекесі.

Осы заңды қабылдау барысында депу­таттар: «Аталған заң 1 желтоқ­сан­да аталып өтілетін – Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті күнін бел­гі­­леу мақсатында әзірленді. Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бір­лігін, Конституциясын, адам мен аза­маттардың құқықтары мен бос­тан­дығын қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы болып табылады. Осыған орай, қабылданған заң мемлекетіміз­дің азаматтарының отаншылдық рухын арттыра түсетін болады» деп атап көрсеткен болатын.

Тәуелсіздік тарихының парақта­рын ақтарып көрсек те, еліміздегі президенттік басқарудың тиімді болғанын, президенттік басқарудың арқасында ғана жаппай ыдыраудың алдында тұрған, алғашқыда тәуел­сіз­ді­гіміз сөз жүзінде ғана болған, яғни терең құздың тұсына келген елді қа­зіргідей деңгейге жеткізу мүмкін бол­ғандығы әбден дәлелденді. Сон­дықтан да президенттік басқару­ға алғашқы жол салған, сол күні бүкіл халық болып ел тізгінін өзінің Тұң­ғыш Президентіне сеніп тапсыр­ғаны ел тарихындағы маңызды оқи­ғаға айналды. Бұл күн осынысы­мен де тарихи маңызға ие болды.

1991 жылы 1 желтоқсанда қазақ­стандықтар өздерінің Тұңғыш Прези­дентін сайлады, оған ел тәуел­сіз­дігін аманат етті, сенім артты, жауапкершілік жүгін арқалатты. Халық өздерінің көшбасшысынан не істеу керектігін білетініне, елді адас­тыр­майтынына, тура жолға бастай­тынына сенді.

10 желтоқсанда ант беру рәсі­мі­нен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев: «Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көн­ген халықпыз. Ежелден еркіндік­ті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жинап, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын тіге бастадық. Қазақ Республи­касының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бірауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабамның аруағы­на сүйенемін» деп ағынан жарылды. Тарихтың сол бір бұлтарыс­ты кезе­ңінде өз Көшбасшысын дұрыс таң­дай білген қазақстандықтар да өздері сенім артқан ердің елді адас­тырмай дұрыс бағытқа жетеле­ге­ніне бүгінгі күні көздері жетіп отыр. Халықтың басым көпшілігінің сол кезеңде қате­­леспегеніне қазір шүкіршілік етеміз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың мемле­кет басшылығындағы айрықша бір өзгешелігі халықаралық, ұлтаралық мәселелердің шиеленісін, шешуін асығыстыққа салмай, арандататын пікірлердің ығы мен ырғағына жы­ғыл­май, әліптің аяғын баға отырып, сабырмен, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешуінде болды. Елбасы өзінің жетсем-ау деген саяси және ұлттық биік мақсат­та­рын әрдайым есінен шығарма­ғаны­мен, соған жету үшін жалаң ұран­ды жамылып, жақсы атақ алуға қы­зықпады, қолдан келетін нақты мүм­кіндіктерді ғана түгел пайдала­нып, эволюциялық жолмен тұрақты жылжи бергенді дұрыс көрді, даму­дың қазақстандық жолын іздестіріп, сол бағытта жүруді таңдады. Бірақ қазақстандық жол басқа жолдардың ешқайсысын жоққа шығармайды, керек етсе қажетін алады.

Дамудың өзіндік жолы таңдалса да мемлекет тәуелсіздігі өзімен бірге ше­шілуі қиын мәселелердің тұтас то­бын да ала келді. Жаңа Қазақ­стан­ды қалыптастыру жолындағы басты кедергі тоталитарлық өткен күннің кернеуі кете қоймағандығы болатын. Ол мемлекет пен қоғам өмірінің көптеген қырларын белгілі бір дәрежеде айқындап жатты. Мұның өзі шаруашылық жүргізу мен бас­қа­ру­дың ескі тәсілдеріне бой ұрушы­лық­тан ғана емес, халықтың басым бөлігінің бойға біткен енжарлығы­нан, өкімет асырайды ғой дейтін сенімінен де танылып жатты. Көзге көріне бермейтін бұл кедергілерді еңсеруге де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың байсалды саясатының арқасында қол жеткізілді.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз­дік­тің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде біліксіз­дік­ке, әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра алды, бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар­ шешімді қабылдауға қол жеткізді. Елба­сының өз сөзімен айтсақ, «кей­де адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді». Яғни, Елбасы Н.Назарбаев билік үшін күрестегі батыл­дық пен билік басындағы батыл­дықтың екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білді.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіз ел тарихында, оның өркенді дамуы жолында өте ауыр тиетін реформа­лар­ды тиімді жүргізді, қажет болған кезде қолайсыз төтенше шараларға дейін барды. Елбасының мұндай ұстанымына қарсы шыққандар да, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп орынсыз сынағандар да болды. Бірақ ол өзіне сенім артқан, жауапкершілік жүгін артқан халқына сенді, тек ха­лық­ты ғана бас сарапшы деп таны­ды, ең қиын сәттерде тек халық­қа ғана жүгінді, өзінің қызметтесте­ріне: «Сынға назар аудармаңдар! Егер біз табысқа жетер болсақ, халық бізге баға береді, сол кезде барлық сын бос сөз болып қалады да, біз үс­тем болып шығамыз. Табысқа сеніп жұмыс істейік, табыс сонда келеді» деп айтудан шаршамады.

Елбасының әлемдік деңгейдегі қабілетіне, саяси іс-қимылына, тиянақты шешіміне, құрдымға кете бастаған экономиканы алға жыл­жыту жолындағы тиімді саясатына, уақыт талабына қарай ойластырыл­ған әдіс-тәсілдеріне, стратегиялық ұстанымдарына қапысыз сенген қазақстандықтар өзінің Тұңғыш Президентіне, тізгін ұстаған ел бас­шы­сына әрқашан қолдау білдірді, қолдау білдіріп те келе жатыр. Тізгін­нің сенімді қолға тиюінің арқасында ел жаңарды, дәулетіміз толыса түсті.

Мемлекеттің, оның басшы­лы­ғы­ның қандай саясат жүргізуіне, қан­дай бағыт және жол таңдағанына сәйкес саяси құрылым, саяси жүйе, саяси билік түрі орнайды. Аталған саяси жүйе мен билік түрі және елдің саяси бағыты жаңадан тәуелсіздік алған елдердің таңдаған даму үде­рі­сіне және сол елдің басшылығы­ның жүр­гізген саясатына байланысты қалып­тасады. Сол сияқты тәуелсіздік алғанына 20 жыл толған Қазақ­стан­ның да жаңа мемлекеттілікті қалып­тастырудан бастап өзіндік мемлекет­тік құрылыстағы, әлеуметтік-эконо­ми­калық дамудағы, елдің қоғамдық өмірінің кезең-кезеңімен демокра­тия­­ландыру бағытындағы қазақстан­дық жолы қалыптасты.

Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақ ұрпақтың бақыты үшін Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Артылған жүкті абы­рой­мен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жүзеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы аталған аса маңызды мақсат-міндетті шешу тұрғысында Елбасы Н.Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам – тәуелсіздік­тің алғашқы күндерінен қалана баста­ған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді.

Қазір тәуелсіз қазақ елінің тари­хы жасалды. Бірақ оны қазақ елінің Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкіл ха­лық­тық сайлаудан кейін қолға алған бас­шылық қызметінсіз көзге елес­те­ту мүмкін емес. Өйткені тәуелсіз­дік қарсаңындағы және тәуелсіздіктің сан қырлы соқпақты жылдарындағы оның тізгінін ұстаған Мемлекет бас­шы­сы, оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарған қызметінсіз тәуелсіз ел тарихының парақтарын жазып шығу мүмкін емес. Өйткені бұл тарихта тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, іргесін кеңейткен, оны әлем елдері мойындаған мемле­кет­ке айналдырған, онымен санасуға мәжбүр еткен Қазақстанның Прези­денті, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаң­басы, қабыл­да­ған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, саяси қызметі, өзіндік дара жолы жатыр.

Тәуелсіздіктің бастауында бол­ған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ертеңін айқындады. Елбасы. Ел тәуелсіздігі. Ел ертеңі. Үш сөз. Бір-біріне етене жақын, бір-бірін толық­ты­ратын, өзара сабақтас сөздер. Тәуел­сіздік десек, ең алдымен оның бастауында болған, оны нық сенім­мен алға апарған, тәуелсіз ел мем­ле­кет­тілігінің негізін қалаған Елба­сы ойға келеді. Елбасы десек, қиын-қыстау кезеңде ел басқарып, оны бар қиыншылықтан алып шығып, бүгін­гі өркенді дамуға жеткізген Елбасы мен ел ертеңі тағы да алдымыздан шығады. Ел ертеңі де өз халқы Елба­сы деп атаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басшы­лы­ғын сабақтастық үрдісімен байла­ныс­тырады.

Мемлекеттік мереке ретінде ата­лып өтілетін «1 желтоқсан – Тұң­ғыш Президент күні» қарсаңында бұл мерекенің маңыздылығы мен оның тікелей себепкері Тұңғыш Президен­ті­міз­дің мемлекет алдында сіңірген орасан зор еңбегін атап өту өте орын­ды болмақ.

Президент күні мерекесі басқа елдерде де бар. Оның тамыры 1782 жылдың ақпан айынан басталды. Осы жылы 22 ақпанда Вирджиния шта­тының Ричмон қаласының тұр­ғын­дары алғаш рет ресми түрде АҚШ-тың тұңғыш Президенті Джордж Вашингтонның туған күнін атап өтті. ХІХ ғасырдың басына дейін бұл күн ерекше ұйымдасты­рыл­ған балл мен жиындарда атап өтілді, көрнекті тұлғалар сөз сөйледі. Ал қарапайым тұрғындар көшелер мен барларда тойлады. Бұл күні сау­да-саттық та қарқынды жүрді. 1885 жылы бұл күн ресми түрде жал­пы­­­ұлттық мереке болып жария­лан­ды.

Кейбір елде император күні де тойланады. Мысалы, Жапонияда іс басындағы императордың туған күні мемлекеттік мереке ретінде той­ланады. Бұл халықтың импе­ратор­ға деген құрметінен туған. Мұндай мере­келерді басқа да елдер­дің тари­хы­нан кездестіруге болады.

Қорыта айтқанда, «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» ел тари­хындағы маңызды оқиғаны білдіре­тін мереке ретінде тойланады. Бұл біздің Тұңғыш Президентімізге, ел тарихына және тәуелсіздігімізге деген құрметіміз болмақ.